23.02.2022
  236


Автор: Абдрахман Асылбек

Тараз

Әнін жазған Марат Ілиясов

Кернейдің үні үзіліп,
Керуен көшкен тізіліп.
Сыңғыр да сыңғыр шолпысы,
Сұлулар күлген сызылып.
Тамаша қала Таразым,
Қараймын саған қызығып.

Қайырмасы:
Таразым, менің Таразым.
Тарихи әсем қалысың.
Теріскей жақта ұлы Шу,
Түбіңде мөлдір Таласың.
Қызғалдақ өнді қыздарың,
Табады жанға жарасым.

Таразда туған ғалымдар:
Дулати, Баласағұндар.
Қарахан-Айша бибіден,
Ғашықтық ғибрат алыңдар.
Әулие ата-Тектұрмас,
Халқыма құт деп таныңдар.

Қайырмасы.

Жаңғыртқан қазақ даласын
Жасампаз ғажап қаласың.
Жалғадың Жібек жолымен,
Батыс пен Шығыс арасын.
Ғасырдан асып ғасырға,
Жасарып, жайнап барасың.

Қайырмасы.


 





Пікір жазу