24.02.2022
  120


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«АБЫЛДЫ ӨЛТІРГЕН ҚАБЫЛДЫҢ ДА ҰРПАҚТАРЫ ЖЕР БАСЫП ЖҮР...»

(«Сақшы» газетіне берілген сұхбат)


 


1-2. – Тұңғышбай аға, өзіңіз берген бір сұбхатта: «Өнер


  • өте нәзік ұғым. Өнер – білектің емес, жүректің ісі, ал жүрекке әмір жүрмейді», – депсіз. Осы өнердің төрінен бүгінгі күндегі тәртіп сақшылары аз насихатталып жатыр, мәселен киноиндустрияда, театр сахнасында... Өнер, яғни «нәзік ұғым арқылы полицияның оң имиджі артатыны сөзсіз. Тәртіп сақшылары жайлы тамаша фильм шығып жатса, ол халықтың жүрегіне жетпей ме? ...Ресейде құқық қорғау органдары жайлы қандай кинотуындысын алсаңыз да олардың отанға деген адал қызметі қарқынды насихатталған. Бұл мәселенің бізде әлі де дұрыс жолға қойылмауына не себеп?


 


– Біріншіден, өнердің басты мақсаты – насихат емес, ақыл айтып, қалай өмір сүруді үйрететін оқу орны, немесе уағыз айтатын Аллаһтың үйі – мешіт те емес. «Нәзік ұғым» дегенде де, ол сонша бір қажыр-қуатсыз, әлжуаз дүние екен деген ой туындамаса керек. Өнер – кім көрінген домбаздап ермек қыла беретін, ойын емес екенін ескертуден туған тілектер ол. Абай хәкімнің әмбеге белгілі «Түңлікбайдың қатыны, атың Шәріп, Жарымаған күйеуге сен бір ғаріп, ...Көрінген ит кетеді сарып-сарып» деген аштылау өлеңіне алда-жалда көзің түскен болар... Қазағын Абайдай алқалаған, алайда сол Абайдай «жаңқалаған» ақын кемде-кем. Себеп – сол елін ессіз сүйгендіктен, есін жиғызудың амалынан. Амалсыздан барып, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп, енді екі ұртың!!» демей ме! Қазір де қайбір қымбатымыздың, «жақсы мен жаманымыздың», төріміз бен етегіміздің, өнеріміз бен кереңіміздің, қайсыбір атпал азаматымыздың шын қадірін біліп жатырмыз дейсің?!


«Қолда барда алтынның қадірі жоқ...» та баяғы. Қолдан шығарып алып «өкіндім-айдың» пайдасы бола қояр ма екен? «Тірлігімде сыйласпаған ағайын, Мен өлгенде жыласаң, Құм құйылсын көзіңе!» – дейді Махамбет те. Жөйіт жұрты айтады ғой, «мұсылманның кейінгі ақылымен дүниені төңкеруге болады», – деп. Сол айтпақшы, оң- солына икемі аздар да өнерді былай жасау керек деген ақыл айтып, театр теориясының бақшасын жүндей түтіп жүр.


«Қой, дейтін қожа жоқ», амал қайсы, олар Қалтай ағам айтпақшы, «қожазаменитель» болып кеткен. Қазір қазақтың бәрі артист, бәрі әнші, бәрі режиссер, бәрі драмашы, бәрі киношы, екісінің бірі сыншы, кез келгені сол «нәзік» деп жүрген өнерді басқарушы болып алды емес пе? Көңіліңізге алсаңыз да айтайын, «артист» деген аударылмайтын латын сөзін «әртіс» деп жазатын «жұрнәлістеріңіз» де ақ ешкіні алқымынан бауыздамай, қайрауы кем пышағын буынсызға ұратындары бар, қайсыбірін айтайық... Хош деңіз... Енді тәртіп сақшыларына байланыстыра қойып отырған, алайда екінің бірінің ойында жүрген, үштің бірінің мойнына ілінген екі сұрағыңның да «енесін ұрып, есін тандыратын» жауаптарды тыңда.


 


Полиция қызметкері де адам баласы. Әлбетте, өнер тақырыбы бо-луына толықтай хақы бар. Кино жасауға, театр сахнасынан орын алуына әбден болады. Болғанда қандай! Бірақ оны кім жазады, жазғандарына кім режиссер болады? Ол кезде «Келініңіз» жай ойыншық болып қалуы бек мүмкін. Тәртіп сақшылары не көрмейді, қай құдықта жүрмейді, кімдермен алыспайды дейсіз. Ол құсық сынды құқайлардың бәрін мұрнынан тізбектетіп өнерге әкеле беру міндет емес шығар, әйткенмен, әңгіме жасауға тұрарлық, назар аударуға боларлық, тіпті еліктеп-елжіреуге тұрарлық, айта берсек, жүрегіңе жақын алып, жаныңды ауыртарлық қаншама оқиғалардың, нешеме сұмдықтардың ортасында жүреді ғой ол жазғандар. Осы тұрғыдан келгенде, көршісінің есік құлпысының тесігіне сығалауға құмар бүгінгі қазаққа сол шытырман оқиғалар экранға арбалған албастыдай есін алдырар мартудан бетер әсер етері анық қой. Кезінде кедей болса да, кісінің шошаласына көз салмайтын қазақты, кеңестік идеология кез келгеннің етегіне сығалауды, бірінің үстінен бірі арыз жазуды, көршісі мен көлденеңіне көр қазуды санасына сыналап сіңдірді емес пе? Сондықтан да, бұл күйіп тұрған тақырып, көрерменге қарық болатынына шүбә келтірмейді. Тек сол шытырмандарды ширатып жазатын, драма мен сценарийлерді тектілік пен білікті тұрғыда түзудің құпия сырын білетін, сыртынан жүре алатын сыралғы суреткер кәні! Мазмұнын ғана көріп, мәні мен тәріне, астары мен сәніне, ибасы мен иіне, сыпасы мен сынық үйлесіміне, талғам биіктігі мен тазалығына, тұнықтығы мен тұңғиығына зер сала алатыны аз керенау көрерменнің көзін ашар көкірек сарайы кең, ұлтжанды ұл, өнерпаздығы оң, тас досының талғаты емес, хас өнердің зәузаты болатын белі мен белбеуі өз күшінікі дейтін режиссер кәні! Қазақ өнерінде ондайлық актер де, режиссер де бары бар, алайда олар тектілігінен тұйық, таланттылығынан тарпаң, жүйріктігінен жадау күйде, тек білімділігінен бетпақ емес, жараулығынан жалмауыз емес. Оларға жол тар, алды- артына «су сеуіп» тайғақтандырып қойған тасмаңдайлар бар. Іштерінен тынып, тас бекітілген індерінен шыға алмай әлек. Жоғарымен әмпей досы жоқ, төмендегілерінің «халың


 


қалай» деуге көңіл қошы жоқ. Айналасы «ойбай, өлдім!» десе де қара су татырмайтын, татыра алмайтын ынжық, тартыншақ. Сіз сөз қылып отырған Ресейіңіздің есепсіз түсіріліп жатқан ессіз сериалдарының тым биікте тұрған талғам таразысысына сай келуінің аулы алыста, алайда таланттылары мен тарпаң мінезділеріне еркіндік беріп, екі күннің бірінде жаңа киноның тұсауы кесіліп жататыны қызығарлық һәм қызғанарлық жағдай. Ол – елдіктің көрінісі. Оны айтасыз, кино сияқты сүйкімі онша көп емес көрінетін сол ресейліктердің театр қайраткерлерін, оларды оқшауландыратын қоғамдық ұйымдарын, яғни Одақтарын алып қараңызшы, абырой сыпаттары министрлерінен де биікте сияқты. Жасап жатқан шараларынан басың айналады, театр өнері кино сынды қимылдайтын сурет емес екенін жақсы білетін ресей үкіметі, оларды ерекше қадірлейтінін өз көзімізбен көріп, алмағайып бірер шарасына төбе көрсетіп, қатысып келген айдаладағы біздің мерейіміз өсе түскенін жасырып қайтеміз. Ал, қазақтың киношыларының жасаған бәлдір батпағына жиналған намысы бекем, алайда үміті жетім көрермендер санынан, сырбаз болғандықтан да онша әйгілі емес, сыпайылығынан қарапайымдығы басым қазақ театрларының залына жиналатын қазақтардың саны бәленбай есе көп екенін есеп-қисаптан хабары бар кез келген шенеунік шын санаса көзі жетер-ақ еді, не шара, есеп білетіндерінен гөрі есептемейтіндердің, өз есебіне келгенде жүйріктердің саны артық. Біздің Елбасымыз өнер десе ішкен асын жерге қоятын елгезек жан екені төрткүл дүниеге аян, алайда ол кісінің үмітін ақтап, шын қуантып жүрген киношылар, турасын айтайық, әзірге жоқ. Ол төңірекке өңшең бір сумақай, сұғанақ қолды біреулер топтасып алған сыңайлы демеске амалың қалмайды. «Қырамыз, жоямыз» деп, мемлекет ақшасын күректеп шашып, күлдібадам кино жасауға беттері шімірікпейді, кешке көрген ол киносының сықпытына құсқың келгенмен, ертесіне ұялмай-қызармай тағы да ақша алып, енді келесі бидай-былдырығын түсіре бастағанын естігенде тілден қалғанмен таң қалмайтын болдық. Өзге елдің қаражатымен өз елінің қадірі мен қасиетін қашыратын жылым фильм түсіргіш маргинал киношыларға


 


әзірше дауа да, «әй дейтін әже де жоғы» жанды ауыртады, амал не? Жат жұрттың, шет елдің кекетіп берген сый- шекпенін бұлдап, мақталуынан басы айналған мұндайларды қазақ санатына қоспай-ақ қойса да болар!


 


3.     – Сізді халық талапты шәкірттер тәрбиелеп, олардың талантын ұштаған ұстаз ретінде де сыйлайды. Шәкірттеріңіздің бірі Сәуле Әбединова: «Тұңғышбай ағаның шеберханасында екі жыл дәріс алғаным бар. Сонда ол үнемі: «Сахна – қасиетті қағба. Сахнаның киесінен қорқу керек. Сахнаға шыққанда «бісіміллә!» деп оң аяқтарыңмен аттаңдар. Сахна бір-ақ сәтте әуелетіп аспанға көтереді, немесе бір-ақ сәтте құлдилатып шыңырауға лақтырады...» дегенді әр сабақ сайын қайталайтын. Бар білгенін үйретуден жалықпайтын»,


  • дейді. Сол қасиетті сахнада «бісміллә» деп, Отандық полицияның ролін сомдауға қалай қарайсыз?


 



  • Ондай тәжірибем бар, Қазақ теледидарында кезінде бірнеше сериялы бейнефильм жасалынған, Оны В.Голосков деген режиссер түсіріп еді. Ол ертеректе, М.Есболатовтың министр кезінде болған уақиға. Сол кісінің басынан өткендерінің негізінде жазылған, болған уақиғалардың ізімен түсірілген дүние болатын. Мен басты рольде, сол министрдің аға лейтенант лауазымындағы прототипін атқарғам. Ол фильмнің қазір қай жерде шаң басып, немесе шіріп жатқанын бір Аллаһ білетін шығар, жоғымызды іздеуден гөрі барымызды жоқ қылып жіберуге «мәстір» елміз ғой. Белгілі тәртіп пен жарғы бойынша, ол кезде құқық қорғау қызметкеріне мұрт қоюға болмайтындықтан, онымды қырып тастап, бірер ай тып-типыл боп жүргенім бар. Театрға кіргенімде, күнде көрісіп, әзіліміз жарасып жүретін әріптесім Бақыт Жанғалиева танымай қалып, сызылып, «сәлеметсіз бе, ағай» деп, қылымсып амандасқаны есімде. Осы кішкене эпизодтың өзі-ақ, біз сөз қылып отырған полицейлеріңіздің қыз-келіншектер арасындағы қадір-қасиетінің қаншама екенін анық көрсетіп тұрған жоқ па? Ал, Бақытыңыз болса, ол кезде басы бос, қылшылдаған жас, көрерменнің


 


көзайымы, театрдың көз сүріндірер таңдаулысы болатын. Әрине, пьесасы мен сценариінің сүйегі кәсіби деңгейде жазылып, дос-тамырларын ғана түсіретін «асан, үсен, түке, тәкеңдерден» басқа шынайы көркем дүние жасағысы келетін нағыз суреткер режиссер менің суреткерлік санатымды ұнатып қолқа салса, кейпім мен кеспірім кейіпкердің ішкі- сыртқы қалып-нұсқасына сай келіп жатса, неге сомдамасқа? Сөз арасында айта кеткім келіп тұр, ішімде тұншығып қалмасын, маған осы бір «сомдау» деген сөз онша ұнамайды, актерлерге емес, мүсіншілерге қойылатын сұраққа пайдалану керек шығар. Негізі, кейіпкердің кейпін кешу десе, сол арқылы өз ішіндегі ой-пайымдарын жалаңаштау, тіпті болмаса, ролін атқарған, жасаған, орындаған деген дұрыс сияқты көрінеді маған. Ал Сәуленің мені ұстазым деп санап саралағанына, көрген-білген-тергендерім мен айтқан әңгіме-дүкендерім әлі есінде екеніне көңілім босап, ішім жылып отыр. Аузымды ашсам, аржағымнан жүрегім мен шынымның шеті шығып қалатын бейбақ басым, кезінде ол шәкіртімнің маған өзеннің ар жағынан тас атқандарға тілектес болғаны еріксіз есіме түскенін несіне жасырайын. Рас, журналист ретінде еш жаққа бүйрегі бұрмай, қалыс тұруы керектігін түсінуін түсінем-ау, алайда сол кезеңде, сол бір қараниет қыртымбайлардың арбауына түсіп қалғанын ол да білмеген шығар, ондай сақтық пен қулыққа үйретпеген өзім едім. Жалғыз Сәуле емес, басқа шәкірттерімнің де жетістіріп сәлем беріп жүргені шамалы, заманның бұрылыс- қалтарыстарына бой ұрып, басқа «аға», өмірлеріне қажетті өзге «ұстаз» тауып алғандары да баршылық, ұятты бетіміз қызарғанмен, миятты етіміз үйрене бастады ғой оған. Сахнаны қастерлеуді қайта-қайта қадап айтатыным есінде қалған Сәулеге мың алғыс, ол маған емес, сахнаны ойын деп кемсітетін, құнын арзандататын оспадарларға керек. Өткенде, сол Сәулемен бірге оқыған Ұлан Нүсіпәлиевтің


«Айқын» газетіне берген сыр-сұхбатына да тәнті болдым. Ағамыз болмашыға босай салатын бопты, қартаяйын деген бе деген ойдан аулақ болсын, әзірге зар бабымдамын, күрескерлігімнен тайғам жоқ, сол баяғы айқасқаным – айқасқан! ...Тек шындық пен әділет үшін күрестің көбіне жеңіліске ұшырайтыны мұңайтады.


 


4.  – Тұңғышбай аға, өнертану ғылымының кандидаты ретінде өз пікіріңізді айта кетсеңіз, отандық ведомстволардың тілін түзеу үшін, М.Шаханов айтқандай, тіл полициясын енгізсек дұрыс болар...

 


Мен диссертациямды қазақтың шешендік өнері мен актерлік шеберлік төңірегіндегі байланыс пен сөз құпияларын зерттеу тақырыбында қорғағам. Сондықтан бұл жайлы тілімді қышыта берсең, талайға кетіп қалармыз. Рас, шенеуніктердің көпшілігі өз тілімізде ойын жеткізе алмайтындары жанымды ауыртады, тіпті ашындырады да. Шын кіріссең, шыбынның да тілін үйреніп, шүйіркелесіп кетуге болады ғой. Оны айтасыз, әлі күнге қазақша көсіліп сөйлей алмайтын қазақ актерлері да бар, оны қайтесіз! Мұхтар ағамызша, «өйту керек, бүйту керек» деп, елдің берекесін ала берудің де қажеті жоқ шығар. Елбасымыз қазақшалап, өзім деп айтқан өзек жарар сөздерді керенаулықпен кейінге қалдырып жүретін өзіміз емес пе? Өзге ұлтқа өктемдік жасамай, өзіміз өз тілімізде сайрайықшы әуелі! Қазақша кітап оқиықшы, жаман ба, жақсы ма, қазақ театрының қойылымдарынан қалмайықшы! Жүректен шығып, құлақтан кіріп, бойыңды алар қазақ әндеріне құлақ түрейікші! Жаман дейтін қазақы қылықтың, шала шекспирлердің, қыли қыртымбайлардың, асан-үсендердің, мәке-сәкелердің жолын кесейікші, жақсыға тізгін қияйықшы! Тілден гөрі ар полициясын енгізуді ойлау керек боп қалды ендігі!


 


5. – Елбасы жолдауында ІІМ-ге қатысты тапсырмалар көп. Жалпы, сіздің ойыңызша, ел тыныштығын сақтауда олардың үлесі қандай? Сақшылардың жалақысын көтеру


  • олардың жұмысына деген ынтасын, әлеуметтік мәдени деңгейін қаншалықты арттырады?


 



  • Қазақ деген тәртіптілігі мен көнбістігі, сөзге құлағыштығы, момындығы мен бауырмалдығы бір басынан асқанмен, қайыру білмес асау жұрт. Ел болған соң, кем-кетіксіз бола ма? Жеріңді көтеріп көшіп кете алмайтын, салт-санасы сан алуан құдайы көршілерің бар.


 


Төріңде көгеріп-сазарып көгілдір экран тұр, дүниенің төрт бұрышынан неше түрлі сұмдықтарды алақаныңа салып беріп отырған. Өзінің таңсығынан гөрі өзгенің қаңсығына құмарта кететін алып-ұшпа жастарымыз, алақ-жұлақ еркелігіміз, әркімге бір еліктегіш елпең мінезіміз де бар. Сырттан келіп, сынымызға сына қақпақшы болатын қара ниетті кірмелер, қаншама қоғамдар мен секталар, қазақтың осындай табыстарға жетіп, өзі сындылырдың оза шапқанын көре алмайтын көп дұшпан да жоқ емес. Әрине, сақ болу керек, әрине сақшылардың үлесі мол. «Үй артында кісі бар», абай болған жөн. Иен далада еркін өскен халықты жүген- құрықсыз бос жібере салуға да болмайды. «Әй, дейтін әже», қашанда керек. Тас түйін боп бірігудің, қауқылдасқан ел болудың жолы ауыр, бас ие керек, басалқалы тәртіп керек. Сақшылардың өмірі өзгелер қызығатындай онша оңып та тұрған жоқ, қиыны қиын. Жасалынып жатқан шаралар да жоқ емес. Еңбектері бар. Алайда бәрі керемет, жанымыз тыныш, ертеңіміз емін деп өтірік айта алмаймын. Қоғамдағы қиюы кеткен кем-кетіктерді, тәртіп бұзушылықты, ең бастысы, елдің ұйқысының тыныш болуына келсек, білек сыбанып кірісер шаруалар көп-ақ. Өз басымнан өткен бірер уақиғаны ғана еске салайын. Менің автокөлігіме осымен бесінші рет шабуыл жасалды, яғни тереземді сындырып, іште жатқан бүкіл құжаттарымды ұрлаттым. Тіпті, кезекті біреуі тап қала әкімшілігінің алдында, шаңқай түсте болды. Әдет бойынша, полицейлерді шақыртам, болған жайды баяндаймын. Ол жігіттер менің өзімді екі сағаттай тергеп, саусағымның іздерін, неғып жүргенімді, бұл жерге қашан, не себеппен келгенімді тиісті қағаздарына жазып, қысқасы, менің өзімді тергеп болған соң, ақыр аяғында қайта арыз жазуыма ақыл бере бастайды. «Мейліңіз, ерік өзіңізде, дейді олар, біз бұған қылмыстық із қозғаймыз, сізді әлі де талай рет кеңсемізге шақыртамыз, жауаптаймыз. Бірақ, сізге зиян шектірген ұрыны жұғарақпанда ұстап, құжаттарыңызды тауып береміз деп, сізге уәде бере алмаймыз. Ал, бізге бұл істің созылмалы болғаны абырой әпермейді, ашылмаған көп істердің санын көбейткені болмаса» деп, өзімді ұялта бастайды. Сонымен, «ойбай, жаздым-жаңылдым, өзім


 


кінәлі, құжаттарымды қайда жоғалтқаным есімде жоқ, сөзімді қайтып алдым» деп зорға құтылам. Ал бұл жолғысы, бұрынғыларынан бөлектеу, машина тонаудың жаңа үлгісін ойлап тапқан екен, әлгі сабаздар. Алдымен дөңгелегін пышақпен тесіп, оның желі шығып тоқтағанынша соңыңнан жүріп отырады екен, «болған іске» өкінгеніңмен, амалсыз қосалқы резинаңды мықшыңдап ауыстырып жатқаныңда, салоныңды тінтіп, керегін алып жөніне кете беретін бопты. Әрине, екі-үш күн өткен соң, «құдай жарылқап», Рысқұлов пен Емцова көшесінің қиылысындағы «Ильзат» кафесінен «сіз құжаттарыңызды бізде ұмыт қалдырыпсыз, бізде жатыр, алып кетіңіз» деген хабар келгені. Қуанғаным сонша, әлгі кафенің сатушы келіншегіне сүйіншімді табыстап, құжаттарымның түгел екеніне көзім жеткен соң, әлгі ұрлаған сабаздарға кәдімгідей риза болып қалдым, өйткені мұндай «мырзалықты» бірінші рет сезініп отырмын. Алдыңғы төрт рет ұрланғанымда, теледидарға, «Пан и каға»


«за вознаграждение» деп зар илеп хабар бергеніммен, ізім- қайым ошар болмаған соң, салпаңбайлықпен құжаттарымды жарты жылдай әуре болып жүріп, зорға қайта жасатқам. Бір қарағанда, бұл өзі онша мән бере қоймайтын уақиға болғанымен, маған қаншама эмоциялық азап болды десеңізші? Өгіздей кейпіңмен соншама ашықауыз- аңқаулығыңа күйіп-пісіп, өзіңді өзің күстәналайсың, «жылап ішіп, шыңғырып «кіш» етіп» тапқан азын-аулақ нәпақаңнан айрылғаның жігіттік намысыңды жермен-жексен қылады. Үйіңде саған сеніп, қолыңа қарап отырған бала-шағаңның аузынан жырып, еңбектеніп тапқан табан ақы маңдай теріңнің үлесі айдаладағы бір алаяқтың оңай жемі болғанына налисың. Талай-талай баскесерлерді ауыздықтап жүрген полицейлердің осындай кішігірім алаяқтықтың тамырына балта шаба алмай қалатындарына қайранмын. Пессимистер болса, «өй, олардың өздері солармен сыбайлас, проценттерін алып тұрады» деген сұмдықты айтады, кімнің аузына қақпақ боласың. «Майда-шүйде» деп мән бермегеннің аяғы осындай сенімсіздікке апаратыны ақиқат қой. Меніңше, қылмыстың майдасы болмайды. Бұл жерде ел намысы ортаға түсетінін, мемлекетіміздің    абыройы    арзандайтынын    әсте    естен


 


шығармаған абзал. Ал патриоттық сезім алатын жалақымен тура пропорционалды емес, біз де жүрміз ғой, Асанәлі Әшімов екеуміздің айлық жалақымыз жетпіс мыңнан зорға асады. Бұл – театрлардағы ең үлкен жалақы, «Рамсторға» екі кіріп шығуға жетеді, облыстағы азапкер актерлердің түсіне де кірмеген сома. Алайда, күнде кешке көрермен алдында


«қол сынса – жең ішінде» болып зорайып, жанымызды жалаңаштап, отансүйгіштік пен ұлтжандылықтың ақшаға айырбасталмайтын үлгісін көрсетеміз.


 


6.   – ІІМ қызметкерлеріне қатысты қызықты оқиға өміріңізде болды ма?

 



  • Өте көп, қайсыбірін айтайын. Мәселен, МАИ қызметкерлері артымнан қуып келіп, мені таныған соң, көңіл күй, ұнжырғалары түсіп кетеді де, «аға, жүре беріңіз, әшейін амандасайын деп едім» деп қала береді. Сыйлағанына рахмет, мен өзі кәнігі жол ережесін бұзушы әпербақан емеспін, тәртіпті болуға тырысамын, дегенмен, кейде байқамай қаласың ғой. Ертеректе, Сағындықов деген майор жігіт, тоқтатып алып, маған әбден мораль оқып бәле қылған. «Ну и что, если Вы артист, надо обязательно нарушать, кто Вам дал такое право, платите штраф» деп қоймайды. «Ағатай, екеуміз де қазақпыз ғой, өз тілімізде ұрысшы!» деп намысына тиген соң ба, зорға қоя берді. Мен де қырсық екем, ақыры бір тиын айыппұл төлемей жөніме кеттім. Есімде мәңгі қалғаны – қызықты емес, алайда оның ұмытылуы да мүмкін емес, жанымның ешқашан жазылмайтын жарасы, желтоқсан көтерілісі кезіндегі уақиға. Ресейдің карательдерінің табанының астында тепкіленіп жатқан мені ажалдан алып қалған сол кездің милиция майоры Ерболғанов Есмұрат деген азамат болатын. Бүгінде Талдықорған қаласының тұрғыны, «мен сүйтіп едім» деп ешқашан міндет қылмаған мінезді жігіт.


 


7.  – Қоғамның беделді ел-ағасы ретіндесізді қоғамдағы қандай қылмыс түрі алаңдатады, және онымен күресу шаралары қандай болуы керек?

 



  • Қылмыс атаулының бәрі алаңдатады, ол деген дерт қой. Дерттің ауырын да, жеңілін де емдеп жазбай болмайды емес пе, әйтпесе асқынып кетеді. Жеңіл екен деп жасырудың да қажеті жоқ, «ауруын жасырған өледі» дейді атам қазақ. Кісі өлтіру, ұрлық жасау былай тұрсын, күншілдік те қылмыс, мұңсыздық та – қылмыс. Ұлтын, елін сүймеген де, ол үшін күймеген де – қылмыс. Жақынына жаны ашымағандық та, немкеттілік те – қылмыс! Қылмыссыз қоғам – адамзаттың ежелгі арманы, амал қанша, ол тек Аллаһ Тағаланың құзырындағы Жұмақта ғана орнаған шығар... Ізімізге Ібіліс түскен соң, жазатайымдар көп болады ғой. Абылды өлтірген Қабылдың да ұрпақтары жер басып жүр... Адам баласының көз жасы құрғар жер бетіндегі мамыражай тыныштық үшін күрес толастамай-ақ қойсын!


 


8.   – Арманыңыздағы әлі ойналмаған роліңіз бар ма, алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

 



  • Көп. Әрбір күнім арман. Онсыз таңым атпайды, ертеңімнің, өмірімнің мәні таусылады. Мен актермін, Адам баласының өмірін, тағдыры мен арман-мүддесін жақсартудың жолындағы шермендемін. Бұл мақсаттың шегі жоқ.





Пікір жазу