23.02.2022
  418


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Жәркелеш

 


Жәркелештің қоғамда табиғи мінезінің қандай екенін аңғару мүмкін емес. Ол сан түрлі құбылыста жүретін адам.


Кейде қарапайым, ө-те сыпайы. Барын аямай саған бере салатындай. Ал кейде аңқылдаған ақкөңіл. Іші-бауырыңды түгел шарлап аржақ-бержаққа түгел өтіп кеткенін сезбейсің.


Енді бірде өркеуде, көкірек. Маңғаз. Бір сөз шығуы үшін астыңғы ерні мен үстіңгі еріннің бір-бірімен қабысуы күш. Жәркелештің бет жүзі де осыған байланысты түрлі құбылыста болып тұрады.


Жәркелеш бастықтың қандай түрі болса да тілін табады. Еркек бастық, әйел бастық, жасы егде бастық, жасы өте жас бастық, әділ бастық, әділетсіз бастық, күйгелек бастық, сабырлы бастық, жұмысқа жаны ашығыш бастық, жаны ашымайтын бастық, қыз-қырқынға қарағыш бастық, қыз-қырқыннан аллергиясы бар бастық, құлқынын ойлағыш бастық, болашағын ойлағыш бастық, ойнағыш бастық, тойлағыш бастық... Икс-бастық, Игрк бастық құдай-ау түрлері көп қой. Жәркелеш осылардың қандайы кездессе де сабаз- ай, бәріне тастай батып, судай сіңіседі.


Жақында бізге төтеннен төбеден түскендей Икс бастық болды. Бұл кісі жұмысқа “жаны ашығыш” бастық болып кездесті. Оны


 


 


алғашқы күннен бастап, ұжымға ұрсып, жекіп сөйлегенінен сездік. Құдай-ау,   мынадай саланы, осыған дейін есі дұрыс адам басқармапты ғой. Не деген көзсіздік, а?!.. Кім отырған бұл жерде а?!.. Қыруар ақша желге ұшыпты ғой а?!... Ешнәрсе істелмеген ғой. Енді не істеу керек. Бәрін қайтадан заново бастау керек. Бұл оңай шаруа ма екен а?! ..Көрсоқыр болып осы біздер неге соны бұрын көрмегенбіз а?! Басымыз бас па, жоқ басқа ма а?!...


Бастық деген өстіп жұтқыншағын қыздырып ұрыспаса, дауысын бақырып көтермесе басқарып отырған іске жаны ашығандығы қайсы. Біз оны түсінеміз. Сондықтан “жаны күйгіш” бастықты тыңдап отыра береміз. Үстел түйгіштелсе ол бастықтың тірідей өртеніп тұрғаны деп ұғыныңыз.


Егер бастығыңыз ауызға ыңғайлы боқтауды борататын болса намысыма тиді деп ешқандай ренжімеңіз. Жүрмей жатқан жұмысқа Бастық қана жаны осылай аши алады. Түсіністікпен қабылдаңыз. Тіпті рахмет айтсаңыз да болады. Мұндайда Жәркелештің араласуы ауадай қажет пе деп ойлайсыз. Мәселен:



  • Туу, Басы-еке, осыған бола нервіңізді құртып... Давлениеңіз көтеріліп кетеді ғой.. Давлениемен ойнауға болмайды.. Байқап, өзіңізге де көңіл бөлсеңізші... Бұл жұмысы құрғыр атадан балаға мирас болған емес.. Істеледі... Жөнделеді... Айтуындай айтып жатырсыз ғой Мына біз де кейде


нетіп... Сіздің алдыңызда кінәліміз енді. Сіз берген зәмешәние өте дұрыс. Енді еске алынады...-деп шұбырта жөнелгенде қандай Бастық болмасын сылқ ете қалғанын өзі де білмейді.



  • Рас айтасыз, мына давлением бар ғой, біреуге ренжідім бе, сразым басыма шабады ғой... Сендер мені өлтіретін болдыңдар...



  • Ойбай, өлуді айтпаңыз, құдай, күніміз не болады? “Жақсы сөз-жарым ырыс” деген. Мына түсіңіз адам шошырлық болып кетті ғой, күйінемін деп. Үкіметтің адамына, үкіметтің жұмысына осынша жанын салатын сіздей бастықты бірінші көруім. Бұрынғы бастығымызға бәрібір еді.. Сіз келіп шамалы ... нетіп.. жөнделіп жатырмыз ғой.. Мүмкін шамалы желдеткішті қосып, креслода дем алып аларсыз. Мұндайда шәй, кофе де ішуге болмайды. Мүмкін алманың шырынын әкеліп берермін...

  • Сен немене мені тіпті емшектегі бала қылып.. Жоқ па ана, немене еді.. бес-он грам анадайың... Нервті басатын...

  • О, не дегеніңіз, Сізге жұмыс кезі болған соң бата алмай, нетіп...


тұрғаным ғой... мына, қазір.. ия стакан қайда еді. Е, міне, табылды.. міне...


шамалы нетіп жіберсеңіз...



  • Мені не жалғыз өзі алып қоятын алкаш деп ойладың ба, құй өзіңе де!

  • Міне, міне өзіме де құйдым.. Алып қоямын...Енді есікті жауып, шамалы дем алыңыз,. Өтінемін, демалыңызшы.... Сізді біржерге шығып кетті деп айта тұрармын.

  • Тоқта! Екі аяқ тең болсын дейтін қайда?! Мынауыңнан не болады.


 


 


Кететін давление кетті. Қайда барса сонда барсын! Тағы бір реттен құй!



  • А, ие, айтпақшы. Қара басып, сасқалақтап ұмытып, әрі Сізге бата алмай жатқаным ғой...


Мұндайда     қандай   бастық   болғанмен  Жәркелешке   үн-түнсіз   қала алмайды.



  • Сен өзің түсінетін жігіт екенсің... Осылай болу керек қой, адамдар... Қай бөлімде істейтін едің?.. – дейді енді көңіл бөліп Жәркелешке.


Жәркелешке де керегі осы.   Бүгін бір ұпай жинады. Ертең тағы  да есебін тауып ұпайға ұпай қосады.. Арғы күні ретін тауып ұпайды көбейтеді.


Бір аптаның ішінде жаңа бастықтың  сеніміне кіреді.   Одан кейінгісін өздерің де білесіңдер.


 





Пікір жазу