МОЛДАХМЕТ ҚАНАЗДЫҢ «КЕК» АТТЫ ДРАМАСЫНА
(Пісуі кем пьесаға салынған шер)
Драманың үлкен ізденіс пен ерекше ықыластан туғаны көрініп тұр. Автор сонымен қатар, тақырыпты, уақиға желісін тарихи деректерден орынды құрастырып, бұрын-соңды жазылған пьесаларда көп кездесе бермейтін соны эпизодтар келтіріп, шығарманың көркемдік деңгейін салмақтандыра түскен. Қазақта өлген адамды, әрине, себеп-салдарларына орай, қара жерге беру дәстүрі дәл осы драмадағы ситуацияға сай, екіұдай күйде қалуы – тосын әрекет және көкейге де қонымды. Тағы бір назар аударатын мәселе – драманың тілі шұрайлы, қазақы. Өмірде де, әдеби ортада да көп естіле бермейтін өте сирек қолданылатын жергілікті халықтың сөз қоржынында қалып қойған сөз саптау мәдениеті әдемі пайдаланылған. Айтуға да, оқуға да оралымды, құлаққа
жағымды. Кейбір жекеленген эпизодтар елең етерліктей қызықты түзілген, мысалы, Жанқожаның Ресей жандаралы жіберген «сөлкебайын» мойнына емес, қамшысына ілдіруі, Ладыженскийдің хатын қайта-қайта оқытатын тұсы өте әсерлі, әрі шындыққа жақын, көрерменді жалықтырмайтын, сахнаға көшуі әрекетті болатын «жанды» көрініс.
Драмада уақиғаға, тақырыпқа деген көзқимастықтан жазылған ұзын сонар монологтар көптеп кездеседі екен, қаншама көркем жазылып, басты кейіпкер Жанғожаның бейнесін жарқырата көрсетпек ойы болса да, сахналық заңдарға сәйкес келе бермейтіндіктен, драмадағы әрекеттер ағысын тежейтін, өрбіп келе жатқан уақиға желісіне тұсау болатын, қажеті шамалы артық дүниелер де баршылық. Әсіресе, төртінші көріністегі автор өзі «режиссерлік» етіп қосып отырған, «прожектормен» өтетін сөз тартысы... Әлбетте, сөз ұғынар құймақұлақ қазаққа жағымды-ақ, алайда сахналық әрекетті әлсіретеді, театр тәртібіне керағар баяндаулыққа апарады... Ал, сахна өнері баяндау емес, іс- әрекет орны. Сахнаға сахнаның сыртында өткен уақиғаны айтып беру үшін емес, болған уақиғаны актерлер өздері, көрерменнің көз алдында орындап, көрсетіп,.. қажет болған жағдайда сол уақиғаны өз бастарынан кешкені анағұрлым қызықты.
Оңды, әрі жаңаша тәсілде жазылған эпизодтың бірі Жанғожаның теріс бата беретін сахнасы. Оның алдындағы Бекмырзамен өтетін сахна да өте ұзақ. Жалпы, бір рет пайдаланылған сөйлем мен іс-әрекет, айтар ой, мақсат- мүдде, негізгі шиеленістер мен себеп-салдарлар (қайта-қайта айтыла беретін «ойда – орыс, қырда – қоқан, қайдан пана табар қара қазақ» деген секілді) пьесада көп қайталанбағаны ләзім, өйткені сахна өнері оңашада отырып оқитын емес, алқа отан бас қосып, болып жатқан уақиғаға «араласып» отырып, көріп-тыңдайтын өнер екені ылғи есте болғанының көп пайдасы бар. Айта кетер тағы бір жайт, драмадағы кейіпкерлер саны онша көп те емес, алайда солардың әрқайсысының пьесадағы орны мен салмағын ойластырған абзал. Және де көркем шығарманың заңдылықтарына сәйкес, олардың тағдыры қалай басталып, немен аяқталатынын,
яғни әрбір бейненің сахналық өмірінің басы мен соңын міндетті түрде тиянақтау керек сияқты. Әйтпесе, жылт етіп көрініп, жоқ болып кететін бірді-екілі кейіпкерлер бар екен. Пьесада ұлтымыздың ерекше менталитетін айғақтайтын көптеген тағылымдық сахналар да баршылық. Мұсылманшылықтың, сөз бен сертке тұрудың, үлкенді сыйлау мен құрметтеудің, сөзге құлаудың неше түрлі мысалдарын көптеп кездестіруге болады. Пьеса жазудың орысша тәсілін қабылдап, өз құндылықтарымызға шүйіріп қарауға үйреніп қалған маргиналдық аурудан арылу жағын ойлаған ойлы қазаққа үйренетін тұстар да жоқ емес. Кейбір режиссер-сымақтардың өнерімізге жасаған жақсылығынан гөрі келтірген зияны шаш етектен екенін біріміз біліп, көбіміз білмейміз. «Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығары»
сияқты, ойға салатын, қолға алатын шаруалар әлі де көп.
Жалпы алғанда драма өте қомақты, жүгі де орасан. Халқымыздың басынан өткен небір зобалаңдардың қаншалықты ауыр болғанын, және оның ұлттың тағдыры мен өзек-сүйегіне, ұрпақ тәрбиесіне, салт-санаға, мінез-құлыққа тигізген салқыны, пысымыз баса-көктеліп, еркіндігіміз езіліп-жаншылып, қанымызға сіңдірген құлдық қасиет т.с.с. нәубеттерді қаның қайнамай, жүрегің ауырмай түйсінуде селқос қалдырмайтын, намысқа итермелейтін, еліңнің өткені мен көрген қорлығына күйзелмей, ашынбай қала алмайтын көркем дүние туғандығын баса айта кеткен жөн.
Әлбетте, 100 бетке таяу пьесаны сахналау мүмкін емес, алайда кілті мен көркемдік шешімін таба алған суреткерге материал мол. Уақиға желісі шымыр түзілгендіктен, сөз сөйлеудің сұлу да қою тілді мәнерін майқамдап алмай, маңызы терең монологтарды қысқартып, ықшамдауға қиындау түсетіні анық. Асылы, реті келіп жатса, тарихи тақырыпқа түсірілуге болатын толық метражды фильмнің жүгін толық көтеріп кете алар шығарма екен, әттең, не керек?! Ондай күн «Көшпенділердің» масқарасынан кейін алыстап-ақ кетті-ау, амал қанша, «бір қарын майды, бір құмалақ шірітер» деген...
25 наурыз, 2007 ж.