24.02.2022
  318


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«ТЕАТР – МЕНІҢ ҚАСИЕТТІ ҚАҒБАМ»

 


(«Егемен Қазақстан» газетіне берілген сұхбат)


 


Тұңғышбай әл-Тарази...

Қаншама жылдардан бepi еліне етене таныс осынау есімнің алдына атақ лауазымдарының сөлкебайларын саудыратып анықтауыш қоюдың қажеті бар ма? Белгілі қағидаға жүгінсек, қайта, керісінше, кезінде Тұңғышбай Жаманқұловтай топ жарып шыққан дара дарын иесіне берілгендігі қазір сол атақтардың өзін көркейтіп, беделін көтеріп тұрған жоқ па. Шалдың баласы, Жаманқұлдың


«жаманы» қазақ өнерінің халқы хан көтeріп қадірлеген, жұрты жыртыла айрылып ардақ тұтқан, мемлекеті мойындаған, үкіметі үкілеген жақсысына айналды. Әке-шешесінің тұла бойы тұңғышы, әттең, атасының сүйіктісі болғасын амал бар ма, туған анасы, яғни

«жеңешесі» үшін өмір-бақи «Әйбала» атанған Тұңғышбай. Қазақи ділдің, ағыл-тегіл өлең-жыр мен суырылған шешен тілдің уызына жарыған Мойынты-Шу, Қаратау-Жаңатас өңіріндегі 27-ші разъездің жүгірмегі Тектұрмас әулие тербетіп тұрған Тараз топырағынан түлеп шығып, қазақ өнері мен мәдениетінің ендігі әлетте балталаса бұзылмас тарихына кірді. Ұлттық театр мен киномыздың аймаңдай саңлағы дерлік абырой биігіне көтерілді, тұлғалық дәрежеге жетті. Сегіз кырлы, бip сырлы бекзат болмысымен өнер киесін елжіреп сүйе білу сыйын тәңірім Тұңғышбайға мейірленіп тартқан екен. Мұны да біз жай ділмәрсіп айтып отырған жоқпыз. Тұңғышбай өнернамасы, өнерінен ажыратып болмас өмір тарихы айтқызады бұл риясыз пайымдарды. Осынау әмбебап сырбаз өнерпазда өзінің суреткерлік миссиясын соншальқты нәзік түсінер сезімтал жүрек барлығы да қазақ көрерменінің талай жылдардан бepri көз қуанышы, көңілінің сүйініші дер едік. Өміріңнен ажыратсаң адыра қалатын, жан тазалығының кәусар бұлағынан сусындамаған күні қу медиен шөлге айналар, шындықтан көз жазган шақтарда көрсокыр кереңнен


 


бетер шошындыратын өнердің киесі мен құдіреті жайында қазақ театры қарашаңырағыньң тұлғалы ұстынындай Тұқаң, Тұңғышбай әл-Таразидың ұстамды да ұста толғaныcтapын тыңдаудың өзі бip ғанибет-ау.

– Әуел бастан әлхиссалап айтарым, айтып та жүргенім сол, өнер бөліп-жаруға келмейтін біртұтас   ғажайып әлем. Оның сала-сала алуан қырлары бір-бірімен жұлын- жүйкедей байланысып жатыр, тарам-тармақтары қан тамырларындай тартылады, оның ешбірін білместікпен үзіп алуға болмайды. Сахнаның сыртында да өмір бар. Екеуі қaқ жарылған сәттен бастап шынайы суреткерлік өлшем өледі. Сахнада тоғышарльқ пиғылға орын жоқ. Сахна – адамзаттың кіршік түсірмей аялайтын ең сұлу да сырбаз сезімдерінің көрініci. Ол арзан ойынның емес, күpсінic аралас көктем көңілдің қымбат күлкінің барқадар тал бeciгi, түcінe білгенге табалдырығынан аттағанда-ақ таңғажайып әлем басталатын театр – киелі, қапиетті, қасиетті Қағба. Мен нақ осындай өнер әлеміне өлердей ғашықпын. Шамамның келгенінше, өремнің жеткенінше мен осы Қағбаның ішінде «ойнауға» емес, өмір сүруге тырысамын. Шығармашылық жолымда бітірген бірдеңелерім бар болса, осының арқасы шығар. Мұндай жанкештілік неге керек десеңіз, бipeyre жағыну үшін, не болмаса көпке танылу үшін емес. Азаматтық сынында арылу үшін керек. Және де биіктік деген асқарды сағыну үшін! Тереңдік деген тұныққа табыну үшін! Шындық деген жоққа сарылу үшін! Тазалық деген тәпсірге бағыну үшін! Мен осы күйікке айналған арман-аңсарларға жетпекші болып шарқ ұрған, сол жолда кей шақта от-жалынға да шарпылған шермендемін.


 


– Тұқа, бұл айтқандарыңызды сіздің өнердегі кағидатыңыз деп білсек, әрбір адам өз кәсібін дәл сіздей құрметтесеші деген ой ұшқыны да біp тасадан қылаң беретіні анық-ау.

 


– Таңдағаным кәсіп емес, құдайдың бұйыртқан нәсібі десек, жөн болар. Өстіп жаңылыс басқан қаламгер ағайындарға ылғи осындай түзету жасаймын. Актер,


 


режиссер, суреткер, жалпы, өнер атаулы мамандыққа жатпайды. Бұл дегеніңіз өмірлік ұстаным. Бүкіл болмысыңды түгелдей, тұтастай билеп, баурап алатын қасиет, саналы сезім, сезімтал сана. Kicілік те, парық та, парасат та осының ішінде. Осы критерийлер тұлғалық деген толағай ұғымға алып барады. Осылардың бәрі менде бар деп күпірлік етуден аулақпын, бірақ Алла-Тағала санама тап осыны түсінетіндей аз-мұз сәуле себелегеніне мың да бip шүкірлік етемін.


 


– Тұқа, өзіңіз айтқандай, өнердің киелі әлеміне қолыңыздан жетелеп кіргізіп жіберген қамқор ұстаздардың ішінде кімдерді атар едіңіз? Қазақ театрының алыптарынан, могиканның соңғы тұяқтарынан қандай тағылым ала алдыңыз, жаныңызға кімдерді жақынырақ тұттыңыз?

 


Бұл арада бip ескертіп қоятыным, «өк деген өгізге де ауыр» демекші, әуелі кім де болса жетекке көнетінді, санасында саңылауы барды, болайын деп тұрған баланы жетелейтінін ұмытпайық. Әйткенмен, өлең жазатын, ән салатын, онша-мұнша пьесаларда ойнайтын өнерім мектеп қабырғасында жүргенде-ақ белгілі болғанымен, мен басқа мамандықты қалағанмын. Сөйтіп, Алланың назары ауған шақта мендей күнәһар пенде табиғат дарытқан бұлан бұлқынысын басып, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында озат студенттердің бipi болып оқып жүрген. Сол бетімде «бөтелкеден жынымды шығарып   алмай» оқи бергенде бүгінде сол саланың біркөрме беделден де кұралақан қалмаған белгілі бip маман қайраткері болып жүретініме де күмән келтірмеймін. Өйткені, қолға алған қай icтi де жеріне жеткізер тынғылықтылығым мен жауапкершілігім өзіме аян. Өнер әлемінің есігінен сығалап, қасиетті табалдырығынан аттағаным үшін екі адамның есімін өмір бойы қастерлеп келемін. Есіктен сығалаған қазақтың әне-міне дегенше төрден табылатынына да тipi мысалдың бipi менмін. Инженер болам деп жанығып жүрген менің азап арқалайтын бағыма болар, Жамбылдың облыстық театрына


«Абайды» қою үшін Асекең – Асқар Тоқпановтай өнер


 


пайғамбарымыздың келе қалғаны тағдыр-талайымды күрт өзгертіп, мүлдем басқа қиянға бастады. Атақты боксшымыз Cepiк Қонақбаевтың әкесінің туған ағасы, мектеп директоры, әдебиет пәнінің мұғалімі Ерімбет Қонақбаев ағайға Асекең:


«Өнерлі балалар театрға келмей жүр. Артисті ойыншық деп есептейді» деп қынжылса, Ерімбет ағам: «Ойбай, Асеке, осындай бip бала бар, өзі әнші, өзі өлең жазады» деп мені көкке көтере мақтайды. Мұндайда қарап тұратын Асекең бе:


«Маған дереу келтір сол баланы!» деп әмір өтеді. Тараздың


«Атшабар» деп аталатын алаңы бар. Қақ төрінде Лениннің ескерткіші болатын, қазір Бәйдібек бабамыз тұр. Сол арада екінші курстың емтихандарына дайындалып жүріп, жаңағы екі   ағаға   ұшыраса   кеткенім.   Сәлемімді   алар-алмастан:


«Міне, мана айтқан бала осы!» деді Ерімбет аға қуанышын жасыра алмай. Асекең сол арада менімен шұқшия танысып, басын бip жағына қисайтып отырып ұзақ қадалды.


– Ы, инженер боламын де! Омай шіркін, итырғын инженер сенсіз де аз еді! ...Сен маған кел. Мен сені адам қыламын. Адам! Сен герой болатын немесің. Соны білемісің, ей, тасмаңдай!


Осы сөздер ішімде ұйықтап қалған сайтанды теуіп оятты. Асекең «Абайдың» репетициясына қатыстырып, Айдардың рөлін берді. Театрдың гастрөлімен біраз жерді шарлап та қайттым. Алты ай бойы Асекеңнің аллажар дәрістерін тыңдап, 69-дың күзінде Алматы консерваториясының актерлік бөлімінің білдей бір студенті боп шыға келдім. Ұлы актриса Хадиша Бөкееваның класы бойынша! Хадиша апай мен үшін ұлы ұстаз да бола білді. Сахна сиқырларын меңгеруге көмектесумен бірге аналық айнымас жанашырлығын да танытты. Екінші курста қолымнан жетектеп «әкемтеатрға» әкеліп, Әзірбайжан Мәмбетовті көндіріп, ілеспе аудармаға отырғызып кеткен де осы кісі. Көп жылдар өткеннен кейін сол әкемтеатр сахнасындағы мерейлі салтанатымның үстінде өз анам Гүлхарамен бірге өнердегі анам Хадиша Бөкееваның қолдарынан ұстай, екеуінің ортасында мейірлеріне бөленіп, қoc анамның құшағында аяланған сәттерімдегі бақытымды қазір ауызбен айтып қалай жеткізермін. Содан сүйікті театрымның майлық-сулығы бола жүріп, әуелінде майда


 


рөлдер мен массовкаларға қатыса жүріп, қатарымыздан қара үзетін қисынға келгенбіз. Асекеңнің қамшылаулары қорқыныштан арылтқан. Хадиша апай сахна мәдениетіне тәрбиеледі. Там-тұмдап өнер мұратын санамызға сіңіре бастадық. Осы ретте Абай мен Әуезовтен асқан бағдар-меже жоғына көзіміз жетті. Қалыптасып шыңдалу жолдарымда


«Тұңғышбаевский» деп еркелетер Серағаң – Серәлі Қожамқұлов, мені ылғи да «пірсиян» деп атайтын Сәбира Майқанова, баяғының батырындай Ыдырыс Ноғайбаев, зерделі Нұрмұхан Жантөрин, ақылы кенен Кененбай Қожабеков, адуын Әнуар Молдабеков сынды аға ұрпақ асылдарының өнері мен өнегесі, кесек мінездері мен таза табиғаттары бұрын табындырса, қазір сағындырады-ақ.


 


– Өнердегі өз ұстанымыңыз хақында не айтар едіңіз?

 


Жалпы, менің өмірім мен өнерім қамшының таспасындай қатар өріліп, біте қайнасып, сабақтаса дамыды. Өнерге шынайы, ілтифатты көзқарасқа жетудің жөні бөлектігін де келе-келе аңғардық. Ізденіс оқу-тоқу барысында Товстоногов, Ульяновтардың, басқа да ғұламалардың кітаптарын тауып алып оқып, зерделедік. Наполеон айтқандай: «Әуелі ұрысқа кірісіп кет, содан соң көре жатасың» деген кағида театр табиғатына да жат еместігін сезіндік. Халық театрдан не көpгici келеді, сол жоқты сен іздеуің керек. Ол үшін тек сахнада емес, өмірде де ойланып- толғана жүру қажеттігін түйсіндік. Шынайы әртіс сахналық өмірін өз өмірінен алшақтатпайды. Ол өзі бейнелейтін замана құбылыстарын, сомдайтын кейіпкерінің сезім-сырларын өз жүрегінен өткізуі керек. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкер деген ескірген ұғыммен мен келіспеймін. Кімді ойнасаң, соның күйін кешуің керек. Жауыздың да өз шындығы, өзінің әділеті болады. Соның шындығы үшін сен де шырылдай біл. Сонда шынайысың, сонда суреткерсің.


Мен өзімнің шығармашылық жолымда осы ұстанымды айнымас темірқазық eтіп келемін. Осы бағдардан жаңылмай, алғашқы асуларда Луиджи Пиранделлоның «Өгей қызындағы» Директор, М.Әуезовтің «Айман – Шолпандағы»


 


Көтібар, «Таңғы жаңғырықтағы» Бақтығұл рөлдерін алып шыққан соң біраз жерге шаптық... Хлестаковты да ойнадық. Рөлдің төресі Эдип патша да бұйырды. Цезарьға «Сенбісің, Брут!» деп аһ ұрғызып, аз да болса армансыз ойнаған Бруттың жан сырына бойладым. Қайран «Қаракөздегі» Сырым арқылы Сексен алтының Желтоқсанында отаршы озбырлығына қарсы наразы-назымды ақтарғам. Серке Қожамқұлов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова сынды сахнамыздың сырбаз саңлақтарымен қатар ойнап, өнерде әріптес ретінде бәсекелесу бақытын да иелендік. Сөйтіп, келе-келе театрдағы толғаныстарымды Людовик XIV «күн королінің», Абылай ханның, Кир патшаның, Жәнібек ханның бейнелері тұғырландырып, тұлғаландыра түcті.


 


– Тұқа, қыран қабақ, құс тұмсық, қия маңдай порымыңыздың өзi де патша көңілмен патшаларды мүсіндеу үшiн жаратылған сияқты-ау, тегі?

 


– Бастапқыда мұндай порымның маған қырсығы да тиген. Біраз уақытқа дейін режиссерлер фактурасы қазаққa келмейді деп киноға түсірмей жүрді. Біреулер мені өзбек, қарашай, түрікпен де шатыстырды. Ал, мені «пірсиян» деп атайтын Сәбира апай өмірбаянымдағы құпиямды жақсы білетін. Бұл құпияның мәнісі сол, шешем Гүлхара, шахсауен деген рудан шьққан иран қызы. Бірақ шахсауен дегені парсы да емес, бacқa да емес, қыпшақтардан жасақтаған шаһ гвардиясы екен. Есейгенде мен осы нағашы тегімді мақтан тұтатын болдым. Егер ұл атаулы нағашыға тартатыны рас болса, менің қанымда да, жанымда да ирандық қыпшақтардың табиғаты жоқ деп айта алмаймын. Дегенмен,


«фактурасы қазаққа келмейдісі» де айналып келгенде алдамшы әсер болып шықты. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» экрандалғанда режиссер Әзірбайжан Мәмбетовке


«Мосфильмнен» көмекшілікке келген мәскеулік қосалқы қоюшы Юрий Мастюгин мен автор Әбдіжәміл ағаны көндіріп, бас кейіпкер Тәңірбергеннің рөліне мені таңдады. Қалай болғанда да, шынайы қазақтығымды, қазақи жан- дүниемді сырт көз сұңғыла сыншылдығымен жақсы аңғарса


 


керек. Отыз жасымда алғаш киноға түciп, таланымды ашқан Тәңірберген бейнесі өзім үшін аса қымбат. Кинода мен мүсіндеген бұдан соңғы бip қымбат бейне – Кейкі батыр. Марқұм Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы көпшіліктің есінде болар. Кейкінің руы Құлан Қыпшақ дейді Қалихан Ысқақов көкем. Олжас Сүлейменов пен Амангелді Тәжібаевтың арманда кеткен арыстан арыс туралы фильмі ақырында «Ақырғы аманат» аталып, атышулы Кейкі Ораз мерген боп өзгерген-ді. Әрине, кер заманға сыймай кеткен трагедиялық тұлға экран мен сахнаға күні бүгінге барша ашынған ащы шындығымен жете алған жоқ. Осы рөлден бастап тарихи тұлғаларға басқаша карап, оларды ұлт тағдырынан бөліп емес, ұлт тағдырының тебіренісіне бөлеп түсінуге тырыстым. Кейкі мені келешекте сәтімен бейнеленген, жеті ғасырдың астынан жан айқайы естілген


«Отырардың күйреуі» фильміндегі қыпшақ Қайырханға, одан Маман Байсеркенов пен Әбіш Кекілбаев пьесаларында:


«Сыртта ылаң, іште жылан, шытырман мен шырғалаң!»,


«Білекке емес, білікке сенер күн туды!» деп толғайтын Абылай ханға, одан Ардақ Әмірқұловтың «Жас Абай» фильміндегі Құнанбайға жеткізіп салды. Мені осы ұлы аруақтар қолдады деп білсем, күпірлігім емес. Сахнада Абылай хан боп салтанат кұрған, Абылай хан кейпінде Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтауын қабылдаған сәулелі сәттер сірә да ұмытылар ма! Одан бұрында, 1992 жылдың 16 желтоқсанында, осыдан аттай 16 жыл бұрын, Тәуелсіздігіміздің бip жылдық, тойы үстінде Елбасымыз бip күнгі жарлығымен кеудеме екі бірдей белгіні қатар қадап, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атақтарын да өз қолымен табыс етіп еді-ау. Бұрынғы хандарымызды өнерде қастерлеп тірілткеніміз үшін бүгінгі Президентіміз марапаттап жатса, елдігіміздің бip көpiнici осы емес пе деп толғанамын іштей.


 


– Баяғыда «Тамашаны» бастап дүрілдеткен, көңілсіздеу күңгірт шақта халыққа күміс күлкі сыйлаған қайталанбас ғажаптар осынау толағай табыстарыңыздың тасасында қалып қойды деп өкінбейсіз бе, Тұқа?

 



  • Оған не үшін өкінбекпін? Қайта «Тамашаға» байланып қалмай, атақ-абыройымыз аспандап тұрғанда содан кетуге ерік-жігер тапқаныма мың шүкір. «Тамашаны» ұнатпағаннан, менсінбегеннен емес. «Іштен шыққан шұбар жыланды» кім жек көрсін. Сол кезде көп келеңсіздіктерді астарлы әзілмен, уытты күлкімен айттық. Күлкінің астында ушыққан үлкен мәселелер жатқанын ел білді. Бұл өзі халқымыздың қалғып кеткен бip алуан өнері болатын. Кезінде Қаллеки мен Серке ағалар театрмен бipre осы эстрадалық жанрды қатар алып жүрген. Құдайберген екеуміз соны тірілткенбіз. Өзгеше өң- пішін бердік. Онымыз халық жүрегіне тез жол тауып, бip-aқ жылда адам айтқысыз танымалдыққа жеттік. «Тамашадан» кетерде көп қиналдым. Бipaқ кетпеске болмады. Себебі, театр мен кинодағы үлкен рөлдер көмескіленіп бара жатты. Содан ішімнен батылдық тауып, шорт кестім. Өйтпегенде, Абылай, Әбілқайыр, Қайырхандарға қолым жетпей қалуы да кәдік еді. «Біз өз миссиямызды орындадық, жас толқынға орын босатайық, бізді басқа ұлы істер күтіп тұр» деп Құдайберген досыма да айтқам. Өз басым «Тамашаға» да тәнтімін, арзанға малданғандай болмай, одан кетуге бойымнан күш тауып, үлкен өнер өpiciнe шыққаныма да ешбір өкінбеймін.


 


–       Өзіңіз айтқандай, өнер жолы Алматы мен Қапшағайдың арасындағы тақтайдай тeгic күре жол емес. Желтоқсанда да соққы жеп күйзелгеніңізді білеміз. Оған бола кейбіреулерше декабрист атана қояйын деген сіз де жоқ. Әйтпесе, «Сахнада Ерлерді ойнап жүріп, Айналыпсың, Тұңғышжан, өзің де Ерге» деген ақын ағамыз Рафаэль Ниязбековтің сөзі сөз-ақ. Әйткенмен, өнердегі ең қиын, тауқыметі молырақ болған шағьңыздан бipep ғибратты тәмсіл айта кетсеңіз?

 



  • Маған батқаны Желтоқсанда соққы жегенім де, үш әріптің қанымды ішіп тергегені де емес, кейбір ceнiп жүрген ағалардың «Әй, декабрист, өй, ішіңді!...» деп кекеткені еді. Уaқыт – ұлы емші, тыртығы қалғанмен, ол жаралар да жазылды дейікші. Өйткені, өнер адамының тағдыры бәрібір азапқа толы. Бірақ ол iзгi мақсат көздегендіктен де


 


қайырлы азап, Өз басым М.Әуезов атындағы театрдың директоры, көркемдік кеңестің жетекшісі болған 1993-2001 жылдарды өз өмірімдегі ең ауыр кезең деп есептеймін. Осы кезде өзім азамат ретінде, өнерпаз ретінде, суреткер ретінде қалыптасқан сүйікті театрымды, қазақ өнерінің қарашаңырақ ордасын сақтап қалуға бар   күш-жігерім мен ыждаһатымды салдым. Жиған-терген аз-мұз абырой- беделді соның жолына құрбандыққа шалдым. Театрдың ішкі-сыртқы жағдайы күйреудің, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрды. Моральдық та, материалдық та ахуалы өте ауыр болды. Тұс-тұстан шабуыл көбейді. Осындай шақта жұрттың бәріне жақсы көрінумен, жалпақ шешей болумен жағдайды түзеу мүмкін емес еді. Мемлекетіміз әлі нығаймай тұрғанда ол екіжузділікпен парапар-ды. Елбасымыздан бастап катаң шешімдер қабылдап, қайраттанғанда, сондықтан, мен де белді бекем буғыздым. Бұрынғы атақ- даңктың буына малынып міндетсінуді тыйдым, тәртіпке шақырдым, баяғы еркетотайлықтан арылта бастадым. Мұны бipey түсінсе, бipey түсінбеді. Бірақ мен босаңсымай, дегеніме жеттім. Қиыннан қиыстырып қаражат тауып, тозып бара жатқан театр ғимаратын жөндеп көркейттік, шығармашылық жұмыс та бөлек өреге көтерілді. Отызға жуық отбасы пәтер алды, Үкімет бip тиын бере алмаған кезде демеушілер тауып, бір маусымда 10-11 спектакль қойып, Театр атты ұлы кемемізді нарықтың топан суына тұншықтырмай, аман алып шықтық. Көрермендеріміздің өнерге деген тартылыс күшін   әлсіретпедік,   халықты өз театрынан көз жаздырмадық. Ақсақалдыққа жетпей қалған кейбір ағалар бұл еңбегімді мансұқтап, пұшайман еткенімен, төккен тер, жұмсаған жігер ақталмай қалған жоқ. Мен соған қуанамын.


 


–         Тұқа,    көрерменді,    әсіресе    қазақ    көрерменін толғандырып жүрген тағы бір сұрақ. Көп әңгіме болған

«Көшпенділер» фильміне көңіліңіз тола ма?


 


Шынымды айтайын ба?


 


–  Әрине!

 



  • Олай  болса,     айтайын.     Көңілім     толмайды.


«Көшпенділер» фильмінің, трагедиясына соның төңірегінде жүрген жігіттердің ұлттық намысының кемдігінен жол берілді деп есептеймін. Осы орайда Елбасы артқан үміт-сенімді ақтай алмай қалғанымызға, солардың санатында жүріп Әбілқайыр ханның рөлін ойнаған мен де налимын. Меніңше, бөлінген ақша абайламай жүріп артығырақ шашылып алынған. Ақырында қаражат жетпей, фильмнің үштен бipi игерілмей, уақиғаның көпшілігі сценарий бойынша түсірілмей қалды. Жұртқа ұсынған мына фильм – Сергей Бодровтың қолда бар материалдан құрап-сұрап жасаған күлдібадам бірдеңесі. Әйтпесе бұл да жоқ еді. «Қазақфильмге» келіп жатқан жаңа басшылық келешекте қазақ тарихын экрандауда ұлт әдебиетіндегі жақсы үлгілерге иек артса, құба-құп. Манадан бepi ащы сынды да, өнердің азапты жолын да аямай түйреп айтып жатырмын. Соны жақсы көргеннен айтамын. Театрды, өнерді, әріптес қауымды жақсы көргеннен. Ендеше, мен әңгімемді қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровтың мына бip шумағымен түйіндейін:


Халқыңның сырын өзің білесің де, Ісіне күйесің де, күлесің де, Қаласың кейде кейіп, кейде мәз боп, Әйтеуір сол халықты сүйесің де!


– Әңгімеңізге рахмет. Өнер жолында өзіңізге табыс тілейміз.

 


Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ,


«Егемен Қазақстан». Желтоқсан, 2008 ж.


 





Пікір жазу