24.02.2022
  396


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«...БҮГІНГІЛЕР ЗАМАННЫҢ ТАМЫРЫН ЕМЕС, «ҚАМЫРЫН» ИЛЕП ЖҮР...»

 


1. Атыңызға қарап-ақ отбасының тұңғышы екеніңізді байқаймыз. Бала Тұңғышбай қандай еді?


 



  • Мен отбасының тұңғыш нәрестесі ғана емес, атам мен әжемнің де тұңғыш немересімін. Үлкен үйдің еркесі болдым дей алмаймын, ата мен әженің меншігі ретінде өз әке- шешеме жолай алмағандықтан, олардың мейіріміне молынан шомылдым деп те айта алмаймын... Керісінше, әжемнің есті ертегілері мен жұпар иісіне тұшынып өстім. Тұңғыш бала болғандықтан, көбіне өзіммен-өзім ойнайтынмын, саяқ жүретінмін. Жарық дүниемен жалғыз өзім сырласатынмын, ыңылдап әндететінмін, кейін шатпақтап өлең де жаздым, домбыраға үйірсектедім. Арманшыл, қиялшыл болдым. Әкем теміржол құрылысшысы еді, содан болар, разъезден-разъезге жиі-жиі көшіп-қонатынбыз, жиі мектеп ауыстыратынбыз, шамамен он бір жылдықты он бір мектепте оқып бітірдім- ау деймін. Тентектікке баруға, бала болып бұзықтық жасауға сыныптастардың жиі өзгеретіндігінен қолым тимеген болу керек, жақсы оқушы ретінде ерте танылғаным да сондықтан шығар... Әйтпесе, қазақтың көп қара баласының мен де бірі едім. Бұл жайлы алғашқы кітабым «Назда» жақсы


 


әңгімелейсіз дейді ол кітапты оқығандар... Әйтеуір «кейін кірген ақылмен» ойдан құрастырылған күнделік емес, оқылуы оңай, мазмұны онша жаман болмаған соң, сондай баға берілген шығар...


 


2.              Әңгімемізді       өнер      жолындағы      алғашқы қадамдарыңыздан бастасақ.

 



  • Осы сұраққа жауап бере-бере ұят болды. Бәрі біледі ғой... Ол ұзақ әңгіме, былай болған деп қысқа қайыруға қимайсың, оның үстіне бүкіл өміріңнің өлшемін атүсті әңгімелеу – қатігездік... Өнер деген өлшемге еріккеннен келмегенім ақиқат. Басқа оқу орнына өресі мен өзегі жетпегендердің


«тілің таза, көзің қыли болмаса, түсіп кетеді екенсің» деген қауесеттеріне құлағандықтан келмегенім де ақиқат. Тәп- тәуір оқып жүрген техникалық жоғары оқуымды «оқи алмағандықтан», күрделі емтихандары мен сызу-сызбаларын есептей алмағандықтан, немесе сызбалы геометрияның, квантты физиканың, жоғары математика мен сопроматтың, механика теориясының, металдар технологиясының теоремалары миыма кірмегендіктен тастап кеткем жоқ, саналы түрде өнер еліне ат басын тірегем... Қалап келгем, білегіме емес, жүрегіме балап келгем... Жолым мен бағым ашыла қоймаған театр босағасындағы бес жылда, тастап кеткен техникалық институтыма қайтсам ба деген ойдың болғаны да рас... Әгәрәки, менің бағыма келген «Қан мен тер» фильмі болмағанда, ол «арам» ойымның іске асуы әбден мүмкін еді... Адам тану – азапты іс екені қандай хақ болса, актердің де өмірінің болжамы мен аужайын тап басу сондай хақ, әрі қатерлі... Еленбей кетуің, «көшке ілінбей» қалуың, хақтан бетер хақ. Бірақ кім білген, кете алар ма едім, алмас па едім. Өнерге келу де ерлік, орныңды таппаған соң, кету де ерлік! Тәуба, Құдайдың көзі оң болып, менің жолым болды... Алғашқы «ерлігім» өтелді! Отызымда Тәңірберген, отыз жетімде Әбілқайыр хан, қырық екімде Қайырхан, қырық бесімде ата театрдың тізгіні, қырық жетімде Құнанбай, қырық тоғызымда Абылай хан, елуімде Адам Ата (Ғ.С.), елу екімде Кир патша, елу бесімде Ақсұңқар ұлым, елу сегізімде Аққу қызым келді дүниеге, елу тоғызымда өнертанудан диссертация


 


қорғадым! Алпысымда «Адасқандар» фильмінде Жәбірейіл пайғамбардың әлеміне енуге мүмкіндік туды... Шүкір, табан ақы маңдай тер талай оттан аман алып шықты, тереңге батырды, талай биікке жеттік. Еңбегіміз еленді, ешкімнің


«көлеңкесінсіз», ешкімге «иілусіз», «күйеусіз», «рулассыз», ешкімге «доссыз», ешбір «сүйеусіз», «ащы сусыз», дәрі- дәрмексіз, жарбаңсыз, ырбаңсыз...


 


3.  Қазіргі заманғы драматургия жайлы не айтасыз?

 



  • «Жоқ» деп айтқан жөнсіздік, ал драмадай асау ат көп адамға жалын ұстатпай жүргені де ақиқат. Пьеса жазу диалог құрастыру емес, уақиға құра білу де емес. Отыз беттік драма, үш жүз беттік романның ауыр жүгін көтерер зіл батпан. Өзімізден өзге елдің өрелі туындысын тілге тиек етсең, өзегіңе шоқ түседі, бірақ амал қанша... Чеховтың пьесаларын оқығанда, бір қарағанда, ешнәрсеге қатыссыз көрінетін қарапайым сөз тізбегінің астында астарлы өмірдің аласапыран қақтығыстары қалай көмкеріліп жататынын байқамау мүмкін емес. Сырт көзге ешқандай уақиға тізбегі жоқ сияқты, кейіпкерлер тіптен басқа әңгіменің шылбырын ширатып отырған сыңайлы, алайда, тұспалды ой мен уақиға желісі судың бетінде емес, астында, тереңдегі иірімнен ағып жатқанын сезесің. Бадырайтып ештеңе айтпайды, бірақ бұрқыраған әрекеттер тартысы, буырқанған уақиғалар желісі көрерменді жіпсіз байлап, тырп еткізбей тұсап тастағандай. Ал біздердегі айтар ойдың бәрі ерін ұшындағы сөзге жабысып, сорпаның бетінде қалқып жүрген жүрек айнытар кілкіген май сияқты бетінде жүреді, кейіпкерлер өз сөздерімен енді не болатынын, немесе баяғыда не болғанын, немесе сахнаның сыртында өтіп жатқан уақиғаны сарнаты- еп отырғандары. Сосын бұрынғы өткен заманды уайымдап, қайғырып жылап, жұрттың көңілін босатуды негізгі мақсат тұтып, «көкіректері қарс айрылып, аһ ұрып» жүргендері. Сахнадағы уақиғаны сөзбен айтып шығу драманы ширықтырады деп қатты қателесеміз, өтіп жатқан уақиға сол сахнада, көрерменнің көзінше өрбігені жөн, драма сюжеті сахнада актердің аузымен айтылса – онда ол баяндау. Баяндау басқа жанр, сахнада әңгіме айту емес, әрекет ету,


 


тура өмірдегідей сүру керек, сонда ғана көрерменнің іші пыспайды, есінемейді. Өмірде болған тарихи оқиғаны өзек еткен пьесаның жөні бөлек, дей тұрғанмен тарихты нақпа- нақ, тап сол күйінде жазып шығу да драма жанрының көсегесін көгертеді деп айту қиын... Онда ол драмадан гөрі деректі хроника болып шықпай ма... Хроника да – өнер туындысы, алайда пьеса емес. Пьеса – көркем шығарма, хроника – дерек. Тарихи уақиғаны пьесаның тақырыбы ретінде таңдағанда, оның көркем шығарма талаптарына жауап бере алатындай тұстарын ойлай бермейміз... Тағы да табандап айтатын бір мәселе – пьеса, драма белгілі бір автор жазған әдеби жанр ретіндегі бөлек әдеби көркем шығарма, ал спектакль сол пьесаның ізімен театр режиссерлері мен актерлерінің авторлығымен жасалған бөлек сахналық көркем туынды. Осы ерекшелікті ұққысы келмейтіндер екі жақтан да, авторлар мен театр қызметкерлерінен де табылады. Сол себептен де аяғы жер иіскемейтін, жұртқа ақыл үйретіп, мезі қылатын, көркемдік шындықтан аулақ сахналық қойылымдар дүниеге келіп жатады. Бұл қалай, неге бұлай болды деген сауалдың төңірегінде «мына баланы сен таптың ба, мен таптым ба» деп, бір-бірін кінәлап әлек. Бірі автордың жазғаны осы деп қашқақтайды, екіншілері театрдың бары сол болды деп сырғытады. Пьесаның негізінде жасалған, өзге пошым мен астарға «ауыстырылған» өзге көркем шығарма-спектакльді көріп, «не бүлдіргенсіңдер» деп, ер- тоқымын бауырына алып тулаған, «айналайындар, ештеңе ойнамай-ақ, менің сөздерімді айтып шығыңдаршы» деп өрекпіген талай авторларды білеміз... Театр тек сөз айтып шығатын орын емес, оны жаттап айтуды бірінші сыныптың оқушысы да біледі... Бұл – өзін бірінші, ал театрды екінші санайтын ақылсыз, білімсіз демей-ақ қояйық, жұмсартып айтқанда қызғаншақ авторлардың амбициясы. Автор мен театрды сапқа тұрғызып, әскердегідей «бірінші, екіншіні» санату – шығармашылық әлемнің тірлігі еместігін түсінген дұрыс болар...


 


4.   Заман ағымына байланысты көрермендер де өзгеріп отырады. Соңғы буын көрермендеріне көңіліңіз тола ма?

 



  • Соңғысына көңілім толмайды. Әсіресе, ұстаздары театрға «қуып» әкелетін бүлдіршін жастарға. Спектакль басталарда, көрермен залының жарығы бәсеңдей бастаса- ақ болды, ысқырып, дауыс көтеріп дабырлай бастайды. Ұялы телефондарының жарығын қосып, айқыш-ұйқыш сілтеп, көрермен залын бейнебір стадионға айналдырып берекесін кетіреді. Бұл нағыз мәдениетсіздік, әдепсіздік, тексіздік. Театр – құдіретті де қасиетті мекен, онда білек емес, жүрек «іске» кіріседі. Жүрек – нәзік, әрі кінәмшіл, секемшіл. Сахна өнері – спорт емес, сүйрікті сезімнің лебі, сұлулық пен тазалықтың әлемі. Сахна өнері деп мен, КВН мен сатираны айтып отырғам жоқ, шынайы театрды меңзеп отырмын. Жоғарғы екеудің де өмір сүруге хақысы бар, қайткен күнде де, қылжақпастық хас өнерден басқа өлшем мен ендікке орналасқан, олардың өз көрермендері болады. Сондықтан, залға жиналған көрермен қайда отырғанынан хабардар болғаны жөн. Қол шошайтсаң күле беретін, мөңіресең де шапалақ ұратын, шикі мен пісіліні талғамай асай беретін, арзан мен қымбаттың ара жігін ажырата алмайтын көрерменнің көптігі ұлттың өресін төмендетеді. Өресі төмен елдің тамыр-тегіне сызат түседі. Таза өнер мен базардың, терең мен саяздың ара жігін ажырата алмау – көрерменнің өзіне сын екенін ұғыну керектігін айтсам қатты кетті демессіздер. «Қазақ десең – өзіңе тиеді», өзімізге де обал жоқ, не болса соған далақтап, анау да жұлдыз, мынау да құндыз деп, шикі түсті, шала істі жас өнерпаздарды өтірік алқалап жалмаңдатып, аузынан бір нақыл сөз шықпаған, сақалы күнге ағарған жасамысымызды «алаштың азаматы» деп төбеге шығарып тайраңдатып қойған!


 


5.  Футболшының ойынды қойған соң бапкер болатыны сияқты, актёрдің режиссерлікке көшетінін көріп жүрміз. Сіздің де «Турандот ханшайым», «Томирис», «Қазақтар»,

«Аршин мал алан» сынды қойылымдарыңызды жұртшылық тамашалады. Болашақта көрерменге тағы қандай дүниелер ұсынбақсыз?


 



  • Ұсынатын «құқым» болса, ұсынарларым да, тұшынарларым да көп қой. «Қайран сөзі қор болғанның»


 


тізіміндемін десем не дер едіңіз... «Бастығың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» дейтін қазағым қандай ақылды! Бірақ мен бір көзімді қыса алмай әлекпін. Театрдағы бастықтардың соқырлығынан ойымдағы дүниелер жарық көре алмай, арманда кетіп барады... Кім біледі, «біздің көшемізде де той болар» деген орыстардың үмітті нақылы бар ғой, театрға жаңалықтар келіп жатыр, еленерміз, ескерілерміз дегендей... Біраз ой-армандарымызды айттық, қайсысына «қазаншының» ықыласы ауады, Аллаһ біледі... Олардың ішінде Шекспир, Лопе де Вега, Назым Хикмет, Тахауи Ахтанов бар...


 


6. «Театр – мен үшін қасиетті қағба» деуіңізден-ақ, театрды бәрінен жоғары қоятыныңыз аңғарылады. Әлі күнге дейін орыс театрының салып берген жолымен келе жатқан қазақ театры өз жолын, қазақы бағдарын айқындауы үшін қандай қадамдар жасалуы қажет?

 



  • Алдымен Ұлы Мәртебелі Өнерге мемлекеттік көзқарас керек. Өнерпазды сайқымазақ ретінде кемсітіп қарайтын шенеуніктік көзқарастың көзін жою керек, ондайларды биліктен қуу керек. Өнер ұлттық идеологияның өзегі екенін ұққан күні оның ұлттық жолы, қазақы бағдары өз- өзінен айқындалады. Сонан соң өнер тізгінін билік ретінде ұстаған бүгінгі шенділер аренадан кетуі керек. Өнерге билік жүргізуге болмайды, оған аялы алақан, қамқорлы қаупай, өрелі білік, тұлғалы тұрпат, суреткерлік қуат, иманды ұят керек. Биліктің бишігіне иелер, қағынан жеріген құлан сынды өзгенің қаңсығын таңсықтанып, Безруковтың театрын, Крутойдың қыртын, Потап пен Настяның «намазын» төрге шығарып, өз ұлтының өнерінен үстем санаған соң, «қайтып адам болайын»! «Сахнадан сәлем» деп сәнді аталған сол мерейтойға алмағайып шақырылған Әуезов атындағы ата театрдың, өзге өлкелердегі өнер шаңырақтарының үкілеп әкелген қойылымдарына, тіпті олардың бар-жоқтығына пысқырылмаған соң, «қайда барып оңайын»! Сол дүрбелеңде өзгенің өнерін тықпаламай, өзіңнің асылыңды асқақтатса болмас па... Мәскеудің қайсыбір театры «байғазылыққа» әкелген А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуіне» қосарлап,


 


мысалы,   Әуезов   театры   әкелер   болар   Ә.Кекілбаевтың


«Абылай ханын» да тойшыларға көрсетсек, қай жері кемдік етер еді! Өткен ғасырдағы іріп-шіріген Ресейдің реңін жоқтаған, «Мәскеуге! Мәскеуге!» деп ұрандаған орыс қыздарының қыжылы қазақтың қай жеріне шікәнә! Жоқ,


«ауылдастың аузы сасық», Мәскеуге, Лондонға, Брюссельге, Бернге бейілміз... Қашсақ та сонда, тасысақ та сонда тасимыз! Талғамы асып, білімі «биіктеп» кеткендері сонша – Қаллеки театрының төрінен бірде-бір шенеуніктің толысқан төбесі көрінбеді, амал не. Қайтеді, «қаға берісте» қағып кеткен қаржысына Ла Скалаға барып, жоғарғы санаттағы әуенге ұйып, «ұйықтап» келмей ме одан да. Бір ғана шүкірлік, осы ашуыма тосқауыл, базынамның бәрін ұмыттырады – әйтеуір Елбасымыздың қазақы қаны сұйылмаған, өз ұлтын есепсіз сүйеді, ұлттық өнерге жүрегінің бүлкілі қанық, халықтың мұңды һәм сырлы әндерін тамылжыта салғанда, қосылып шерленгің келеді, арсыдағы ата-бабаның арманы орындалғандай күй кешесің...


 


7.    Өзіңіз айтқандай, артистердің арасынан шыққан алғашқы һәм жалқы ғалымсыз. Ғылым саласына қаншалықты үлес қостым деп ойлайсыз?

 



  • Ғылымға үлес қосу үлкен сөз. Талдауыммен таныс болғандар ол еңбегімді үлес деп таныса қанағат. Өзімде ондай ой жоқ. Не істеп жүргенімді ұққым келіп, актерлік өнердің қыр-сырын теориялық тұрғыда өзім үшін зерделедім. Өнерге еріккеннің ермегі, ойыншық ретінде қарамай, ғылыми тараптан таразылаған жөн екендігін «әртіс те адам ба» деп кекететін қайсыбір мысқылшыл қазаққа дәлелдегім келді. Сол жылдары сахнадан нахақтан сырттап қалған кезеңімнің орнын толтырып қана қойғам жоқ, төңірегімдегі топастыққа көзімді аштым, онымен ой-күресті одан сайын күшейттім. Жүйеленбей жүрген білімімді реттегендей, тиянақтағандай болдым, білмесімнің жетіп артылатынына көзім жетті. Өзгені қайдам, өзім рахат шектім. «Бір өлім бары рас, тек қасапшы бауыздаса екен» деген ақ ешкінің арманын ұқтым. Сыншымын деп шіреніп жүрген кейбір міншіге жаным ашитын болды.


 


8.   «Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, «Тамаша» ойын-сауық отауының қашан да жүрегіңізге жақын екенін білеміз. Әйтсе де, кезінде аты дүрілдеген «Тамашаның» бүгінде өзге әзіл-сықақ театрларының көлеңкесінде қалып қоюына не себеп? Бауыржан Ибрагимов эстрада артистерінің одағын құрыпты. Мұның аталмыш жанрдың дамуына қаншалықты әсері болмақ.

 



  • Ең негізгі себебі – өнер мен өренің, оларды таразылай білетін білімнің бір өлшемде теңгерілмеуі, Суреткерлік пен ақшаның сыйыспайтын алшақтығы. Жараспайтын әзіл мен жанаспайтын оспақты өнерге араластырған соң, ауыздағы арзан сөздің әрі кетеді. Сонан соң, қалай десеңіз де, орны толмайтын кісілер демей-ақ қояйын, нәрселер болады. Ол


«Тамаша» енді қайтып келмейді! Құдайберген «тіріліп», мен қайта атқа қонып атой салсақ та, тура сол кездегідей болмайды! Кезең басқа, өзен басқа... Біз сол заманның тамырын тап басқанбыз... Бүгінгілер заманның тамырын емес, «қамырын» илеп жүр... Қайдан білейік, ол жанрға ат басын тірегендердің «жалт етіп, жоқ болғандарының» саны артып барады, кім білген... Одақ бола ма, басқа бола ма, тек сол «жалт етер де, жоқ болудың» теориялық себеп-салдарын зерделеуге ақыл-білімдері жетсе бопты да...


 


9.      Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы түлектерінің көпшілігі асабалықпен айналысып жүр, неліктен? Жалпы, осы оқу орны туралы ойыңызды білсек.

 



  • Неліктен деріңіз бар ма, себебі көп қой, мен тек маңыздыларын айтайын. Біріншіден, актерлік шеберлікті оқыту жүйесі қарабайырланып кеткен. Теория мен тәжірибе ғылыми өлшемде қабыспайды. Көбіне сахна иісін сезбегендер немесе тәжірибесін ғылыми зердеге сала алмайтындар сабақ береді. Өнерге ұстаздық ету – аса жауапты да ауыр нәрсе. Атағынан ат үркетін, кезіндегі керек десеңіз, кеңестердің халық артисі атағын алып, сахнада айшықты қызмет еткен қабырғалы актеріңіздің кез келгені ұстаздыққа жоқ. Ұстаздық – ерек құбылыс, жазушылардың бәрі бірдей драматург бола алмайтыны қандай ақиқат болса,


 


кеудесі аяққаптай кез келген актер ұстаз бола алмайтыны сондай ақиқат. Алайда, мұны мойындайтын парасат иелері аз. Шәкіртті оқытатын, елітіп соңыңнан ертетін, ұлы өнерге тәнті етіп ұйытатын атақ-даңқ, алыпсоқ кеуде емес, білікті пәтік, сонан соң ұстаздың жеке басының тұлғалық тұрпаты. Өнер – әуейі әлем, оның бақ құсының көзі төбесіне орналасқан, тіпті соқыр десе де болғандай, кейде кім көрінгеннің иығына қона салады. Ондай «аузының салымы барлардың» өнер тәжірибесі оңай, атақ-даңқты қалпағымен қағып алған, яғни «бел ауырмай, маңдай терлемей» келген бедел. Ондайлардан ұстаз шықпайтыны бесенеден белгілі, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Шәкірттерді әу бастан білімдарлыққа, сахна құдіретіне, сезім сиқырларына табындыруға бейімдемегендіктен, сіз айтқандай орынсыз ыржаң мен арсыз асабалықтың аулынан табылатыны сондықтан. Қазіргі асабалар – сылдыр сөзді алқын-жұлқын сапыратын, дәм-тұзсыз, мағна-мәнсіз құр дабыра, отырған жұрттың мазасынкетіріп, миынсуқылатын бәдіктер. Ал нағыз асабалық – үлкен парасаттылықты, мәйекті мәдениеттілікті, ерекше интеллектіні, ерен эрудицияны, энциклопедиялық білгірлікті, қысқасы, тұлғалық қасиет дарыған дара кісілікті, ортадан ой тастау мен сөз саптаудың асқан шеберлігін, сонан соң ел алдындағы елеулі сүйкімділікті талап етеді ғой, шала шәкірттерде ол қайдан болсын...


 


10.           Абылай хан, Әбілқайыр хандай тарихи тұлғаларымызды сомдап жүрген сіздің, өнер саласының ақсақалы Асанәлі ағамыздың жас әнші Қайрат Нұртас туралы кинодан көрінуіне не түрткі болды? Қаржылық қажеттілік дейін десек, сіздерде ол жағы жеткілікті емес пе?

 



  • Менікі қаржылық... Ал, Әшімовтікін білмеймін... Әнші баланың ата-анасы да қиылып қоймады, жастардың сүйкіміне айналған інімізге ағалық септігіміз тисе жарар дедік.


 


11. Хадиша Бөкеева, Құрманбек Жандарбеков, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков сынды дара дарындардың

 


шәкірті екеніңізді білеміз. Өзіңіз қандай ұстазсыз? Өнер әлемінде өрге өрлеген шәкірттеріңіздің бірқатарын атап өтсеңіз?


 



  • Мен сияқты ұстазын ұлықтай білетін шәкірттерім бар болса, өздері айтсын. Үйретіп қана қоймай, олардан да үйренетін, байқатпай өз өре-қарымымды таразылап алатын, білгенімді байыта түсетін «қумын». Өнер-білімнің шегі мен шегарасын, оңы мен солын, тереңі мен биігін, қадірі мен қасиетін, бағасы мен бағамын шәкірттеріммен бірге іздеуге талпынамын. Әйтеуір ұстазына көңілі толмай, қарындары ашып, ректорға арыз түсіріп, шәкірттері «бұл кісіде оқығымыз келмейді» деген сияқты кесапатқа киліккем жоқ әзірге... Сорақысы сол, мұндай да жағдай болған...


12.   Кинода я болмаса театрда сомдаған рөлдеріңіздің бірінен сын естіген сәтіңіз болды ма? Жалпы, өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?

 



  • Болды. Жөндісіне құладым, жөнсізіне пысқырғам да жоқ! Көбіне тапсырыспен, қиястықпен жерден алып, жерге салған сын-сымақтар болмай қалған жоқ, «айғайшы», «даусы қарлыққан» деген сияқты. Қай рольді қалай ойнағанымды өзімнен басқа ешкім білмейді, кезінде қандай басшы болғанымды бәрі де дерлік іштей жақсы біледі, алайда ол шындарын сыртқа шығаруға сараң. Түгелін қатырдым деп өзім де ешқашан айтқан емеспін. Біреуге жақсаң, біреуге жақпайсың, «әр кәлләда бір қиял» деген, әркімнің көңілі өзінше жоғары, білім мен талғам, мінез бен мазмұн әрқилы болған соң, әділет те әртүрлі толқында, кемиық кемерде... Қайсыбіреулер жөрнәлістігін жарытпай жүріп, мұрнына иісі бармайтын мәдениеттану мекеніне қарау қолын салып жүр. Адалды аттап, ақ өнерді даттап, мысы мүшкіл ағасын мақтауды мақсат тұтқан миякі мінші-сыншымын деп... Әділін айтсам, бүгіндері білгір сыншыға зәруміз, олар жоқ, о дүниеге кеткен... Бұ дүниедегілерінің базалық білімі тапшы, теориялық тегеуріндері бос, сондықтан да «тарысы піскен жердің тауықтары», тапсырыстың, субьективті пікірдің құлдары... Қаулап өсіп келе жатқан қыздар бар, алайда әзірге қазаққа тән сынықты әдебі мен қыз балаға тән қылықты


 


ибалары шектен шығады, алыс тұспалмен жазады, батыл емес...


 


13.       Асқаралы алпыстың бел ортасына таясаңыз да, аттан түскен жоқсыз. Қайта еңбекке деген құлшынысыңыз арта түскендей ме, қалай? Өмірде тынбай тірлік етіп, сіз секілді қайсарлы, жігерлі болудың сыры неде?

 



  • Бұқпантайлаған өмірді иттің етінен жек көремін. Айтарымды айтамын, қолымнан келетінді жасауға тырысамын. Төңірегімнен тайсақтамаймын, жұрттың бетіне тіке қараймын, өйткені кісіге жасаған қиястығым жоқ. Бетке айтқанды бетсіздікке балайтын пікірге қарсымын. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп...» демей ме қазағым. Төбедегімнің төмендегенін көрмесем деген тілек күшті. Алайда аярлық алға шығып жатқанда үнсіз қалу қолымнан келмейді. Тау қопарар күшімді сезінемін, оны іске асырып пайдаланатын, қажетке жұмсайтын амал өзгелердің қалтыраған қолында, жалтыраған сөзінде болып өзегімді талдырып жүр. Сол жөнсіздік пен мырқымбайлыққа, сасық қулыққа қарсылық көрсете алмай жігерім құм... Дегенмен, Дон Кихот емеспін, жел диірменге найза салмаймын, басқа түссе – баспақшыл күй кешуге мәжбүрмін. Бүгінде менің де атағымнан ат үркеді, алайда тоқмейілсіп, «болдым-толдым» деген даңғойлықтан аулақ болуға ақылым жеткеніне шүкір... Соңыңнан ерген өндір жастардың өзіңнен еш кем еместігін ұғып, солар шығар биікке талпыну, олардың өресіне ұмтылу, керексе, сол жастардан үйрену, солардың талғам-талабы мен білім-парасына үйірсектеудің парқын ұққан қандай! Жас шамамыз басқа болғанмен заманымыз бір ғой... Өткеніңмен өзеуреудің жөні жоқ, бұлданудың да реті шамалы. «Бізден кейін ешкім жоқ» деп артындағысын теуіп, алдындағысын тістейтін өмірде тозған шал, өнерде арзан шауқандардан түршігемін... Мұң шегемін... Қапа боламын...


 


14.  Бүгінде тележүргізуші ретінде де көгілдір экраннан көрініп жүрсіз. Соған қарағанда үнемі жұрт назарында болғанды қалайтын сияқтысыз...

 



  • Жоқ, керісінше, кейде, қарапайым көптің бірі болғым келіп, ел ішіне сіңіп кеткім келетіні бар. Жұрт назарында болудың жауапкершілігі ауыр, үнемі сол биікте жүру оңай емес. «Халық – Құдайдан бір жас кіші» деген аталы сөз бар қазақта... Елдің ықыласын суытып алмай, көз алдында қадіріңді кетірмей, көңілін қалдырмай, арзандамай аман жүру – басты арман...


 


15.        Өзіңіз әділқазылық еткен «Жұлдызды сәт» жобасында шын жүйрікті анықтау қиынға соқпады ма?

 



  • Қазы деген сөзге әділ сөзін қосарлауды қаламаушы едім... Қазы болған соң, әділ болу міндет деп ұғынатынмын. Сөйтсем, бұл тіркес, бүгінгі заманға сай айтылып жүр екен... Бүгінгі басшылар мен қосшылардың, әкім-қаралардың, қазылар мен билердің, яғни прокурорлар мен соттардың сорақы әділетсіздігін, «ешкі мен сиырдың» жетегінде кеткен жазылмас дерттерінің түсін танып, көп жағдайда түрін де көріп жүрген мен, «уайым түбі – тұңғиыққа» батып жүргенім де жоқ емес... Сіз жоғарыда айтқан жобаны ұйымдастырушылар мені көнбесіме қоймады, себебін кейін түсіндім. Менің ел арасындағы азын-аулақ беделім мен сырт көзге сүйкімім, қысылтаяңда қисынын табар сөз табарым керек екен оларға... Оны ұққандарына шүкір... Алайда, ол жоба – кәдуілгі шоу, яғни ойын екенін аңғал көрерменнің ұққысы келмейтін адалдығына тәнті болғанымды жасыра алман... Түптің түбінде, біз емес, ұялы телефон шешті ғой жеңімпазды...


 


16.     Бір сұхбатыңызда: «Бүгінде өнерде досым жоқ» деген едіңіз. Өнер адамдары бір-бірін жақсы түсінеді деуші еді, сіздің досыңыз жоқ болғаны қалай?

 



  • Өнер – жарыс. Қалу бар, озу бар,.. Сағынайдың асынан басталған әділетсіздік те асып-төгіледі... Құлагерлердей жүйріктерді батыраштар әлі көздеп жүр... Қодарлар мен Бекежандардың дойыр қамшысы да үйлесім мен тазалықтың үстіне үйірілуін қойған жоқ... Бір-бірімізді жақсы түсінген, бір өлшемде ұғысқан, айналаңдағы әділдік пен өнердегі тазалық үшін «ұрысқан», жігіттік сөзде тұрысқан достарымнан


 


айырылып қалғанымды әнге қосып айтқанмын... Қазір жалғызбын... Айналам – ақылын ат тепкен, қазақы қалыптан айныған шауқан, жігері жасық, құлағы кесік қаймыған шалапай...


 


17.   Өмірде өкінген сәттеріңіз болды ма?

 



  • Болды. Базар заманы келіп, өнер аяқ асты болғанда сәл кеш туғаныма өкіндім. Бүгінгі нарық дейтін білектің ісіне қарық заманда жүректің ісі дейтін ұлы өнердің өнбес нәпақасымен қатын-бала асырау ұят екенін ұққанда өкіндім. Алдымдағы бірді-екі ағамның бәтуалы ақсақал бола алмай, боссақал, бейшара күйін шыққыр көзім көргеніне опындым... Қаллекиді, Құрманбекті, Елубайды еске алдым, Серке ағайды, Сәбираны сағындым... Асқар Тоқпановты аңсадым...


 


18. Өнер жолы ауыр жол екені бесенеден белгілі. Бұралаңы көп осы жолдағы басыңыздан өткен қиын бір кезеңдерді тілге тиек етсеңіз...

 



  • Өнердегі соңғы бір мүшел өмірім ең қиын кезеңім...


«Тақтан» түскенімді емес (қайбір тақ дейсіз оны), өнерлі ер- тоқымы аумай, үстінен түспеген бәйгі атымның аяғы он екі жыл шідерде болғанын айтамын. Он екі жыл сахнаны сағынып өттім... Он екі жыл бойы Әуезов театрында қойылып жатқан қойылымдарда маған лайық бір роль болмағаны қинады... Белсіз, сөлсіз, мұңсыз, үнсіз, ділсіз, күнсіз спектакльдер менің ғана емес, елдің де еңсесін елең еткізбегені ешкімнің есіне кіріп, «бұл қалай» деген бір бірәдар болмады... Бастықтың басы басқаға жетпеді. Тек жүрген соң, домаланып көп жүрді, саязды кешті, таязды талшық етті, театр талықсыды, өлместің күйін кешті, соны аңсаған, шүкір қылған шауқандардың нафталині мұрын жарды...


 


19. «Саясатпен айналыспасаңыз, саясат сізбен айналысады» демекші, жақында өткен әкімдер сайлауы, жалпы, еліміздегі сайлау жүйесі, қоғамымыздағы саяси- экономикалық ахуал жөнінде айта кетсеңіз.

 



  • Қазіргі саясат, сайлау жүйесі бүгінгі күннің тиесілісі. Толық демократия болуы әзірге мүмкін емес, қалай болғанда да демократия қадағалануы керек. Бұл оны таптау деп отырғаным жоқ, «қадағалау» деп баса айтып отырмын. Қадағалаудың артында қорғаштау да жатыр... Бет-бетімен, бейберекет кету анархияға алып баратынын ұғынған артық емес. Әсіресе, қазақ сынды қайыру білмес, көңілшек, еліктегіш, артын көп ойламайтын, аңғал да таза көңіл халыққа еге болып, қаупайлап, қақпайлап отырған артық етпейді. Жалпы алғанда, елдегі саяси-экономикалық жағдай орнықты. Ең бастысы Елбасымыз іскер, ұлтын есепсіз сүйетін үлкен парасат иесі, алды кең, арты кешірімді адам. Қайсыбір кетіп жатқан әттеген-кемшіліктер түбінде түзелетін шаруалар. Қатты алаңдардай, қиюы кетіп, қирап жатқан ештеңе жоқ. Ел аман, жұрт тыныш, заманның жаңа ырғағына төселіп алды, ертеңіне сенімі орныққандай... «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман демегенмен, көрші елдерден көш ілгері екенімізді есі барлардың бәрі де біледі емес пе... Басқаны былай қойып, кеше ғана бой көтерген көз қарықтырар «Астана-Операдай» ғасырға кететін ғимарат қатарымыздағы қай елде салынды! «Бірі кем дүние» дегендей, бірді екілі мүлт кетулер болмайтын заман бола ма,


«бес саусақ бірдей емес»... Жанымды жеген біраз «жегіні» жоғарыда айтудай-ақ айттым. Менің дертім ұлы өнер, сол аяқ асты болмаса екен, әлемдік деңгейге өзгеге еліктемей, соларды ғана зор санамай, өзімізді қамшылай, қазақы қанымыз сұйылмай да талай жетістікке, ұлттық өнердегі көшелі биіктерге көтерілуге болады ғой деген ашулы, әрі жасулы арман ғой менікі...


 


20.    Ұлтымыздың болашағын ойлағанда көңіліңізді не нәрсе алаңдатады?

 



  • Тіл мен ділдің болашағы. Онда да, төрде отырған шенеуніктердің өз ұлты мен тіл-діліне немкеттілігі. Ессіз карьераның тексіз құлына айналып, сұғанақтанып бара жатқандары жаныңды түршіктіреді. Ешнәрседен тайсақтамай, талғамай жымқыру мен әр саладағы жемқорлықтың, онымен күрес күшейген сайын тереңдеп,


 


тойымсызданып бара жатқаны үрейіңді ұшырады. Осы дерттің дендеп кеткендігін еңкейген кәрі мен еңбектеген балаға дейін біледі... Аяқ астынан «байыған», билік басына аярлықпен барған өзімізден басқа ұлттың өзгеге жаны ауырмасын, бір бармағы ішінде болатын аярлығын жиі ұмытатынымыз өкінішті.


 


21.    Мемлекетіміздің өнер адамдарына қамқорлығына көңіліңіз тола ма?

 



  • Жоқ. Жалақы аз, зейнетақы ұят. Қадір арзан. Айтулы артистер «барахолка» базарынан киінеді, назарлары пәс, ұсқындары жұпыны жүреді. Білгенге өнерлісін қайыршыдай күйге түсіру – өлім демей-ақ қояйын, мемлекетке сын. Бүгіндері өнер адамынан гөрі шіренген шенеуніктің абыройы атан түйеге жүк. Өйткені түшкіргің келсе де шалапай шенеуніктің алдына барып, «жығылуға» тура келеді. Өнер бағасы мұрнына бармайтындар, еңбегіңнің, маңдай теріңнің бағамынан хабарсыз болса да, саған тиісті жалақының мөлшерін солар тағайындайды, онда да қаптың түбінде өздерінен, алпауыттардан артық-ауыс бірдеңе артылып жатса. Тіпті атаққа да солардың нұсқау-шаралары арқылы ұсыныласың. Олар да ұялмай-қызармай, иіс білмес мұрындарын шүйіріп, лайықтыларды «елеп-талғайтын» құқыққа ие. Содан да, аяқ астынан ешкім білмейтін, «еңбек сіңірген қайраткерлердің» қаулап шыға келетіні... Мәдениет, өнер туралы заңды қайта қарамаса, көрген күніміз осы. Қазақстанда – орысын, қазағын, немісін, кәрісін, ұйғырын, қуыршағын қосып санағанда 54 театрды құрайды, ал мүйізі қарағайдай мәдениет министрлігі бар-жоғы 9-ақ театрға «қожа». Қалғандары «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында», сұмдық қой! Мәдениет министрі үкімет сағатында осы мәселені көтеруі керек деп ойлаймын. Шүкір, Парламентке, дегдарлы қарындасымыз Дариға Нұрсұлтанқызының назарына біраз ойлар салдық, ұғыстық, үміт оты жанғандай...


 


22.  Әлі де ойнасам деп армандайтын рөлдеріңіз бар ма?

 



  • Бар. Ойнасам ба дейтін де, я кино, я қойылым қойсам ба дейтін де арман көп. Оны ұғынар, қолыңды ұзартар кім бар дейсіз? Өз жайыңды өзің ойламасаң, қасыңдағылар қиналғанда қара су да татырмайтын тасжүректер. Өзің ойлауың үшін «орда бұзуың», іске асуы үшін қаражат көзінің «қойнауын» табуың керек. Бір Иманғали қайсымызға жетеді?!...


 


23.    Сіз «Әне-міне бақ қонардай боп тұратындардың» қатарындасыз ба? Әлде, өзіңізді бақ қонған өнер адамымын деп есептейсіз бе?

 



  • Иә. «Бақ» деп өнер бағын мегзесеңіз, шүкір, оның дәмін татқан, жолы болған, Құдайдың көзіне іліккендердің бірімін. Ал, байлық – қолдың кірі, ол жағынан ұяттымыз, кезінде ештеңені «қаптырып» қала алмадық. Ұят пен намыс тұсау болды, жұрт жапа-тармағай жан-жағын


«жалмап» жатқанда, біздің ойымыз қара шаңырақты өтпелі кезеңнің өткелінен аман алып қалудың қамында болды, «анау болды, мынау болды».. «Аутсайдер» атансақ та, әйтеуір, Аллаға шүкір, тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін, ұйқымыз тыныш...


 


24. Өнер адамдарының жеке өмірі көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Қырықтың қырқасына шыққаныңызда жиырмадағы қызғалдақтай құлпырған Дәрия қызды қалай қолыңызға қондырдыңыз?

 



  • Ол енді менің жеке шаруам, өмір бәйгесінен бұйырған «жүлдем». Қалай екенін айтпай-ақ қояйын... Қызғалдақтай құлпырған Дәрия қызыңыз кезінде Оңтүстіктің, бүкіл Қазақстанның қыз сыны жарыстарында бас жүлделердің біразын беліне байлаған. Басқа сұлулар шетелге, байшыкештердің жетегіне еріп кетіп жатқанда, өз елінде қалған жалғыз қыз осы. Өзге ұлтқа «қолды» болмай, қазақ өнерінің қабырғасын ұстазы Хадиша Бөкеева апайының нұсқаған жолымен ары ұзартып,


 


қолынан келгенше көркейтіп жүргенінде менің де ептеген септігім бар шығар...


 


25. Отбасында бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз? Балаларыңыздың өнерге деген бейімі бар ма?

 



  • Балажанмын. Қатты ұрса алмаймын. Еркелетемін. Биыл қызым Аққу бірінші сыныпқа барады. Алдындағы ағалары Ақсұлтан мен Ақсұңқар жыл сайын мақтау қағазға оқып жүр. «Бестік» баға алмаған күндері мамаларының қаһары қатты болатынын біледі...


 


26. Өнер адамының басынан түрлі қызықты оқиғалар өтетіні белгілі. Сондай бір қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз...

 



  • Өнер адамының өмірін қызық санайтындай, қызығатындай дәнеңесі жоқ, қызығынан «шыжығы» көп екенін білер ме екенсіздер... Шын өнерпаз мұңшыл... Қызық оқиғадан гөрі мұң шерткеніміз дұрыс шығар... Аталы сөз аузына түспейтін бірбоссақалағамыздайарзан анекдотайтып, аңқау елге арамза молда болар жайым жоқ... Жолымыз ауыр, тұзымыз жеңіл адамдармыз, аяғымыздың шалысы, сүрініс- қабыныстарымыз қаймана жұртқа бадырайып көрінеді. Басқа мамандықтың адамдарының өмір жолы мен «қызық- шыжықтары» асып-төгіліп жатса да, біздің «мүлтіміз» түрпідей тиеді. Көбіміз елдің ықыласының қадірін ұқпай, тәртіпсіз тайраңға берілер жайымыз жоқ екенін білмей, бұл дүниеден жеңіл-желпі, желіп өтіп барамыз...


 


Сұхбатты жүргізгендер:


Гүлмира Садық, Орынбек Сахидәулетұлы


 





Пікір жазу