24.02.2022
  200


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

ӨНЕРЛІГЕ СЫН АЙТУ – ӨРЕЛІНІҢ ІСІ

(«Мәдениет» журналының сұхбаты)


 


1.  Қазақстанда он шақты эстрада жанрындағы әзіл- сықақ театрлары бар екен. Қазақтың алғашқы ойын- сауық отауы «Тамашадан» бері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейген осы театрлардың арасында мемлекет тарапынан арнайы фестиваль ұйымдастырса қалай болады? Бұны санның негізінде сапаға көшудің бір жолы десек болмас па?

 



  • Өте дұрыс айтасыз. Түрмеден гөрі театрлардың көбейгені – еліміздің зайырлылығын, өркениетінің биктігін көрсетеді. Сонымен қатар, олар – мейлі, қандай театр болсын, әзіл-сықақ па, басқа ма, жеке ме, мемлекеттік пе, әйтеуір, өнер деген өлкеден. Өнер, білесіз, өзгеше өлшем, ерекше әлем. Өнермен қауышқан әрбір адам экзерсиске

  • тазаруға талпынады. Тазару дегенді кең аумақтан түсіну керектігі белгілі болар. Өнері биік қоғам да – таза қоғам. Өнерін алқалаған мемлекеттің абыройы асқақ, пендеки проблемалары аз. Қай ғасырды алмаңыз, өнерін, әдебиетін өркендеткен жұмхұрияттың атауы тарихқа алтын әріптермен жазылған, ол елдің ұлы суреткерлері бүгінде өз мемлекеттері мен заманының паспорттары сынды. Арғыдағы Грекия мен Рұм мемлекеттерін айтпағанда, бергідегі Франция мен Италия, Алмания, ХVII–XVIII ғасырдағы Ресейдің өркениеттерін ойлағанда, сол кезеңде қоғамын қозғалтқан, ұлтын үкілеген мемлекетінің мерейін үстем еткен ұлы суреткер-тұлғалары ауызға алдымен түседі.


Ал, енді олардың, әлгі театрларды айтам, өре-қарымдары


 


мен хал-қадерлері, қалып-орындары дегенге келсек, ол басқа мәселе, өзге өрнек. Әрине, бұл іштегі қыжылдың сыздатар жері көп, «келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» дегендей, ойласатын, қайта қарайтын, емдейтін, жазатын жаралар жетіп артылады. Міне, осы орайда, өре-қарым мен бағыт-бағдарды бажайлайтын, алға мақсат-мүдде қоятын, қазақы тәр мен тәлімді биіктететін, жол мен жора, қалып пен қағиданы мәрелеп алатын жағдаяттарды оңтайлау мақсатында, сіз айтып отырған фестивальдардың орны бөлек, бағасы өлшеусіз, көмек-сауабы қыруар. Және бұл шара мемлекет тарапынан бастау алуы, қолдау табуы ауадан да артық қажеттілік, дәлелдеуді керек етпейтін аксиома. Театр жеке болмақ тұрмақ, жетім болса да мемлекет қарауында болғаны міндет, өйткені ол – ұлттың үздігіп шығар үні, елдің еңсесінің әні, халықтың хал-ахуалы. Ал мемлекет халыққа қызмет етпей ме? Ендеше оларды күресінде қалдыруға болмайды. Өнерді саралау мен бағалау мәселесіне келсек, бұл – таза шығармашыл одақтардың еншісі, өйткені олар мемлекеттік емес ұйым болғандықтан да, талдаулары тәуелсіз, ойлары орамды, біліп айтады, «қышыған» жерін, қисық тұсын тауып, тіліп айтады. Әйтпесе, Абай хәкімнің,


«өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген тіркестерін бұрыс түсініп, көрінген көлденең көк атты өнерге сарашы болып, салымызды суға кетіріп жүргені бар. Өз арамыздың өзінде шала сауатты ығай-сығай мырқымбайлар, жалпақ шешейлер мен рушыл трайболист-тракторист қыли қыртымбайлар қарадай күйдіріп жүргені де жетеді. Ата сақалы аузына түскен асан-үсендеріміз де сөзі өтер мен қолы жетер жерлерде тауымызды шағып, жығып беріп, жерге қарататыны тағы бар. Өнер жайлы өрелілер сөйлегені керек-дүр.


 


2.       Соңғы кезде сатирик пен қоюшы-режиссер, артистердің арасында бұрынғы Л.Есенов, Ж.Әбдірашев, О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлылардың кезіндегідей шығармашылық бірлестікте жұмыс істеу қалып бара жатқан көрінеді. Осылардың басын біріктіретін арнайы ұйым немесе одақ құру қажет пе? Жалпы, әзіл-сықақ театрлары қай құзырлы мекемеге бағынады?

 



  • Әзіл-сықақ театрларының жекелері ешкімге де бағынбайды. Жалпы, өнер аулының бағыну деген бәледен аулақ болғаны ләзім. Бағыну деген – бас ию ғой, құлдық ұру, құлдыраңдау – өнерпаздың ісі емес және олар жағалайтын жағалау емес. Өнердің қасиетіне, кепиетіне құл болу керек, оның кәсібилік төрінен көрінетін қағидаларына бағыну керек, өнерпаздықты аярлықпен, білімсіздікпен, содырлықпен араластырмау керек. Таза өнерді тізеге басу – тексіздік болып табылады. Онсыз да бір театрға бес бастық қожаңдайды, директор, бас режиссер, көркемдік жетекші, бас әкімші, көркемдік кеңес төрағасы, труппа бастығы... Немесе, үш бастықтың қамшысын бір өзі бүктеп, тақымдап отырғандар бар. Олардың айғайы мен сүрені үш айлық жерден шығып ,құлағыңды керең етеді, өз тәлімін теліп, өз бойының жетер биігіне ғана созылады. «Арыстан тобын ит бастаса...» дегенді айтпайын десең де аузыңа амалсыз түседі. Көрген-білгеніміз бір кісіге жүк боларлықтай болған біздің бір көзіміз жеткені – театрға режиссердің басшылық еткені көп кедергінің ең негізгісі. Режиссер өзі қоятын қойылымға ғана басшы, яғни инициаторы болуы, төңірегіне өзіне теңдей суреткер актерлердің басын қосып, ортақ көркем шығарма тудырулары керек. Бір қойылымның «айғайшысы» бүкіл театрға қожаңдауы шығармашылдық ұжым мүшелерінің ұйпа-тұйпасын шығаратыны, актерлердің әлгі қожайынға құлдыраңдай алғандарының «бағы жанып», момындары мен жеке батырлары назардан тыс қалып, көз жастары көл, жігерлері құм болып, жік-жікке бөлініп, берексіздік белең алары ақиқат. Әлгі ойы өзге, бойы қысқа «айғайшы», өзінікін ғана дұрыс деген өзімшілдікпен өзінен еш қысқа емес өзге режиссердің ішкі құпиясына, лабораториясына қол сұғуға дейін барған қасиетсіздікті көзіміз көрген, көңіліміз суыған соң сөз қылып отырмыз.


Сіз айтқан авторлармен ақылдаста болу, бірігіп жұмыс істеу сияқты қауымдастықтар әлдеқашан әдіре қалғанын өзіңіз де біліп отырсыз. Оның себеп-салдарын ептеп қана суыртпақтатқандаймын. Ал енді одақ құру жағына келсек, жаңадан велосипед құрастырудың не қажеті бар, келсін, зарларын айтсын – тыңдаймыз, талқы өткіземіз, жетер жеріне


 


жеткіземіз. Қазақстан Театр қайраткерлері одағы деген бұрыннан бар, тек кезінде атағынан ат үркетін ағаларымыз апай-топайын шығарып, солардың қолдарына су құйып жүрген кейінгі іні-бастық сиырқұймышақтатып барып, бұрынғы бары мен базарынан айрылып, бәдәуи болып қалған өлімші халі болмаса... Тірілтпекші болып тырбаңдап жүрген осы жолдардың авторы біз пақырыңыз. Ой, бәрекелді деп оң жағымнан табылып, тіреу болғысы келіп жүрген жамағат аз, есесіне кезінде осы одақты ойсыратқандардың қасында жүрген, көрсе де көрмеген болған, білсе де бұларың не демеген дәлдүріштер, енді бүгін әркімге ақылшы болғансып, сынап-мінеп, қайтер екен деп қиқайып, өтірік тұлға, тарысы піскен жерге тауық болып жүр. «Театр.кz» деген журналы да бар ол одақтың, ешкімнің жеке меншігі, ақшалының мүддесі емес, осыған бас болу былай тұрсын, мақала беріп, сұхбат жасауға да кергиді әлгі әпербақандар. Оқа емес, бұл бізге жаңалық та емес, талайын көргенбіз, нахақ таланғанбыз, «итпен – ит боламыз ба», қайта шыңдай түседі, бекиміз. Жұмыс жүріп жатыр, одақ тіріледі, төңірегімізде екі мыңдай тілекшілеріміз бар. Жеке эстрада театрларының өнерпаздарын өгейсітпей бауырымызға тартудамыз.


 


3.   Драма театрларының тарихы арнайы зерттеліп, еңбектер де, сыни мақалалар да жазылып тұрады. Былайша айтқанда қазақ «Театртану» ғылымының мектебі бар деп айтуға болады. Ал әзіл-сықақ театрлары туралы сыни мақалаларды баспасөз беттерінен көре бермейміз. Әр театр өз арбасын өзі сүйреп жүр десек те болады. Әзіл-сықақ театрларын арнайы зерттеп, сыны мен мінін айтып, бағыт-бағдарын айқындап отыратын сыншылар неге жоқ?

 



  • Эстрада театры тұрмақ, бас театрлардың өздерінің өре- қарымын саралап бере алатын сыншылардың өзі некен-саяқ. Театртану ғылымындағы жалғыз ғылым докторы Бағыбек ағамыз да маңдайымызға сыймай, бақиға кетті. Алты кітап оқымай аспандап жүрген ақсақал-көксақалдардың өздері ағамыздың өнердің тазалығын, өнерпаздың білімділігін


 


қалайтын «ала көзінен» айылдарын тартушы еді... Сол кісінің тәрбиелеген бірді-екілі, білімді ұл-қыздары бар, бірақ олардың әлі азу тісі кемік, сындары үркек, менмін деген кейбір театр туралы жазушылар бет бақтырмай жүр. Театр ғылымы бар, оның теориялық іліммен суарылатын сыны бар және мен әдейі жоғарыда сипап өткен театр туралы жазушылар бар. Араларындағы әжептәуір айырманы айыра алмайтындарға уәж айтып керегі жоқ, тек халықтың эстетикалық талғамын умаждайтыны жанға батады. Жалпы, өрең жете бермейтін жерге өңмеңдей беру – мырқымбайлардың ісі екенін Майлин ағамыз баяғыда айтқан ғой... Сонан соң, сын деген жалпы өнерге бағыт-бағдар сілтейтін, «третей соты» емес, ол бағыт-бағдар баяғыда айқындалған. Сын дегенді біз әлі күнге мін деп түсініп жүрміз, «әне жері олай емес, мына жері бұлай болмауға тиіс» сияқты жазу – сын емес, бәлдір- батпақ. Сын – ұққанға зерттеу, зерделеу – ақыл айту, дәрі тағайындап беру емес. Зерделі өнерпаз бүгінгі сынды неге ұнатпайтынын білесіз бе? Өйткені, әлгі сыншы-сымақтың өре-қарымы өзінен төмен, оған қарамай ақыл айтатыны тағы бар. Мұрныңды шүйіріп, кісімсіп ақыл айтқаннан гөрі өнерпаздың өмірге әкелген көркем дүниесінің тылсым сырын ұғуға бейілденіп, сынап-мінемей, суреткер ретінде танып, құпиясын ашуға тырысқан, түсінуге ұмтылған жөн-дүр. Ал біздегі «ақылмандар», «ол былай болу керек қой, баяғыда солай болған ғой, анау кісі былай ойнаған ғой, мына кісі солай сөйлеген ғой» деп рецепт те бере бастайды. Қалай болу керек жөнінде әлгі өнерпаздың одан бұрын он ойланып, жүз толғанғанынан бейхабар білімсіздің боз сөзін қайтсін? Сонан соң баяғыда былай болған екен деп, бір орында тапырақтап тұра бер деп сол баяғылар айтып кетіп пе? Қазақта, «баяғы – Байғожаның таяғы» деген астары терең сөз бар, ой тоқтатуға лайық. Аңқау елге арамза молданың уақыты әлдеқашан өткен. Не жазсаң да ұғып, біліп көкіректің кердеңінен ауысып емес, көз майын тауысып, қазып жазу керек, кейінгіге күлкі болмай. Ал эстрада жанры жайында жазбайтын, жаза алмайтын себеп-тері – ол ауылдың иістері мұрындарына келмейді ғой, білім де жоқ, өз тарапынан білуге тырысу


 


да жоқ. Өнердің бұл парасы бізге кейін келген, ұмытылып барып тірілген, зерделеу де кештетіп жатқаны содан болар.


Жүргізген


Ақмоншақ Ахмет. 22 қыркүйек, 2010 ж.





Пікір жазу