24.02.2022
  143


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«ТЕАТР – ДЕМАЛАТЫН ШИПАЖАЙ ЕМЕС...»

(«Жас қазақ» газетіне берілген сұхбат)


 


– Тұңғышбай аға, өзіңіз басқарып отырған Қазақстан Театр қайраткерлері одағынан редакциямызға бір емес, екі рет хат келді. Бұл хатыңыз жалғыз бізге емес, басқа да басылымдарға жеткен болуы керек. Соған қарағанда қазақ басылымдары аударып қолданып жүрген «артист»,

«лауреат» деген сөздер қытығыңызға қатты тиген сияқты ғой...


 


– Иә, жалғыз қытыққа ғана емес, намысқа да. Бұл хатты қазақтың жазба әдебиеті мен өнер мәдениетіне деген немқұрайлықтан арылу үшін ұлтжандылық пен патриоттық сезіміме малып жазып отырмын. Рас айтасың, екі қайтара,


 


барлық БАҚ өкілдеріне,   телерадио   қызметкерлеріне, тіпті облыстық тиісті мекемелердің бәріне де жаздық. Интернетте де бұл мәселе үлкен талқыға түсіпті, танысып шықтым, қолдап жатқандар өте-мөте көп. Сыртымнан қарсы болып, дөңайбат шегіп жатқандар да баршылық. «Біз орыс тілінен құтыла алмай жүргенде, Тұңғышбай сенің бұл қиғылығыңды қалай түсінуге болады», – деген ойлар бар. Сырттан, өзге тілден, арабтан, парсыдан, орыстан, латыннан енген көптеген сөздердің қазақша баламасы жоқ, болса да қазақы нұсқасы дұрыс табылмаған. Қайсыбір санаға сіңіп кеткен сөздерді аударудың еш қажеті жоқ дегенді табандап отырып айтқым келеді. Кезінде Есмағамбет Ысмайылов деген ағамыз 500-ге тарта сөздің қазақша аудармасын тауып, сөздікке енгізген екен. Ондай дұрыс аударма-баламалар болып жатса, еш қарсылығымыз жоқ. Мәселен, бүкіл дүние жүзі халқының қолданысындағы футбол, волейбол, баскетбол, теннис сияқты терминдерді аударудың не қажеті бар. Өнерде, музыкада, теорияда, ғылымда қолданатын кейбір сөздердің де баламасын дұрыс таппасаң, оларды айту ыңғайыңа қарай бұрмалап, қадірін қашырудың жөні бар ма? Футболды теппе доп, баскетболды дорба доп деп аударып, газеттерге басып жүргендерін көргенде қарадай күйініп, жерге қарамасқа амалың қалмайды. Қазақтың сөзін өзге халық кекеткен сыңайлы етіп, өз ыңғайына бұрмалап жатса жақтырмайсың ғой. Сол сияқты кейбір барлық тілдерге ортақ болып санаға сіңіп кеткен терминдерге тиіспеген дұрыс. «Тиатыр, деректір, прәпесір, дәсент, жөрнәліс, әртіс, кәмпәзитір, белсебет, аптобыс, тірәктір, липті» деген сияқты ауызекі айтқанға оңай сөздерді тура солай хатқа түсіру ұлтымызды, оның тілін арзандатады, қарабайырландырады. Бұдан өзіміздің абыройымызға, шұрайлы да бай, нұсқалы да ырғақты, кестелі де дестелі тіліміздің сүйегіне таңба түсіп, адами нарқымызға нұқсан келеді емес пе. «Артист» дегеннің негізгі түбірі латын сөзінен алынғаны екі кітап оқыған адамға да белгілі. Ал, латын – білетін боларсыз, ұлттық тіл емес, ондай ұлт жоқ екенін мені кекететін ақылгөйлерге құлақ қағыс қылсам, ат құйрығын кесісіп, «арам алыс алашпын» деп алыстап кетпес. «Арт» – суреткер, шығармашылдық


 


деген мағынаны білдіреді. Енді оны «әртіс» деп аудару – біріншіден білімсіздік, екіншіден грамматикалық қате. Себебі грамматика заңдылықтарында қазақтың кестелі сөзі естілуі бойынша жазылмайды. Мұндай нәрсеге салақтық көрсете беретін болсақ, тіліміз байырғы қасиетінен айрылып, оны ешкім бағаламайтын болады. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалды, аталы сөзге құлаған,


«сөз тапқанға қолқа жоқ» дейтін асқан эстет халқымыздың өзі айтқан. Интернетте маған біреу «лауреат» гректің


«лавр» деген сөзінен шыққан деп жазыпты. «Тұңғышбай ағаға «иегері» деген сөз ұнамаса, «жапырақ жамылған» деп жазайық», – деп кекетіпті. Мен бұған күлдім де қойдым, кекетсе – кекшиіп қалсын. Бірақ түптеп келгенде ол адам әлгі сөздің түбірін тауып айтып отыр. Біледі екен. Бүкіл дүние жүзі «лауреат» деп айтып жүргенде, біз «иегер», «жүлдегер» деп жатамыз. Сен малыңа, көлігіңе иегерсің. «Лауреатты» лауреат, «артисті» артист деп қалдырғанды өнертануда сөз бен сахна құпиялары тақырыбынан диссертация қорғаған, тек сахнаны ғана сағалаған емес, ғылым мен теориялық ілімді жағалаған ағаларың ретінде талап етуім орынсыз болмас. Әлі күнге дейін еліміздің барлық театрлары тиісті ресми құжаттарға, баспасөз құралдарында «әртіс» деп жазып жүр. Ал, «Алматы ақшамы» газеті маған ерегісіп, тіпті өздерінің жақсы көретін, маңайына шаң жұқтырмайтын ағасының атақ-даңқын да солай «әртіс» деп жазады. Беталбаты бетпақтанбай, байыбына барып, ұғып-түйсініп, үйіңдегі қатын-балаң ғана емес, жалпы халық оқитын басылымдарға не болса соны шимайлай бермей, білімді, мәдениетті жазуға, әдепті сөйлеуге тырысайық.


 


– Қоғам қайраткерлері деген ұғым бар еді. Ал Театр қайраткер-лері деген тіркес қайдан пайда болған?

 


– Бұл да – орыс тілінен аударылған сөз. «Союз театральных деятелей» дегеннен. Алдағы уақытта біреу маған осы атаудың дұрыс баламасын тауып берсе, қарсы емеспін. Бірақ театрда актерден басқа режиссер, суретші, театр басшылары қызмет етеді. Олар енді театр қайраткері болмағанда, басқаша қалай


 


айтылады. Қазағым, оның өнері мен өзегі деп, сахна дейтін мекенде азапты өмір кешіп жүрген өз өнерпаздарымызға енді қайраткер деген қанатты сөзді көп көрмей-ақ қойсақ қайтеді!..


 


–      Өткен жылы театр қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, үздік шыққандарын «Еңлікгүл» сыйлығымен марапаттадыңыз. Жиын соңында оны «Оскарға» теңеп жібердіңіз...

 


Несі бар, біз кімнен кембіз. Үздік келген, биіктен көрінген өнерпаз әріптестерімізге құрмет көрсету – асып-тасқандық, артық кеткендік емес шығар. Шетелдің өнер саласында жеткен жетістіктерінен асып түсуге талпынудың айыбы бар ма? Таза еңбектің үрдісінде, әрдайым ізденіс үстінде, мазасыз күйде жүретін, шайлығына жетпейтін айлығы бар театр қызметкерлерін жылына бір рет халықаралық деңгейде атап өту – парыз сияқты көрінеді маған. Қазақтың кейбір қалталыларының сыбайлас-туыстарына «таратып- бөліп» беріп жүрген «Тарлан» сыйлығы құдыққа түскендей, құрдымға кетіп, «күн-фаякүн» болды. Соларды есепке ала отырып бұл күнді, яғни 27 наурыз Халықаралық Театр Күнін еліміздің тағы бір санатты мерекесіне айналдырып отыруды мақсат етудеміз. Бұны «Оскар» деп одыраңдамай, қарапайым ғана «Еңлікгүл» деп атадық. Бұл – қазақтың ерте көктемде, көлденеңнің қолы жете бермейтін биікте, тауда өсетін ерекше қалыпты гүлі. Еңлік дегеніміз – қазақ театрының шымылдығын ашқандардың бірі Мұхтар Әуезовтің «Еңлік- Кебек» пьесасындағы бас кейіпкер, құлаққа сіңісті болып кеткен есім.


 


–  Одақ басқа қандай жұмыстар атқарып жатыр?

 


Көптеген маңызды жұмыстарды атқаруға дайынбыз. Қазақ-стандағы    барлық    театрларды     қамқорлыққа алып, деректік базасын жасап, олардың әлеуметтік, шығармашылдық жай-күйін ойлап, тиісті жерлерге құлаққағыс қылып қана қоймай, оларды жүзеге асыруды


 


талап етіп отырамыз. Былтырдан бері алғаш рет «Театр.кz» журналын шығара бастадық. Әртүрлі тақырыпта ғылыми- тәжірибелік көрмелер мен басқосулар ұйымдастырып жүрміз. Бірақ қаржы кемдігі қолбайлау болып жүр. Мысалы, Мәдениет министрлігінің құзырына бар-жоғы тоғыз-ақ театр қарайды. Ал, еліміздің он төрт облысында, әр тілде, әртүрлі жанрда қызмет етіп жатқан 52 театр бар. Оның он алтысы – орыс, біреуі – неміс, біреуі – өзбек, біреуі ұйғыр, біреуі – кәріс тіліндегі театрлар. Қалғаны – қазақша. Тоғыз қуыршақ, екі опера-балет театры бар. Солардың барлығы жергілікті әкімшіліктің ғана қарауында. Ал әкімшілік мәдени ошақтарға кәсіби түрде басшылық жасай алмайды. Тек қана қаржы бөледі де отырады. Оның ішінде қандай қойылымдар қойылып жатыр, актерлердің орындаушылық деңгейі, пьесаның мазмұны қандай, оған мән бермейді. Шенеуіктік көзқарас пен шығармашылық адамдарының өмір салты, пайым-парасаты ұштаса бермейді. Облыстағы театрлар кәсіби тұрғыға, әлемдік өркениетке, тіпті бүгіннің талабы нарықтық өлшемдерге сай келмесе, елдігімізге сын.


 


– Қазір театрларымызда шетел драматургтерінің шығармалары аударылып беріліп жүр. Бұл сонда өзімізде жақсы драматургтер жоқ деген сөз бе? Әлде өзгені өрге озырып, өзімізді кері тарту ма?

 


Жақсы драматург жоқ деп айтсам, аузымды қу шөппен сүрткен боламын. Бірақ бүгінде дүние жүзінде театр өнерінің өскені сонша, біз әлдеқайда артта келе жатырмыз. Халық телеарна, ғаламтор арқылы неше түрлі шетелдік қойылымдарды тамашалап жүр. Біздің кейбір театрлардағы қойылымдарды көргенде, жұмсартып айтқанда қарның ашады. Ол үшін көрерменді кінәлауға болмайды. Біз өзімізді қамшылауымыз керек. Әсіресе, режиссураға көп көңіл бөлу қажет. Драматургия – тек әдебиеттің бір жанры ғана емес. Ол



  • ерекше әлем, әркімге жалын ұстата бермейтін асау тұлпар. Мұның қамшылар жағына келіп, үзеңгісіне ілігу, сылап- сипау оңай емес. Кезінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды ағаларымыздың өзі драматургияға аса үлкен абаймен,


 


дайындықпен келген. Кейбір жазушыларымыздың 30 беттік драма жазғаннан, 300 беттік роман жазу он есе оңай деп мойындағанын өз құлағыммен естігем. Демек, 30 беттің ішіне 300-600 беттік романның ой салмағын кіргізу құдіреті қиынға соғатыны айғақ. Драматургияның мақсаты белгілі бір уақиға құру немесе соны қуалау ғана емес. Бұл жанрдың астары мен үстері ерекше. Халыққа сахна арқылы ақыл айтуға болмайды, өйткені қазіргі халық сенен он есе ақылды. Халықты өнердің ерекше әдісімен, астарымен өзіңе баурап, соңыңнан ертіп алуың керек. Бұны бүгінгі жас драматургтер ұға бермейтіні аян. Оларды режиссерлер де көбінде түсіне бермейді. Керісінше, кейбіреулері жап-жақсы пьесаның астарын ұқпай, жаратпай тастауы бек мүмкін. Кезінде Чеховты да орыстар түсінбеген болатын. Ал қазір қалай бағалап отыр. Себебі ол іш пыстыратын туындылары арқылы да, Ресейдің сол кездегі бар шындығын, өмір салтын, дертін, пайым-парасатын жеткізген. Біз де сондай кәсібилікке, құзар биіктікке жетуіміз керек. Тарихи тақырыптарды да аша отырып, қазағымыздың ұлттық менталитетінің өре биіктігін, мұңы мен назын, ақыл-парасатын, тектілі пәлсәпасын тілге тиек ете білуіміз – мәрелі мақсат.


 


– «Режиссерлер де жазылған драманың астарын түсіне бермейді» деп отырсыз... Бәлкім кемшілік режиссерде шығар?

 



  • Режиссер дегеніміз – айқайшы «кәмәндір» емес, пьесаны жазған автормен, орындаушы актермен тең суреткер. Режиссер актерді алдында автор жазып берген сөзді жаттап алып, сахнада тек соны айтып қана шығады деп ойламауы керек. Бұл – өте қате пікір. «Бірінші – драматург, екінші – режиссер, үшінші – актер» деп есептеген өте-мөте жаңсақ пікір. Бір қазанда қайнағандықтан, үшеуі бірігіп «толғатуы» тиіс. Актер драматургтің жазғанын түсініп қана қоймай, оны одан сайын тереңдету мақсатында өз ойы мен өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, тіпті мына жерін түзету, я өзгерту керек деп айтатындай дәрежеге жеткені абзал.


 


– Бір сұхбатыңызда «қазіргі актерлер жаттап алып айтуға құмар» депсіз...

 


Қазіргі айтып отырған мәселем де осыған саяды. Қазіргі актерлер орындап отырған рөліне өз өресін, жүрегін, санасын, талғамын қоспай жүргені өтірік емес. Мен, жалпы, актерді мамандық деп есептемеймін. Ол – өзінше бір бөлек қалып, ерекше әлем. Өзінің тереңі мен биігін, әлемін, білімін орындап жүрген роліне қоса алмағандарды арзан актер деп есептеймін. Өмір ғой, кейде менің де тек сөзді жаттап алып орындап шығатын кезім болады. Режиссер мені, мен оны түсінбей жатамыз. Менің жоғарыдағы айтқан өзіме де қойып жүрген талабыма жетуге кедергілер, себеп-салдарлар жетіп артылады. Шала драматургия, уақыттың тығыздығы, қаражаттың кемшіні, т.с.с. Осының бәрін жеңіп шығып, көркем дүние жасасақ, сонда ғана біз өз ісімізге адал бола алғанымыз.


 


– Кезінде Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков және тағы да басқа туа біткен талантты тарландар шоғырының өнеріне куә болған сіздің толқынның үлкен мектептен өткені рас. Енді қазіргі жастар сіздердің мектептеріңізден қандай тәлім- тәрбие алуда. Үміттеріңізді ақтап, тұяқтарыңызды басып келе жатқандары бар ма?

 


Бар, әрине. Олардың арасында жорға жүйрігі, аламан бәйге, құнан бәйгеге қосылатындар да бар. Әр бәйгенің өзінің жететін мәре қашықтығы бар ғой. Әңгіме басқада. Ол жүйріктің бабы, тегі, дайындығы мен өресі қандай? Мұндай қолтық сөгер шабысқа бір күнде, немесе тек дипломмен ғана келе алмайды. Оған ұзақ та, сындарлы уақыт керек. Азамат, тұлға ретінде қалыптасуыңмен қатарласа келетінін айтсақ па екен? Актерлікті мамандық емес деп отырғаным да – осы. Сахнаға шығып сөз айту үшін пәтік, құқық керек. Ауыздан шыққан бір ауыз сөздің мың сан сұрауы бар, ұққанға ол сұрау үлкен жауапкершілікті талап етеді.


 


– Қазіргі уақыттағы театрдың ақсақтап тұрған мәселесі не?

 


Шығармашылық, суреткерлік деңгейде дүние жүзі жеткен биіктікке жете алмай жатқанымызда. Өзімізбен- өзіміз өз қазанымызда қайнап жатырмыз. Мұрнымыздың астында тұрғанды ғана көріп отырмыз. Соны бір үлкен тақырып деп ойлаймыз. Халық театрға келгенде демалу керек дейді кейбіреу. Ол дұрыс емес. Театр демалатын шипажай емес. Театр – ерекше әлем, тірі өнер. Халық театрға не үшін келеді? Өмірде көре алмайтын шындығын, өмірде кездеспей жүрген бір әдемілікті, өмірде жете алмай жүрген тазалықты іздеп келеді. Ал сол әдемілікті іздеп келген көрерменге ақсақ-тоқсақ, жылаңқы, өтірікке толы жарамсыз қойылымдар қойып жатсаң, әрине, қарындары ашып кетеді. Театрға демалу үшін емес, ерекше бір әлемге ену үшін келеді көзіқарақты көрермен. Оны ғылыми теориялық тілде


«катарсис» деп атайды. Ол күйкі трліктен тазару деген терең ұғымды білдіреді.


 


– Осыдан бес жыл бұрын қазаққа «қазақы театр керек, әзірге адасу үстінде» депсіз. Қазір жолын тапты деп ойлайсыз ба?

 


Тапқан жоқ. Ол жол бір күнде табылмайды. Бізде бұрын театр өнері болған емес. Бесікке бөлеу, текемет басу, сыңсу деген дәстүр-салтты театрға жақын элементтер болған. Бірақ олар театр деп аталған жоқ. Оның бәрі этномәдениетке кіреді. Бүкіл дүние жүзі мойындаған театр өнеріне біз орыс театрының жолымен келдік. Орыс театрының әдебі, мәдениеті, толымы, тосымы бізге үлгі болды. Барлығын солардан алдық. Орыстың театр жолын бүкіл дүние жүзі мойындаған. Қазақ орыс театрының   архитектоникасы мен теориясын негізге ала отырып, алайда өз тамырынан ажырамау керек деп   ойлаймын.   Қазақыландыру дегеніміз – өзіміздің таза ұлттық реңкімізді, өмірге деген көзқарысымызды, сөйлеу, ойлау, армандау, сүйіну-күйіну, араласу-құраласу мәнерімізді театр деген ұғымға тоғыстыру.


 


Бұл әлбетте, ұзақ уақытты талап етеді. Біз сахнада таза қазақ тілінде сөйлегенімізбен, әлі күнге дейін сол орыс театрының жолымен келе жатырмыз. Осы жолмен жүре отырып, театр сахнасында қазақы жүректі қақтыру керек. Бізді қазір қазақ тіліндегі орыс театры деп айтуға болады. Театрдың ұлттылығы – сөйлеп тұрғанда тілінде ғана емес, ділінде.


 


– Осы уақытқа дейін 60-тан астам рөлді сомдап шығыпсыз. Жүрегіңізге қайсысы жақын?

 


Бәрі жүрегіңнен шыққан соң, бөліп-жаруға болмайды. Десе де театрда Абылай хан, Жәнібек хан, Ақан сері, бұрындары ойнаған «Қаракөздегі» – Сырым, «Жоғалған достағы» Мырзахмет тағы басқалар. Кинода «Отырардың күйреуіндегі» Қайырхан, «Ақырғы аманаттағы» Ораз мерген,


«Қан мен тердегі» – Тәңірберген, «Сардардағы» Шонай, Жуырда ғана экранға шыққан «Адасқандар» фильмінде Шал кейпінде көрінген Жебірейіл пайғамбарды сомдадым. Осылардың бәрінің де «жүрегінің түбіне терең бойлап, жұмбағын» шын ынта-ықыласыммен ойлап, өз биігіммен


«өмірін сүріп» шықтым деп үміттенемін.


 


– Тұңғышбай аға, әншісіз, сатириксіз, актерсіз, бірнеше киноға да түстіңіз. Сізге осылардың қайсысы атақ-даңқ әкелді?

 


Негізі, халыққа мені танытқан – ұлы мәртебелі өнер. Өнер



  • қазақтың қанында бар қымбат қасиет. Сері келді десе қазақ ішкенасынжергеқояды. Ақан серініңбіркереметсөзібар:«Ән

  • ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман» деген. Ауру дегенді Сері биік ұғымда айтып отыр. Ән қайдан шығады, ішіңдегі шемен боп қатқан шеріңді тарқатқың келгенде. Маған бір жас журналист қыз мынадай сұрақ қойды. «Аға, жасыңыз ұлғайған шақта ән айтып неңіз бар. Жастар айтып жүр ғой», – деп. Сонда мен: «Қарағым, әнді жастар ғана айтсын деген қағида бар ма еді, білмеппін. Ән жасқа емес, жан дүниеге жақын емес пе. Жүректің лүпілі мен күйзелісіне, тәтті мұң мен рахат сезімге бөленгенде ән шығады ғой.


 


Жасамыс адамда жүрек болмай ма екен», – деп жауап бердім. Табиғат берген қасиетті, мұңым мен шерімді жасырмай, ішімде тұншықтырмай, жарыққа шығара алғаныма еш өкінбеймін де, ұялмаймын. Тыңдағысы келмегендерге өкпе де артпаймын, ол – менің дертім, менің ішкі сырым. Ондай сыр мен қасиет адам баласының бәрінде бар. Бірақ соған аса мән бермей, томаға-тұйықтыққа бой алдырып, немесе сыртқа шығара білудің жол-тәсілін таппай жүретіндер көп.


 


– Театр көрермендері «Тұңғышбай Абылай ханды айғайлап ойнайды» деп сынап жатады.

 



  • Бүкіл қойылым бойында бақыра бермейтін шығармын, кезі келгенде шығар... Анау-мынауға көне қоймайтын, өзінен сөзі ұзын қиғаш мінезді қазақтың басын қоспақшы болып «астаң-кестеңі» шығып жүрген азапкер Абылайдың айғайлағанында не сөкеттік бар. Әсіресе, анау, Маман Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері» спектаклі жүріп жатқанда сахнадан кетпесем екен, осы қойылым аяқталмаса екен деген оймен жан-дүниемді түгел ақтаруға бейіл болушы едім. Кестелі сөздерімнің тез-ақ тәмамдалып қалғандығына өкінетінмін. Тағы-тағы ақтарылғым келіп тұратын. Абылайдың аһ ұрған өксікті сөздерін өр дауыспен, ерек үнмен, көкірегіңді күмбірлетіп, арсыдан атой салып, көтеріп сөйлемесең, өнердің көкейкесті мақсаты орындала ма? Абылай ханның азабын, жанын жеген жегісін, еліне деген ерек махаббатын таныта аласың ба? Міне, менің саханадағы «айғайшылдығымның» себебі – осы. Көрерменді ботадай боздатып, қойылым біткен соң, өзім де ел алдына шығып, тәжім етіп тұрып, іштей боздап тұрамын. Көз жасым көл-дария болып, тарам-тарам ағып, үн шығармай еңкілдеп тұрамын. Неге? Бұл – менің де қазақ ретіндегі, азамат ретіндегі жүрек қағысым, ынты-шынтым, өнерпаз ретіндегі ұстанымым. Ұлы мәртебелі сахнаның, ойы батпан образдың құдыреті осында. Абылай сол кездегі ішкі-сыртқы солқылдақ саясаттан шығар жол таппай, өзі үшін де, айнала торлаған өзге үшін де күйіп жүрсе, мен сахнада, театрдың төрінде өртеніп-жанып, өкпе-бауырым езіліп тұрып еңірегенде,


 


көмейіңде лықсып-кептеліп тұрған кесекті сөздер қалайша сылбыр, қалайша сыздықтап шықсын? Негізі, мен үш сағаттық қойылым бойы айғайлап тұрмаймын,   өтірігі көп бопса – айтып отырғаныңыз. Айқай салмауға амалың қалмаған тұста, керек жерінде ғана атой салатыным рас. Ал әлгі сіз тіліңізге тиек еткен «тиіспе» сөз – менің аяғымнан шалып, көпе-көрнеу арзандатқысы келіп жүргендердің таратып жүрген өсегі мен аяңы, іші қуыс қоңыраулардың үні ғой.


 


– Бір сұхбатыңызда өзіңізді «Тұңғышбай деген – оңбаған, сұрқылтай, шындықты бетке айтатын, айғайшыл адам» деп сипаттапсыз. Сол шындығыңыз үшін аяғыңыздан шалған жоқ па?

 



  • «Өзін-өзі мақтаған – өгіз тентек» болмай, керісінше өзіңе сын көзбен қарай білген де жаман қасиет емес шығар... Он жыл бұрындары сол кездегі бірді-екілі әкім- қаралардың, солардың етегін сүйіп, өсек тасыған, қазына қариялыққа жете алмаған қазымыр шалдардың кәдімгідей


«қазақи аяқтан шалуын» бастан біз де кешірдік. Ертеректе министрліктің   жүгенін   ұстаған   жігіттердің   тарапынан да қысым көрдік. Қазір олардың ілуде бірі болмаса, бәрі де сыйлайды, құрметтейді, сөзімді   жерге   тастамайды. Ал бұрын менің айдай әлемге белгілі болған азын-аулақ қадірім мен еңбегімді жоққа балап, Астанада өтіп тұратын төр сахнаға жібермеген, тіпті «ұмыт қалдырған» кездері де болған. Әкім дегеніңіз – өзі басқаратын өңірді көркейту үшін мәртебелі Елбасымыздың уақытша тағайындаған қызметкері емес пе, білгенге олар – бүгін бар, ертең жоқ. Ал менің өнерім – мәңгілік. Ел басқарған адам кең болса игі, бір жүздің ғана дертімен «ауырған» іші тар, қатыгез,


«аласы ішінде» әкімдер, Аллаға шүкір аз, әрі олардың


«құйрығы бір-ақ тұтам». Олар – менің өнерімнің парқы мен нарқын ұға алмайтын, біздерді жаңа заманның поезынан қалып қалған «аутсайдерлер» деп кекетіп жүрген кресло мен құлқынның ғана құлдары.


 


– Қанша шындықты айтып жүрсеңіз де саясатқа араласпапсыз.

 


Мен саясатқа саясаткер ретінде емес, ұлтымның өнерпазы ретінде араласамын. Абылайдың монологтарын, болмаса Абайдың мына өлеңіне зер салшы:


Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.


Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – қан, бірі – май боп енді екі ұртың. Өздеріңді оңалар дей алмаймын,


Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың. Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?


Осыны 1986 жылы, желтоқсан көтерілісінің сызы кеппей жүргенде, ел алдындағы кездесулерімде «айғай салып» оқыдым. Түйсігі бар адам үшін мұны ол жылдары, Абай-хәкімнің бұл «айғайын» сыбырлап айту да қылмысқа баланатын еді ғой. Қазірлері бәрі батыр, бәрі «желтоқсаншыл» болып алды...


 


– 80-жылдары халыққа сатирик ретінде танылдыңыз. Ол кезде сатириктердің де, сатира театрларының да саны да санаулы еді. Ал қазір сатиралық театрлар да, өзін сатираның шеберімін дейтіндер де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Қазіргі сатираның хал- күйіне көз жіберіп көрдіңіз бе?

 


Бүгінгі сатираның жағдайы тым нашар деп айтуға келмес. Шоу-бизнеске айналған соң, оның ішіне шөп те, шалам да араласып кетті. Жоғарыда ұлы мәртебелі өнердің шын парқын саралай білетін басшы қақпайлап отырмаса, ақшаның соңында кеткен өнер жақсылыққа апармайды. Қазақта «дәніккеннен құныққан жаман» деген ақымаққа да ұғынықты сөз бар. Біз кезінде ақшаға емес, таза өнерге дәніккен едік, өйткені өнер жүректің ісі екенін санамызға сыналап кіргізген ата көргендік пен ана сүтіне қанғандық еді.


 


Елдің есінде болар, ол кезде үш мың орындық өнер сарайына бірде-бір билет сатылған жоқ. Ал қазір бәрі сатылады. Яғни, құныққандар көп. Қазіргі сатира театрларының кемшілігі



  • құнығуда. Не айтып, не қойғанында шаруасы жоқ. Қазақ бұрын дұшпанымен әзілдессе де, әдептен аспай әзілдескен. Қазір белден төмен түсіп кеттік. Ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Мәдениетсіздігімізді, білімсіздігімізді көрсетіп, ұятты болып отырмыз.


Сұхбаттасқан


Елдос Өмірзақұлы


 





Пікір жазу