«ЖҰЛДЫЗДАР ОТБАСЫ» журналының телефон арқылы тікелей сұхбаты
– Орта мектепті бітіре салып Құрылыс және су шаруашылығы институтында оқыпсыз. Соған қарағанда, бала кезіңізде инженер болуды армандағансыз-ау, аға?..
Абай, Райымбек ауданы, Алматы облысы
– Жоқ, инженерлікті армандаған емеспін. Жұрттың бәрі сондай мамандыққа талпынды ғой, ол кезде. «Көппен бірге көрген ұлы той» демекші, оның үстіне класс жетекшім Тасжүреков, Құрманбеков деген ағайларым өте талапшыл болатын, менің нақты мамандықты қалағанымды жөн санайтын. Оның үстіне мектепте өте жақсы оқыдым, математика, химия, физикаға әуес болдым. Өнерге де құмарлығым жетіп артылатын, бірақ «артист» деген өте қиын және біз сияқты ауылда өскен бұйығылардың қолы жетпейтін мамандық, оған өрем жете қоймас деп тартыншақтағаным рас.
– Өзіңіз театрға қанша жасыңызда алғаш рет барып едіңіз?
Еркебұлан, Үржар ауданы, ШҚО
- Нақты есімде жоқ, 3-4 сыныпта жүргенде ғой деймін, өйткені 4 сыныпта оқып жүргенде алғаш сахнаға шыққаным есімде, үнді актері Радж Капурдың «Мен барамын Бомбейге...» деген әнін орындағам. Сол жылдары біздің
«Еңбек» деп аталатын менің 27-разъезіме жақын шағын ауылға көршілес қырғыздың қуыршақ, Тараздың жергілікті
театрының артистері гастрольдік сапармен келіп тұратын. Сахнаға емініп, ең алдында, жерде отырып көретінбіз.
– Талантымен топты жарған драма театры мен киноның танымал актерісіз. Талай өнерпазды тәрбиелеген ұстазсыз, режиссерсіз, бір кездері басшы да болдыңыз. Халық сіздің еңбегіңізді бағалап, жақсы көреді. Жақында өнертану ғылымының кандидаты атандыңыз. Бұл лауазым сізге не үшін қажет болды?
Марат, Жалағаш ауданы, Қызылорда облысы
- Өзім үшін. Өнерде жүрген біз сияқты «әуейілерді» көп қазақ бағаламақ түгілі, байыбына барып жете түсінбейді де. Баланың ойыншығы көреді, мазақ деп есептейді, түкке тұрмайтын нәрсе, оп-оңай дүние деп ойлайтыны жасырын емес. Оған көбіне өзіміз, артистер кінәліміз, орынсыз ыржалақтап, алқалы топта орынды сөз, оңтайлы ой тастай алмайтын ақмақтарымыз бен «сақал-шашын күнге ағартқан», дастарханға батырып бата жасай алмайтын, қазада қабырға қайыстырып көңіл білдіре алмайтын әпербақан, ақылсыз ақсақалдарымыз жоқ емес. Диссертация қорғап, кітап жазбақ түгілі, оны оңдырып оқымайтын артистер де өкінішке орай баршылық. Өзім бүкіл өмірім мен білімімді сарп еткен Ұлы Өнерімді осындай арзан ой мен пәтіксіз пиғылдан арашалау үшін жасаған «далбасам». Дегенмен, ғылымға бой ұрам деп, өзім де әжептәуір тереңге баттым, толыстым, рахат шектім.
– Аға, сіздің есіміңіз аталса, көз алдыма бірден Абылай ханның тұлғасы келеді. Байқасам, театрда да, кинода да үнемі тарихи тұлғалардың кейпін сомдап келесіз. Сізге режиссерлер мұндай рөлді беруге неге құмар деп ойлайсыз?
Бақыт, Қарағанды қаласы
– Бұл жайлы солардың өздерінен сұраған дұрыс-ау, әйтпесе мен олардан я сұрап, я «сатып» алады ғой деймісің.
«Әркім өзінің шыққан тауының биік болғанын қалайды» демей ме, атам қазақ.
– Театр сахнасында Әлішер Науаиды да, Хлестаковты да, Прометейді де, Сырымды да, Ақан серіні де, Абылай ханды да есімдерін атай берсек жалғасып кете беретін көптеген тарихи тұлғалардың, көп спектакльдердегі басты кейіпкерлерің бейнесін сомдадыңыз. Сізге әр рөлдің өзінше ыстық екендігін білемін, сонда да болса, жүрегіңізге ең жақыны қайсы, қайсы рөлді сіз ерекше шабытпен ойнадыңыз?
Айгүл, Есік қаласы, Алматы облысы
– Сахнада, Абылай хан, Демесін, Мырзахмет, Ақан сері, ал кинода Қайыр хан, Шонай, Әбілқайырларды.
– Театр актері ретінде театр сыншыларының ескертпелеріне қаншалықты назар аударасыз?
Гүлназ, Алматы
– Білімсіз ескертпелерін тыңдамаймын, мақалаларын соңына дейін оқымаймын. Біреудің айтағымен жазылған (ондайлар да аз болған жоқ) шатпақтарға пысқырмаймын да.
– Көрермен ретінде қайсы драма театрдың еңбектерін көп ұнатып, барасыз?
Эльмира, Панфилов ауданы, Алматы облысы
– «Шаншар» театрының қойылымдарын сүйсініп қараймын. Жамбыл облыстық қазақ драма театрының кейінгі жылдардағы спектакльдерін ұнатамын. Бізге фестивальға келген қырғыз театрының түркімен режиссері Какаджан Ашир қойған Шыңғысхан туралы драмасына көңілім толды. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар театрының Сағызбай Қарабалин қойған «Балкон» спектаклі де тәуір дүние боп шыққан. Біздің М.Әуезов театрында да жүйрік қойылымдар табылып қалады.
– Аға, 1980 жылдары Кеген ауданы, Темірлік ауылына
бір топ киногерлер келіп кино түсіріп еді. Солардың арасында сіз де бар болатынсыз. Ол кезде мен 6-сыныпта оқитынмын. Бала кезім ғой, сол фильмнің атын, қашан экрнаға шыққанын біле алмадым. Мүмкіндік болса, сіз айтсаңыз?
Нұргүл, Алматы
– Мен білгенде Темірші деген ауыл деуші еді. Онда Сатыбалды Нарымбетов ағаңның «Күзгі бұралаң жолдар» деп аталатын қысқа метражды алғашқы дипломдық жұмысын түсіргенбіз. Негізі Сайын Мұратбековтің осы аттас повесінен алынған. Сатыбалды ағаңыз ол кезде жас, кеудесіне нан піспеген, қазағын кәдімгідей жақсы көретін. Кейін ғой, нағашылары қырғыздарға көңілі көбірек ауып кеткені.
– Қазір қандай фильмге түсіп жатырсыз? Мүмкіндік болса, сол фильмнің қысқаша мазмұнын, өз рөліңіз туралы айтып өтсеңіз?..
Саяжан, Талдықорған қаласы
– «Қазақфильмде» режиссер И.Вовнянконың «№001 жүк» деп аталатын 8 сериялы телевизиялық фильмге, орталық рольдің бірі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасының роліне түсіп бітірдім. Уақиғасы Өскемендегі ядролық шикізаттың шетелдіктердің қолына түсіп кетпеуі жайындағы детектив. Бұлармен қабаттастыра Қалдыбай Әбеновтің «Баһадүр» атты, деректі-көркем фильмінде тағы да ханның, Салқам Жәңгірдің роліне де түстім.
– Аға, көптеген жыл сахнада, экранда халық назарына көп кейіпкерлердің бейнесін ұсындыңыз. Орындаушылық өнердің қыр-сырын оқушыларға үйреттіңіз. Көп жылғы тәжірибеңізден түйгеніңіз бойынша айтыңызшы, актер деген кім?
Әйгерім, Алматы қаласы
– Актер деген – азапкер. Еңбегі еш, тұзы сор. Алайда, ұлтының патриоты, елінің еңселі ұлы, мемлекетіміздің жанашыр жаршысы.
– Актер – сезімнің адамы дейді. Ал, сіз сезімге сенесіз бе?
- Жоқ, алдымен ақылдың адамы болуы керек. Сезім қорғанышсыз келеді, оған ақылдың қақпайы керек. Сезім тек актерге ғана емес, барша адамдарға керек, тасжүрек, кәпір болып кетпес үщін.
– Маған ән орындағаныңыз керемет ұнайды. Ән жинақ шығар-майсыз ба?
Еркебұлан Бабасов, Ақтөбе
– «Меломан» фирмасы биыл ерте көктемде «Өнер адамы» және «Біз әлі кездесеміз» атты екі альбомымды шығарған. Солардың дүкендерінде сатылып жатыр, рас болса, тез бітіп кетеді екен деп қуанып жүр олар. Тағы да шығарайық деген қолқа салған, қарсы болғам жоқ.
– Аға, қазіргі әзіл-сықақ театрларының жұмысына деген көзқарасыңызды білгім келеді? Бір кездегі
«Тамашаның» тарланы Тұңғышбай аға жан-жаққа шашырап, өнер көрсетіп жүрген ұжымдардың басын біріктіріп, «Тамаша» секілді үлкен театрға айналдыру туралы ойламайды ма екен?
Айнұр Бердімұратова, Қызылорда облысы, Шиелі кенті
– Көзқарасым онша емес, арзан күлкіге ауысып барады, қайтейін, «іштен шыққан шұбар жылан» ғой... Ал, олардың басы ешқашан бірікпейді, өйткені бизнес – қатыгез әлем.
– «Көршілер» телехабарының бір түсірілімінде «Еркін Рақы-шовтың «Жетімдері» кино емес» дедіңіз. Осы фильм
шыққан соң, жетімдерге жанашырлардың көбейгеніне талай рет куә болдым. Өзіңіз кино түсіргіңіз келмей ме?
Рамазан, Қарағанды облысы
– Келеді, алайда ақшам, ақшалы әкім, бизнесмен «досым» жоқ. Е.Рақышевтың оқиғасы ойдан шығарылған өтірігіндей дүниені өнер деп есептеуге болмайды. Ол үшін деректі кинолар, жанашыр көбейтуге «Жди меня», «Бармысың, бауырым», «Алақан» сияқты телебағдарламалар бар. Кәсіби өнердің мақсаты көрерменді жылату емес. Оны өнер тақырыбы етіп алғанда, шығармашылдық, суреткерлік өре деген өлшемге «еніп» барып, елді емірендіру керек. Қазақ атамзаманнан жетім-жесірге жанашыр. Ол жаңалық емес, ал өнер тақырыбы терең, биік, өре-талғамы жоғары, білімір болуы шарт.
– Өзіңіз игерген мамандыққа қатты өкінген сәтіңіз болды ма? Болса, қашан, қай кезде? Нақтылап айтып берсеңіз?..
Марат, Алматы
– Біріншіден, мен мамандық «игерген» жоқпын, Басқа қалыпқа, өзге өлшемге өттім. Етікші, инженер, аспаз, дәрігер т.с.с. – бұлар мамандық. Ал, актер – мамандық емес, тұлғалық қасиет. Актерді мамандық деп игеріп, «актер» болып жүргендер – марионеттер, сайқылар, кемталанттар... Осындай екенін ұқпайтындармен кездескенде, «аңқау елге арамза молда» болып, ұлы өнердің қадірін кетіріп жүргендерді жүгендей алмағанда, арзан бағаланған білектің ісі емес, жүректің ісі өнер - аяқасты болғанда өкінетінім бар.
– Тұңғышбай аға, егер көңіл күйіңіз болмаған бір күні үйіңізге қонақ келіп қалса, қалай қарсы аласыз? Сіз қаншалықты қонақжай адамсыз?
Айнұр, Семей қаласы
– Қонақ – құт. Қайта көңілімді көтеруге тырысамын. Арқа-жарқамын деп өтірік айта алмаймын. Асылы, қонақтың айтып келгені дұрыс қой. Заман болса мынау, алашапқын.
– Ұл-қыздарыңыз қандай іспен айналысады?
Аида, Ақтау қаласы
– Үлкен ұлым Сыртқы істер министрлігінде елшілікте. Ортаншым кеден қызметкері, қызым шетелдік банкілердің бірінде жұмыс жасайды. Кіші ұлым 8-сынып, кенже ұлым 1-сынып оқушылары, кіші қызым 4 жаста.
– Қазіргі арманыңызды білуге бола ма?
Ақерке, Мақат ауданы, Атырау облысы
– Аман-сау болу, Өлімші халден де өтіп кеткен Қазақстан Театр қайраткерлері одағын аяғынан тік тұрғызу. Ұл- қыздарымның өмірден өз орнын табуына қолқабыс ету, Алладан солардың тілеуін тілеу.