«ӨМІР – ЕҢ НАШАР ТЕАТР!..»
(«Алтын орда» газетіне берілген сұхбат)
1. Мен сізді алғаш рет Жамбыл қаласындағы Жамбыл педагогикалық институтының қабырғасында студент болып жүрген кезімде, 1989 жылы көріп едім. Біздің оқу орны сізбен кездесу өткізген болатын. Сол жолы ГИДРОда оқығаныңыз туралы айтқаныңыз есімде. Өнерге қалай келдіңіз, не себеп болды? Әңгімені осыдан бастайықшы. Егер өнер адамы болмағанда кім болар едіңіз?
- Мүмкін, бір облыстың әкімі, я бір олигарх болар едім... Бірақ кім біледі, мен тақылеттес арманшыл, әуейі болып өскен ұрпақтан, әділдік пен адалдықтың аулында жиі болғандардан мен айтқандай пысықтардың шығуы екіталай ғой... Біз математика мен поэзияға, физика мен өнерге құмар болып өскен, мектептегі өмірімізді ең таза, ең шыншыл, ең арманшыл ретінде әлі күнге аңсайтындардан, ұстаздарының аттарын бүгінге дейін жатқа біліп, аман жүргендерінің алдын кеспей, әуелгі әдетіміз бойынша бас киімімізді алып амандасатындарданбыз... Мектепте өте жақсы оқыған мен, адалдық деген ауылды айналып өтуден өте нашар, қулық- сұмдық пен қасыңдағы ойы озық сыныптасыңа қызғаныш дегеннен «ноль» деген баға қойылатын «топас» болдым. Хакім Абай айтпақшы, «кімді көрсең – бәрі дос» еді... Он біріншіні бітіргенде, мен де «елмен» бірге Алматыға келгем... Халық шаруашылығы институтына... Екі сынып қатар бітірген жыл еді ол... Ең мықты бөліміне құжат тапсырыппын, бір орынға 25 үміткер... Қысқасы, конкурстан өтпей қалдым, бір балл жетпей... Ол кезде бақандай бес сабақтан емтихан
тапсыратынбыз, солардың бірі, неге екені белгісіз география- тұғын... Содан «қарабет» болып елге қайттым. Үйден шықпай үш ай жаттым, намыс қой... Сыныптастардан бағы жанып, дәрігерлер институтына түскен Исатай деген досымнан бір күні хат алдым, солай да солай, Алматы деген осындай, оқу өте қиын екен, сендерді сағындым,.. деген сияқты. Байқаймын сөз саптауы бұрынғыдан басқа сияқты, әдеби тілмен жазады, мен білмейтін тіркестер кездеседі... Жауап хат жазу керек. Мен де одан қалмайын деп, еңсемді жиып, өлең кітаптарға бас қойдым. Ол кездегі «модный» ақындар
- Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали, Тоқаш Бердияров, Төлеген Айбергеновтер еді ғой... Сөйтіп жүріп, ұят болғанда өлең жаза бастадым емес пе?!.. «Уілдеп алдыңнан ызғырық, Сары аяз бетіңді шарпиды, Терезе әйнегін сызғылап, Суреттер салыпты сан-қилы...» дегендей ғой, баяғы... Сен айтқан Гидро институтына түсердің алдындағы бір жылдың әлетінде аудандық «Шұғыла» газетіне біраз өлеңдерім шығып, кісікиіктене бастадық... Менің егжей-тегжейімнен хабардар оқырмандар біледі – саяқтау өскен адаммын, «ауылым» – 27 разъезд деген темір жол бекеті, тұрғындары екі-үш жанұя ғана. Ертелі-кеш үйден шықпайғы әдетім әлгі – өлең оқу, шатпақтап бірдеңе жазу, домбырамен ыңылдап ән салу... Саржамбас боп жата бермейсің ғой, әкеме көмектескен болып шалғымен шөп шабам, бақшадан картоп қазамын, оларды әкем екеуміз базарға шығарамыз, он бір балаға киім-кешек, шай-суан қант-шай керек деген сияқты... Шатып-пұтып жұмысқа да тұрдым, мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінің белсендісі едім, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Мырзахан Жаңабергенов ағамыз мені жақсы көруші еді, автоклуб меңгерушісі етіп қойды да, Елқаттаған құмындағы қойшылар қыстауын аралап, «қаңғырып» кеттім... Әлгі өлең-сымақтар сонда шатпақтала басталған... Келесі жылы сен білетін Тараздағы Гидромелиоративтік құрылыс инмтитутына түстім. Екінші курсты бітіргелі жүргенде Алланың әмірімен Асқар Тоқпановты кездестірдім, ол кісі ішімде ұйықтап жатқан «жыланды» теуіп оятты... «Беске» оқып жүрген оқуымды тастап, «жын-шайтанға» ілесіп кете
бардым... Сөйтіп жүріп, өнер аулынан бір-ақ шықтық, ол кезде артист деген кәдімгідей қадірлі еді, әркімнің қолынан келе бермейтін, бір Алланың әмірімен келетін икем, ерекше өлшем болатын,.. кейін ғой, алтыншы сорттыларға айналып шыға келгені. Жалпы біздің ұрпақ екі формацияның ауысар тұсына тап келіп, маңдайлары таңқиып қалды, әкелеріміз соғыстан контузия алып келді, ол жара жазылғанша да заман өзгеріп сала берді, алдыңғы орынға ақша шықты, өнер, әдебиет сияқты дивиденттері көзге көрінбейтін өлшемдер күресінде қалды, бұрын өнерлілерге қоғам мақтанышпен, қызығушылықпен қараушы еді, енді керісінше «ой, бейшаралар-ай» деп мұқатып, өп-өтірік «жандары ашитын» сыңай танытады, алайда қиналдым десең қара су татырмайтын таскерең кезеңге, тасбауыр төңірекке кез болдық. Сөйтіп, бүгінгі пысықтардың, ұры-қары, әкім- қаралардың кекетіп айтатын «қияли», яғни аутсайдерлер қатарына қосылып кеттік. Өнер деген ауыл – пәтіксіз поездан қалып қойған алаңғасар жолаушылардың елі, бауырым... Обал-сауап әдіра қалған, ар-ұяты «капут» болған адалдар мен арманшылдардың стансасына ол поезд тоқтамайды... Келесі поезды сарғая күтуге өтіп бара жатқан уақыт пен өмірің шыдата ма. Сол екі арада шығармашыл шабытың шау тартуы, ол кезде тағы бір формация ауысып үлгеруі мүмкін, немесе ол поезға отыруға билет сатылмауы, не қаражатың да жетпеуі кәдік... Кейде, бәрін тастап, әлгі қатігез поездың соңғы вагонына жармасып-ілігіп, заманның ағымына ілесіп кетіп-ақ қалғың келеді, қан-сөлсіз, сәулесі суық заманға қажетсіздігіңді ұғынғаннан асқан қасірет жоқ. Аш қалдық деп ашкөзденіп отырғам жоқ, өлместің күнін көруге ебіміз жетеді ғой... Гидромелиоративтік-құрылыс институтында жап-жақсы-ақ оқып едім, обалы не керек... Жоғарғы математика, сызба геометриясы, сопромат, теориялық механика, жоғарғы физика, жоғарғы химия, металдар технологиясы,.. қойшы әйтеуір, көп нәрсе кемірдік қой, одан шыққан мүйіз кәні... Қалай келдің деп сұрайсың, осы күні кейде қалай кетсем деген сайтан ойдың шырмауында шиырлап жатам.
2. «... ешкім өзінің қандай екенін көрсетпейді де, бетперде киіп жүріп, роль ойнайды. Жалпы, бүкіл қоғамдық өмір – үздіксіз комедия ойнау» депті Шопенгауэр. Сіз актер, яки азамат ретінде осы ойға алып қосарыңыз бар ма? Адамдар шындықтан неге қорқады?
- Шындық деген шіркін, адам баласына өзінің Алланың қолындағы ойыншық екенін жиі еске түсіретін аксиома. Жоғары білімің бар жігітсің, аксиома деген – дәлелдеуді қажет етпейтін теорема. «Жата бермес шындық ит босағада» деген тіркесті нәшопенгауэр Шаханов көкеміз ақындықтың екпінімен еліріңкіреп жазған ғой, ағамыз бекер айтады, ол шіркін жата береді босағада... Айтақтамасаң... Айтақтайтын
«ақмақтар» азайған қазір, тіпті жоқ болып та кетті-ау деймін. Алдына тасталған, алтын жалатқан сүйек тағы бар... Ешкім ешкімнен артық еместі жоққа шығарған, арлы өмір сүруді ақмақтық санаған, өлшеніп берген өмірде алып қалғанды, жеп қалғанды, бек болғанды, жырып қалғанды, сүріп қалғанды, бүріп қалғанды жөн санайтын көн заманда, азғантай ғана қызық көруге жазылған тоң уақытта, ол иттің құйрығын басып қайтеді, қапелімде өзін қауып алуы бек мүмкін... Өйткені Шопенгауэр айтқандай, адамдардың сырт болмысының алпыс проценті өтіріктен тұрады. Бөрілер аштығын білдірмей, сыртына жүнін қампайтса, адамдар бір-біріне сыр мен шынын көрсетпеу үшін күжірейеді. Сондықтан қорқады, ол жарықтық жарыққа шықса жанды ауыртады. Жан жалғыз, ауырта беріп неғылады, жұрттың бәрі шынайы актер дейсің бе, жанын жалаңаштауға бейім... Рас, бәрі де «үздіксіз комедия ойнайды», алайда өте нашар ойнайды, адамдар өте нашар «актерлер», олардың ойыны мен шынының ара жігін ажырату қиын – арамдық пен қулық астасып, араласып кеткендіктен. Ал нағыз актердің ойыны мен шынының айырмасы әп дегенде-ақ білініп қалады, себебі шын дарынды актер өмірде де, сахнада да ойнамайды...
3. «Өмір – ең жақсы театр, тек өкініштісі, репертуары түкке тұрғысыз» – дейді және бір ойшыл. Бұған келісу,
келіспеу әркімнің дүниетанымындағы нәрсе шығар. Менің білгім келетіні, «Әкемтеатрдың» бүгінгі репертуары сізді қаншаықты дәрежеде қанағаттандырады? Кезінде өзіңіз де осы театрда басшылық қызметте болдыңыз, көңіліңіз нені ойлап марқаяды? Нені істей алмай кеттім- ау деп қынжылады?
- Жоқ, өмір – ең нашар театр, сондықтан да оның репертуары түкке тұрғысыз, ондағы «рольдер» де дұрыс бөлінбеген. Роль бөлуші режиссер – Бақ деп аталатын Соқыр Құс, қонбауға керек жерге қонады, қолында таяғы жоқ зағип адамның қалт-құлттаған қадамын елестетеді. Сондықтан да адамдар өнер-театрға келеді, өмір-театрдың өтірік ойындарынан, нашар «актерлері» мен қызықсыз
«репертуарынан» жалыққан соң...
Өзім ішінде жүрген, «әлім-сәлім сырын білген» әкемтеатр жайлы ой айту... ой болғанда оның бүгінгі өресі жайлы сыр ашу – онша оңай да, абыройлы да іс емес. Менің бір Алладан басқадан қорқа бермейтінімді білесің, әңгіме онда емес. Басшылықтан кеткеннен кейін, табаны күректей төрт жылдан соң айтып едім – әкемтеатр 60-жылдардың деңгейіне түсіп кетті, «Абылайхандардың» орнына
«Әңгідүктер» келді деп... Ертесіндегі лездеме-жиналыста әжептәуір сөз болып, «тергеліп», әлдекімдердің айтағымен
«өз құдығымызға түкірмеу керек қой» деген сыңайлы репликалар тасталған. Түк болмағансып, «біреу бірдеңе деді ме» дегендей пысқырып та қарамай, жер қозғалса қозғалмай отыра бергем. «Бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын»,.. айтылған сөз – атылған оқ. Үркетін үкіңіз мен емес, айтқанымнан қайтпайтыным әмбеге аян, кез келген ортада, ой таласының жекпе-жегінде «отвечаюмын» ғой. Ал, айттық, одан не шықты, «осы Тұңғышбайға ешнәрсе ұнамай-ақ қойды, айта берсін, не тындырар дейсің» деген сияқты мән берілмей қала берді... Апырмай, осы кісінікі жөн сияқты-ау, назар аударайықшы дейтіндей құзырлы мекемемізден адам болған жоқ. Басшы болған жылдары
«қырдым, жойдым» деп көкірек қақпай-ақ қояйын, апайтөс қарсыларымның да, мүләйім жанашырларымның
да,.. бәрінің де іші біледі. Қолымнан келгеннің біразын істей алдым, шығармашылдықтың төңірегін ластан, әпербақандықтан, бетімен кеткендіктен, бөтен иістен, қаны өзгенің қаңсығынан тазарттым, талақ тасталған бетпақ қатындай күй кешкен театрға жаңа суреткерлік қалыптың,
«ұмыт болған» ұлттық менталитеттің, әділет пен жөн- жосықтың, шынайы өнерпаздықтың дәнін септім... Қағынан жеріген құлан-маргиналдардың қағажуында қалып келе жатқан қазағымның батыр-билерін, хан-сұлтандарын төрге сүйредім, эрамыздан бес ғасыр ертедегі ғұндар мен сақтардың даусын, есте жоқ ескі замандардың запыранын жеті қат жер астынан шығарып, арсыдан атой салғыздым... Ең бастысы – адал, батыл, бел ауыртып, бой сөгілтіп жұмыс істедім, қай-қайсысының да бетіне бажырайып тура қарай алам, алқалағандарымның да, тізе батырғандарымның да! Арым таза! Ұйқым тыныш! Алқаласам – таланттыларды, тұлпар тектілерді, адал пиғылдыларды алқаладым, тіземді батырсам – шалалар мен кеудесі кердең, алайда іші бос қоңырауларға, бейталант-пысықай жабыларға батырдым! Ал бүгінгі бүлдіргілерге бүгінгілер жауап берсін, Өнер атты кепиеттің алдында!
4. Біз «Тамашаны» бала кезімізден бастап көрдік.
«Тамашадан» сіз кетіп қалған соң қызық болмай қалғаны да есте. Сіз театр мен кинода Абылай хан, Тәңірберген және сол сияқты көптеген кесек образдарға бардыңыз. Өзіңіз сомдаған қай кейіпкерге жаныңыз жұбанады? Өзіңізді таптыңыз ба?
- «Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетті» дегендейсің ғой... Міне бұл да аксиома. Сені қайталай алатын алаңғасардың тентек тәлкегіне айналсаң – құның кем. Мен кеткен соң, менімен бірге кетті менің эстрададағы эстетикам, ділім, тінім, пайымым, парасатым! Арлы да әдемі, әдепті әзілімді де, әлжуамды да өзіммен бірге ала кеттім! Мен ала кетпей «тастап» кетсем де, оны оқсатып пайдалана алмайды кейінгілер, олары қайталау болады, ал қайталау – өнерпаздық емес, майрампаздық. Өз жолдарын салсын – сайрап жатса,
өз эстетикасын телісін – қайнап жатса, өз білімдерін сіңірсін – бойлап жатса! Біздің салған ән бөлек, ой бөлек, мән мен мазмұн бөлек. Осылай болуға керек! Іздесін, сағынсын көрермен, сағыныштың сал шекпенін жамылсын. Ол «Тамаша» енді қайтып келмейді! Қолда барда алтынның қадірі жоқ! Эстетика іліміндегі орысша тілдегі «смешное, безобразное» деп келетін категорияларды қазақ «күлдіргі мен күйдіргі» деп екшейді. Солардың, яғни күлдіргі мен күйдіргінің ара жігін ажырата алмайтын әпербақандардың арбасына мінген аңқау көрермен өздерінен көрсін. Ұнатпаса – бармасын! Барған екен – бүгінгі күлдібадам күйдіргіге ырза болсын! Заманына қарай амалы деген, әр кезеңнің өз сұрқылтайы болады! Құлағыңның түбінде күнде сайрамайтын Бұлбұлы да болады. Олардың да үнін, әнін ажырата білген жөн.
Әрине, Абылай хан, Тәңірберген, Қайыр хан, Әбілқайыр, Құнанбай, Жәнібек, Қараменде би, Кир патша, Демесін, Ақан сері, Эдип патша, Марк Брут, Сырым... Бұлар менің
«дерттерім», барым, нарым... Тарқалған Шерім... Шертілген Мұңым... Ақтарылған Сырым... Жүректегі Сыным! Сүйектегі Шыным! Бағыма айналған Сорым! Сорыма айналған Бағым!!! Осылар арқылы Өзімді таппасам, аузыма әлгіндей сөз түсер ме? Солармен қауышқан жүрек, солар арқылы жұбанбаған жан садаға кетпей ме? Дегенмен, бағым бар екен! Аллаға мың да бір шүкір!!!
5. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сахна сарбаздарына дәріс оқыдыңыз. «Аттың ізін тай басар» дегендей шәкірттеріңіздің көбі қазір ел алдында өнер көрсетіп жүр. «Әке балаға сыншы» ғой...
- Бес дүркін шәкірт ұшырдым. Бұл – жиырма жылдан астам өмірімнің сарпы. Тәрбиелегем жоқ, тәрбие – бесіктен. Үйреткем де жоқ, ол тәлімнен. Тек баптадым, қаупайладым, жондым, аяладым, сипап-сыладым, өзек-негіздеріне дақ, тәлім-табиғаттарына тат түсірмей, соңымнан ерттім. Бұзбай-жармай, ұрмай-соқпай өзім ессіз қастерлейтін Сахна-Мекенге, өзім есепсіз сүйетін Ұлы Өнер Еліне
үкілеп шығарып, аттандырып жібердім... Адалымды, тәр мен тағлымымды, қадір-қажырымды, өре-білімімді, мән- мұңымды, сыр-шынымды алдарына жасырмай жайып салдым... Ұққаны – ұтты, ұқпағаны да ұтты, көштен қалған жоқ, ұлтжанды азамат болып өсті, «қазақпысың» дегенде қара жерге қарамайтын, «иә, сол халықтың ұлымын!» деп, бажырайып тұратын бел балаға айналды. Желтоқсанда
«жараланса да», ақпанда мұздамады. Әуезов театрының алпыс, алыстағыларының отыз пайызы, ұстаз алдымды көргендер... Ту солардың қолында, репертуардың ауыры арқаларында... Бәрінің де тағдыры маған ұқсас, өнердегі өтірікпен қағысып, әділдік үшін алысып, есектермен
«жарысып» жүріп жатыр.
6. «Көшпенділер» картинасы біраз дауға өзек болды. Осы фильм туралы ақ-қарасын өз аузыңыздан естісек.
- Айтпаймын, айтып болғанмын. Мылжың емеспін, бір нәрсені мыжып, езе беретін. Бүлдіргендер батыр болса – өздері айтсын! Әй, бірақ олар батыр емес,.. қағыс ойлы қ...
7. Халық сіздің әншілік қасиетіңізді де жылы қабылдады. Сіз орындаған «Өнер адамы» әні бұл күнде күллі өнер адамдарының әнұраны іспеттес. Әнші ретінде сахнаға тұңғыш рет көтерілгенде қандай сезімде болдыңыз?
- Ән айта білу – сыршылдық. Сырын ашуға сараңдардың табиғаты әншілік ауылдан аулақ. Даусы келсін-келмесін, іштей ыңылдап жүретін адам да сыршыл. Айдалада жалғыз жүріп, «Құтылар күн бар ма екен, Осы қойдан бір күні- а-ай» деп зарлаған қойшы Кенен, сыршыл әрі мұңшыл болғандықтан ақын Кенен болды. Жалпы, қазақ сыршыл һәм мұңшыл халық. Мұңдана білу де тәтті сезім, керіштей қатқан кәпір көңілден құдай сақтасын! Мені де «қойшы» деуге болады, Ыстының қызы Баршагүл әжем екеуміз енелерінен бөліп қозы бағатынбыз, ол кісі қой сауатын. Қойдың айранын ішіп көрмеген ұрпақ, ол дәмді сезбеген соң, қазақи иісі кем
боп өсті амал не, сондықтан да ағзаларында кінарат бар, орыс бола қалуға жылдам. Ауызданғанда өзге дәммен азықтанса, солай болмағанда қандай болады, оларды жазғырудың жөні жоқ. Судан өткен дөнен аттың артқы аяғын сілкитіні сияқты!?.. Қазақы баласың ғой, естіген шығарсың, білетін боларсың, қайсыбір атбегі сыншының қайсыбір патшаның мақтаулы тұлпарының кемістігі – құлын кезінде сиырдың сүтін ішкені жайлы айтқанын. Тамыр-текке түскен кінәрат қиын болады, өрімтал кезде көрген жетімшілдік те өсе келе қатыгездікке, тіпті жетесіздікке апаратынын ата-бабамыз бекер айтпаған. Біздің алдымыздағы апайтөс ағаларымыздың қайсыбір кездерде кейінгіге қатыгездік жасап, алдын тістеп, артын тебетіні де сондықтан. Әкелері кебін киіп соғыстан келмеді, ауыл біткен ағасыз, қариясыз қалды, қалжаның сорпасын ішіп, көкірегі иімеген аналары таңмен бірге тезек теріп, күн баласы үй көрмегендіктен, қағынан өрген қараларының арқасынан қағылуы, маңдайынан иіскелуі кем болды. Менің де шикілік кінәратым бар, соғыстан контузия алып, жамбасына жабысқан немістің оғымен бірге тал бойына порохтың исін тамызып келген әкенің үрпіненмін. Бірақ мен ол иіске мұрнымды көп жарғам жоқ, тұңғыш немересі болған соң, атам Жаманқұл мен әжемнің бауырында бұла болып өстім, ертегі мен эпосқа, жырлар мен шешендік сөзге шомылып, мейірім қанған қазақпын. Қозының соңындағы әжемнің ыңылын құлағыма ғана емес, құйқама дейін сіңірген шығармын. Сахнадан ән айтуыма деген құлшыныс пен серпіліс содан шығар... Әйтпесе, атымды шығарайын деген ой қаперіме кірмеген, айтпақшы, ол кезде онсыз да менің атағым мен шатағым Қазақстанды шарлап тұрған... Әжем әнді өзі үшін ыңылдайтын, мен де солай, өзім үшін айтамын, шер тарқатқым келеді, ой өрбіткім келеді, мұң байлағым, сыр сыздатқым келеді. Менің ойлы әндерімді тыңдауға шыдамы жеткендермен мұңдаспын, доспын, «бұған ендігі жетпегені ән еді» деп кекеткендермен арам алыс алашпын... Ән айту – шахмат, биллиард, карта ойнау емес. Ол – жүректің ісі, бұл «іспен» байыз таппай
«қышынған», ілік таппай ісінген, кеудесіне кекірік толған, адамды сүюі өтірік болғандар «айналыспайды». Әнді
көлеңкесі кеміс, бөтекесі беріш, көкірегі керіш, ізі нас, ойы ластар айта алмайды. Ән дауыстан тумайды, сыпа-тазалықтан, кісілік-кінәздіктен, өзгеше өлшем- қалыптан туады... Қазақтың «әжептәуір ән еді – пұшық айтып қор қылды» деген сөзінің байыбына, тереңіне барсаң, әлгі сөздерімнің астарын ұғасың... «Ән – ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман...» Ақан Серінің осы эстетикалық ұстанымы – сенің бұл сұрағыңның нұсқалы жауабы. Және мұны басқа емес, басқалар емес, Ақан айтып тұр! Сері айтып тұр!
8. Өмір қысқа, өнер шексіз. Қазір ғылыммен айналысып жүрге-ніңізден хабардармыз. Қай тақырып, қай бағытта еңбек етіп жатырсыз?
- Біраз белден астық. «Үлкейдік, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» Хакім Абайдың «қартайдық» деген сөзін аузыма әдейі алмай отырмын. Ол кісі елуінен аса бере қартайғанын мойындаған екен, біз білмейтін себебі көп шығар... Заманы солай, адамы алай, мұңы батпан, арман-шері таттан, өзі зор болғанмен, «сөзін қор қылған тобықтысы», «халқы надан болған соң, қайда барып оңаларын» білмей, ерте қартайған шығар,.. арсыға асыққан болар... Біз сияқты селтеңбай өмір кешкендер, не деп тез қартаямыз, бітірген түгіміз жоқ. Ақсақалдыққа қарасақал кезден дайындалмай, аспаннан түскен, пірлі дастарханда бата қайыра білмейтін, «Құлһу- Алланы» қақпайтын, қазада қабырға қайыстырып көңіл айта алмайтын, саптауында жөні түзу бір мақалы жоқ, күнге ағарған сақалы тоқ «аташкалар» бар. Алпысқа келіп алып, алты жасар баланың ісін істейміз, бар тындырарымыз көршімізді жамандау, артымызды шұқылау, үстімізден арыз жазу, жақсыны көрмеу, бір-бірімізді өлсе мойындамау, босқа күжірею, текке мыжыраю, битке өкпелеу, буынсызға пышақ ұру, сөзге қыңыраю, өсек айту, өтірік мақтану, туға таласу, руға бөліну. Кәріліктің қасиетін қашырмай қартайғандар аз, шал санаулы, шауқан көп, қазымыр қырт қыруар, қазына қария кем, қияли екінің бірі, зиялы ілуде біреу.
...Өнер елі серкелер мен еркелердің елі, алуан-алуан
жүйріктер де, аңғал-саңғал сәуіріктер де өріп жүр. Біріне табынсаң, бірінен қағынасың. Бірінен тойынсаң, екіншісінен қарның ашады. Бірі сүйіндіріп өрге сүйресе, енді бірі күйіндіріп жерге қаратады. Қарапайым халық болса, бәрін де таниды, жақсы көреді, кемін кешіреді, күледі, «итің – әртіс қой» дей салады. Жалпы, Өнердің демей-ақ қояйын, өнер адамдарының қазақ ішінде қадірі кем. Өмір ғой... Неге солай екенін білгім келіп, білгіштердің жазғандарына бас қойдым. Кітап жазбақ түгіл (біреулердің жазып бергенін бұлдап, иемденіп жүргендерден басқа), тіпті оны оқымайтын әпербақан аға әріптестерімнің қатарын көбейткім келмей, қолыма қаламды қайта ұстадым. Екпінім қатты болған болу керек, тіпті өнертанудан диссертация жазып тастаппын. Қорғадым, сахнадан түспей жүрген қазақ актерлерінің тарихында бірінші болып. Сахнадағы сөз сиқырын зерттедім, шешендік сөздің тас жарар да бас жарар сырын ұғуға тырыстым. Ғылым – қорғасыннан ауыр орта екен, белім ауырды, қолым талды, көз майым таусылғандай, жүрегім де шайлығып қалғандай еді... Алайда, өзге өлшемге өтіп алған соң, орта жолдан тоқтаған айып болмай ма, енді ұлттық фольклордың театрмен өзектестігіне ден қойдым, терең құдық екен, батып барам... Кейде кер жалқаулық та қыр соңымнан қалмайды, бәрін тастап, жылы жауып қойып, қағаз- қаламнан баз кешіп айдалаға лағып кетем,.. қазақпын ғой! Қатын-бала асырау керек, қара қазан, сары баланың қамын күйттеуге – ғылымың да, өнерің де мақұрым! Жеңгеңнің бір етігінің бағасын көтере алмайтын көтерем нәпақасы бар... Шапқылаған өмір... Қасқырдың тамағы түзде, жортуылда дегендей... Құдай ақырын қайырлы қылсын...
9. Алпысты алқымдап тұрған сәтте сізді аз нәрсе мазаламаса керек-ті. Өмірден не алдыңыз, не бердіңіз?
- Өмірмен есептесетін саудагер емеспін, алған-бергенімді санамаймын. Бар болғаны өмірді шексіз сүйемін, Аллаһ- Тағаланың Адам баласына сыйға тартқан Дүние-Жарықтың әр күніне ризамын. Мазамды алған «мисыз» ойларымды айтудай-ақ айттым-ау деймін... Атам Жаманқұл тоқсан
жасаған текті қазақ болатын, иншалла, менің де әлі ризығым бар шығар, жетпісті жәукемдеп, сексеніңізден секіріп, тоқсаныңызбен тату-тәтті болсам деген амбицияға толы арман жоқ емес. Әзірге ат үстіндемін, өмірмен есептесетін уақытым келгенде көре жатармыз... Сендер де армандаңдар, аман болыңдар!
Сұбхатты жүргізген
Маралтай Райымбекұлы
Қараша, 2010 ж.