24.02.2022
305
БӘКЕҢ БИІКТЕТКЕН ӨЗГЕ ӨЛШЕМ
(Бағыбек Құндақбайұлы аруағының құрметіне шертілген мұң)
Бәкең... Бәкең жайлы естелік жазам деп ойламаппын... Көпке дейін қолыма қалам ұстай алмай, тартыншақтап жүргенімді бажайласам, шынайы ғалым ағаның кісілік пысы басып жүр екен. Қазір де сол күйді кешіп отырмын.
Қолым жүрмейтін сияқты. Өзі пәниде жүргенде ол кісі жайлы жазу оп-оңай екен ғой деген ой қашқақтайды, бұрынырақ тындырып тастау керек еді бұл істі, қашанда кешігіп, кейін қалып, өкініп, өксіп жүретініміз-ай осы... Бүгінде бақида болған соң, ту сыртыңнан өзі бақылап тұрғандай, қадамым қысқарып, кібіртік басып, байыз таба алмай, берекем қашып отыр... Екі қолым байлаулы, жан- жағым темір құрсауда отырғандаймын... Бұл фаниде болса болса ғой, «ой, мырқымбай, былай бастасайшы» деп бағыттап жіберер еді де, сонан соң, жазғандарыңды жаныңды ауырта шимайлап, түкке тұрғысыздай етіп, ай кеп сызғылаушы еді. Біраздан кейін, «дегенмен сенің әнебір ойыңа көңіл тоқтайды екен, тарта бер, сол өз жолың дұрыс екен» деп тізгініңді босатып қоя беретін. Ал, бүгін сол Бәкеңнің зерттеу мектебінің заңдылықтары ойым мен бойымды буып, бүгежектетіп қойғандай... Өзі қайта-қайта қадап айтатындай, айдалаға лақпай, тастүйіндеп, пісенттеп жазуға қақпайлаған, теориялық негіздің іргетасынан ауытқымай, білім көкжиегінен ұзамай, нақтылыққа көрші қонуды талап етіп отыратындығы есіме түсіп отырған соң, көсіле алмай отырған сияқтымын... Босат, мені Бәке, бұным сыни мақала, не диссертация емес, бұл Сізді сағынғандағы мұңмен пішілген сал шекпенім, есімді жиғызар естелігім... Жібер, тізгінімді...
Зерттеу – зерделеу деген сөзден шыққан шығар. Зерделеу – жай адамның жиі айналысатын қасиеті еместігі белгілі. Адам баласының бүгінгідейін неше мың түрлі икемге ие бола алғандығы, осы бір Аллаһ-Тағаланың бойына дарытқан ерекше һәм құдіретті қасиеттерінің арқасында болар. Икем дегенде біз, он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушы Иеміздің, Ұлы Суреткердің, Жер бетіндегі бар тіршілік пен жан-жануарларға (оның ішінде шебер мүсіндеген ең сүйікті құлы Адам (С.Ғ.С) да бар), жан беріп, өлшеніп берген өмір кешуін бойларына дарытқанда, ең бір сүйкіммен сомдаған Адам баласына, өзге тіршілік иелерінен оқшаулап жады мен сезім, мұңаю мен қуану, ойлау мен осы зерделеу сияқты ұлы құдіреттерді сыйлағанының арқасында жетіп жатқан жетістік пен қасиеттерімізді айтамыз. Адам
Ғалайс-Сәләмның бүгінгі ұрпақтарының қолынан келмейтін нәрсе бұ күнде кемде кем. Ғарышқа ұштық, Жер түбіне де түстік. Жаратылыстың небір құпияларын да ұқтық, адам баласын қолдан жасауға да (астағфиралла!) үйрендік. Алайда, Аллаһ-Тағаланың дарытқан әлгі ойлау мен зерделеу құдіретін қолдан жасай алмасымыз аян, өйткені ол – тек Ұлы Жаратушының ғана ісі, ол құпияның сырын бір Өзі ғана біледі.
Хош, сонымен зерттеу қасиеті Жоғарыдан келетін икем екен. Тек соны орнымен оқсата білу де парасаттылық шығар. Болмаса, қолындағы балтамен өзі отырған бұтақты шабатын шолақ әумесерлер өздерін ұстамын деп есептейтіні жасырын емес қой. Ретін біліп болмай жатып, берекетін кетіретін бейталанттар да жеткілікті. Басына қонған азын-аулақ соқыр бақты тақ деп ұғып тапырақтаған топтыгиндер де бар.
...Әп-әжептәуір, еліне еңбегін сіңірген атышулы арқалы артист кезімде, танымалдылықтың тарландар шығар олимпіне ешкімнің септеуінсіз, қан сорпалап, емін көтеріле алған маған, енді ғылым жолына түсіп, жастықтан өтіп жасамыстыққа, егделікке иек артқан тұста кандидаттық диссертация жазу не жорықтығы былайғы жұртқа түсініксіз. Былайғы деймін, өз айналамдағы аралас-құраластарымның да ауыздары аңқиғанын сезгем. Керек десеңіз, өзім де таңмын. Жұрт жеті кітап жазып қорғай алмай жүрген ғылыми дәреженің маған нендей қажеттілігі барын түсінетіндер өтеден мөте аз болғаны ақиқат. Атаққұмарлықтан дейін десе, сексен сегіз атағыма сексен тоғызыншының қосылғаны селт еткізер уақиға да емес. Алайда, бұл атақ емес, дәреже! Оған парқы мен шама-шарқы жететіндер ғана жете алатынын ол кезде өзім де ойламағам. Бәріне себепкер Бәкең болатын. 2001 жылы «Наз» атты базына кітабым жарық көрді, оны да атым шықсын деп жазғам жоқ, жазбауға амалым қалмағандықтан жазғам! (Қызық, Лев Толстой да сөйткен екен.., бұным әзіл енді...) Бәсірелері бөлініп, иелері белгіленіп, нарқы мен парқы меншіктеліп, белгілі топқа телініп қойған Әуезов театрына ғайыптан-тайып басшы болам деп сегіз жыл сергелдеңге түскенімнен, табаны күректей төрт жыл таланғанымнан дос та, дос емес те хабардар-тын. Осының
оң-терісін өзім орын-орнына қоям ба деген есек дәмеден басталған жазбаларым – менің ерік-жігеріме бағынбай, бастан өткен баян-повеске, арғысы өнер жайлы ой-пайымға ұласып кеткен. Алғашқылардың бірі болып Бәкең оқып шығыпты, онда онша оң пейіл жасаған жоқ-ты. Актер деген алтыншы сорттың адамдарының алғашқы кітабы болмаса да, кейінгі буыннан оны оқуы күмәндерін қойып, жазатын болыпты деген кекесін-қауесетті сейілту мақсатында баспаның қызметкерлері Ұлттық кітапханада тұсаукесер жасады. Менмін деген ығайлар болды, мен тұрғанда сен кімсің дейтін бугай-сығайлар төбе көрсеткен жоқ. Бәкең де сөйледі, сөйлеген жоқ – талдады. Мақталдық, онда да,
«апырмай актер де кітап жазады екен-ау» деген сыңайда. Сол күні кешке Бәкең телефон шалды, «сенің зерделеуге бейімің бар екен, айды аспанға бір-ақ шығарып, диссертация жазсаң қайтеді, тақырыбың өзіңнің рольдеріңдегі шешен сөздің орны» дегені. Өтірік айтпайын, күтпегенім рас, бірақ
«ой, қайтесіз, неғылам оны, қолымнан келмейтін шығар» деп мәймөңкелегем жоқ. Баяғының батырлары бейбіт өмірде ешкімнің есінде болмай, елден оқшау жерде үй тігіп, үйкүшік боп жататын көрінеді. Күндердің күнінде бүйірден тиген
«Ойбай, батыр, жау шапты!» хабарын әкелген жаушыға «Кім шапты?» демей «Қайда?!» деуге ғана шамасы келіп, сауытын шала-пұла кие, әлгі хабаршы қол шошайтып көрсеткен жаққа тұлпарын омыраулап, патырлатып шаба жөнеледі екен. Ол – нағашы, я қайын жұрты ма, онда шаруасы болмайды!
...Сол айтқандай, «жөн сілтеп, жол көрсетсеңіз – кеттік, қайда?!» дедім! «Давай!» деді Бәкең! Содан басталды... Құдыққа түстім де кеттім... Жеті жыл бойы жәукемделдім Бәкеңнің «жұмхұриятында». Жеті мәрте жөнделіп қайта жазылған жұмыстың сызылмаған беті қалмаған шығар-ау! Сондағы қағаз шетіне жазатын ескертпе-шимайларының дені «қайда лағып кеттің», «мынауың бос сөз», «Гётеден, Дени Дидродан қара, В.Радлов, Г.Гачев, А.Янушкевич, А.Бентлиге көз жүгірт, А.И.Левшинді ақтар, М.Әуезовті, Р.Нұрғалиевті, З.Қабдоловты, Сейіттің (Қасқабасов) жазғандарын парақтап шық», «сапырылған сөзді көбейтпе, шешенсіме, сен филологиядан емес, театртанудан қорғайын
деп отырсың, нақтылықтан айныма», «бұл тарау басқа тақырыптың әңгімесі, қайта жаз» болып келеді. Әбден сілікпем шықты! Екінші ғылыми жетекшім, академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов ағамыз болмағанда, тағы да жеті жыл жүрер ме едім, кім білген. «Болды енді, қинама, Бәке, жұмыс пісті, бұл ініміз бір-біріне жымдастырып екі ғылымның есігін қаққан екен, бәйгеге қосайық» дегенде, басын шайқап,
«әлі де иін қандыратын жерлері бар еді, жарайды» деп, зорға келіскендей болды. Кейін аңдадық қой, Бәкең мен түскен құдықтан шыққысы келмей, ғалым ретінде рахат шегіп жүрген екен, тағы да тереңдей түссе деген ізгі ниеттен туған қанағатсыздық сезімнен ажырағысы жоқ күй кешіпті. Қорғап болғаннан кейін де, басшыларына қайта-қайта айта жүріп мені, Ғылым Академиясына кіші қызметкер етіп жұмысқа да қабылдаттырған болатын, шамасы, суып қалмасын, ол құдықтан шықпасын деген «арам» ойы болған шығар... Актермін ғой, әр кеменің басын ұстаған – кином бар, театрым, теледидар, тойларым дегендей... Сол екпінмен «Сөз» деген ортақ атпен екі томдығымды да шығарып жібердім емес пе. «Шер» деген атпен төртінші жинағым да дайын тұр. Санамалап отырғаным, осылардың бәрі Бәкеңнің «айтағы» мен түртпектеуінің дүмпуі арқылы дүниеге келген еңбектер, өзімді тануға талпынған зерттеулер мен пайымдар, ұлы өнердің парқы мен нарқы жайлы ойлар, тынған істер. Шынын айту керек, ол кісі кеткесін божырап, босбелбеуленіп кеттім. Жоспарланып, нобайы көрініп келе жатқан докторлық та көмескіленіп, назардан тыс қалып барады. Енді оның кімге керегі бар деген сайтан ой да қылаң бере бастады, құдды соның бәрін Бәкең үшін жасап, шын кіріссем, қолымнан көп нәрсе келетінін Бәкеңе ғана дәлелдегім келгендеймін...
...Бұрын білекті едім, бірді жығуға қажырым жететін. Бәкеңнің арқасында мыңды болмаса да онмен белдесуге бейімделдім, ардың-гүрдің әпербақандар абайлап сөйлесетін болды, жел жағымда жүрмейтін жағдайға жетті. Рас, қарсыма шықпай, сыртымнан сыпсыңдайтындардың саны да жетерлік, оларға Бәкеңше, «ой, мырқымбайлар, білгендерің сол болса, амал не, аман жүріңдер әйтеуір» дей саламын. Өйткені,.. мен олардан биікпін демей-ақ қояйын, бірақ басқамын, өзге өлшемдемін, Бәкең көтеріп кеткен өлшемде...
...Бәкең – шынайы ғалым еді... Ол кісіге ол икем – Жоғарыдан дарыған...
Қыркүйек, 2010 ж.