Зарлауық
Зарлауықтың аты жоқ. Бұрын болған. Бірақ оның осы қашаннан зарлана беретін әдетімен жұрт сыртынан Зарлауық атап кетті де, азан шақырып қойған аты мүлде ұмытылды.
Зарлауықтың құлағы түрік. Қашанда жан-жақтағы ақпаратты естігіш. Теледидардан әлемнің төрт бұрышынан берілетін хабарлардың бәрін құр қалдырмай тыңдайды. Радиомен мүлде “жабысып” қалған. Бірге жатып, бірге тұрады. Осыдан кейін барып айналадағыларға:
- Байқау керек. Енді тауықтың етін жеуге болмайтын болыпты. “Құс ауры” қаптап кетіпті Қазақстанда. (Бұл хабарды ол теледидардан Қытайдан берілген хабардан естіген).
- Қытайдағы болған оқиға емес пе еді, мен газеттен оқығам.
- Ай, өзің де ми бар ма, жоқ па? Қытай деген мынау тұрған жоқ па, ей. Бізге де келді деген сөз ғой. Барлық қытайлар осы елде қаптап жүр. Бізге не әкеліп, не сатып жүргенін біліп жүрсің бе?
- Жоқ.
- Е, ендеше байқау керек. Зарлауық тағы:
- Ойпырым-ай, ел тыныш болса дұрыс болар еді. Террористер әлемді билеп тұр. Әр елде қаптап кетіпті ғой, түге.. Солардың біздің елде де жүрмегенін кім біледі? Байқау керек...
- Террорлық жасап жатқандар біздің елде емес қой. Басқа мемлекеттерде…
- Какая разница. Терроршыларға бәрі бір. Сәмөлөтпен ұшып келе салады. Общым, қазір бар ғой сәмөлөтпен ұшу опасный.. Мен балаларымды түгел сәмөлөтке отырмаңдар деп ескертіп қойдым. Олар қаруымен любой сәмөлетке отыруы мүмкін ғой. Содан кетесің сандалып, қиырға. Өлі қайтасыңба, тірі қайтасың ба, бір құдайым білсін. Одан кейін, айналайын
айтайын. Біздің елдің сәмөлеттері тозған ғой технический. Қаусап тұр ғой, қаусап тұр. Ал, өткенде құлады анау Қарағандыда, былтыр Таразда құлаған. Хорошо пассажирский емес. Егер пассажирский болса ше. Байқау керек.
Зарлауық газетке шұқшимасын. Шұқшиды дегенше тағы бір пәлені тауып алды дей бер.
- Мына қара, мынаны. Оқы деймін, оқысай, енді осыған сенбейсің бе? Су тасқыны. Адам қырылған.
- Ойпырым-ай-ой... ол енді тіпті басқа аумақта емес пе?
-Міні, міні, жер қозғалыпты Ошта 7-8 балл.. Алматы не, Ош не. Бір
Алатаудың етегі. Астанаға қарай көшу керек. Оның үстіне күнде таудың астын бұрғылап жатыр. Құрылыс үшін гранит жарып, ол настоящий жер қозғалып, екеуі қосылып кетсе, біттік қой.. Біттік...
ТуҺ. Мінәні оқышы. Мінәні. Ел бүлінді ғой қазір. Қауіпті жағдайдамыз. Вич деген пәлекет келді арамызға. Байқау керек. Докторға барғанда да байқамаса болмайды. Оларға да сенуге болмай қалды, қазір. Қолымен не ұстамайды, не көрмейді. Вдруг наркоманды қараған доктор, сені қарады дейік. Ана наркоманның “Вич” аурымен ауырмағанын қайдан білесің. Қазір бар ғой, бәрі опасный болып кетті. Қан алдырмасын құдай біреуден. Кеттің онда, тура Вич пе еді, әлгі аурумен. Балаларды да байқау керек. Шприцті де. Вәбще қазір ешкімге сенуге болмайды. Көрдің бе, құдай-ау, қара қазақ осы аурумен ауырған соң не жорық. Ал, мынаны оқы. Соты болып жатыр екен Шымкентте Ана ауруды таратқандармен. Әтеңе нәлеттер енді не істеді десейші. Ештеңе істемепті. Әне, бүкіл оңтүстікте балалар қырылып жатыр. Бүкіл детский бәлницалар опасный, байқау керек. Вәәбше, Шымкент жаққа бару опасный. Құдай: “Сақтансаң, сақтаймын” деген. Сақтанбаса болмайды.
Зарлауық теледидарды қосып қалады.Комментатор: Орталық Азия бойынша күтілетін ауа-райы: Ташкентте 41, Ашхабадта –41-42, Бішкекте 29- 30, Алматыда 30 градус сынап бағанасынан жоғары..” Ол аржағын тыңдамайды.
- Ой, күн өртеніп барады. Ертең 40 грәдус обешать етті ғой. Давлениенің жауы ғой бұл. Үйден шықпаған жөн. Бұл температура қан қысымын көтереді. Өткенде ана Пәленше осы қан қысымынан өлген жоқ па?. Ойпырым-ай, осы күннің ыстығынан талай адам биыл кетіп жатыр. Байқау керек. Дүние күйіп барады ғой түге, күйіп барады. Анабір кездері ғалымдар айтыпты дейді, күн жақындап келеді деп. Апырым-ай сол рас. Ақырзаман дегенің осы. Бұрындары осындай температура болып па еді. Енді міне, айнала жанып барады.. Бұл дегенің сұмдық қой...
Зарлауық үйден шығады. Айналаның бәріне сезікпен, секеммен қарайды. Әнебіреу бұл жаққа қарады да, өтіп кетті. Неге өйтеді.Шамасы,
үйдің маңайын торуылдап жүрген ұры болар. Есік дұрыстап өзі жабылды ма, жоқ па. Терезе ше. Зарлауық үйіне қайта бұрылады. Есікті қайта-қайта тексереді. Терезенің пердесін жабады.
Сыртқа шығып, машинасына отырмастан оны да жан-жағын шұқылап қарайды. Вдруг біреулер жарылғаш зат қойып кетті. Қазір Адамдардан бәрін күтуге болады.. Машинаны әрі-бері қарап болғаннан кейін ғана, ішке отырып көңілін демдейді. Уһ! Вроде аман сияқты.
Жұмысындағылар Зарлауық Азынабаевты біледі.
- Қалай, аман-есен жеттіңіз бе?,-дейді сыр тартып, бүгін нені бастайды екен деп.
- Үйден шықсам есіктің алдында біреу жүр. Түрі мүлде түрмеден шыққандай. Бірден байқадым. Ол не то. Содан ол Адамның ұзағанын күтіп
тұрдым. Қайда баратынын бақыладым... Мына мәшинамды тексердім.
- Кеше түрмеден біраз адамдар қашып кетті, -деп еді Ресейдің радиосы.
Қызметтестері әдейі сөзді қозғап кеп жібереді.
-Аһ, не дейді?! Бәсе-ау, е, олар бір-ақ күнде бізге жетіп келеді. Бұл не болып бара жатыр өмір, аһ? Не болып бара жатыр? Тыныштықпен өмір сүргізбейді, адамды. Тыныштықпен өлтірмейді адамды.
-Нешеу екен, қашқан адамдары, айтқан жоқ па?
- Бүтіндей бір группа көрінеді. Жан-жаққа бытыраған шығар ендігі...
- Бытырамайды, олар бытырамайды. Сол топтасқан күйі Қазақстанға келеді. Біз жалпақ шешейміз. Мен сендерге айтып жүрмін ғой. Бізге сырттағылардың бәрі келеді. Біздің ішкі істер органдарымыз түк жұмыс істемей отырғанын біледі. Енді ол түрмеден қашқандар елді қырды дей беріңдер. Бұл бір. Екінші автокөліктерді ұрлайды. Машинаны бақылаусыз қалдыруға болмайды. Бір жерге жарылғыш бомба да қоюы мүмкін. Әне, әнеукүні аэропортта бомба қойылды деген жоқ па? Байқау керек. Ай, неге күлесің, ей, маған күліп отырсың ба?! Олар бар ғой, қойса қоя салады, пәнимаеш.?
- Сол күні ешқандай бомба қойылмапты ғой. Просто ложный информация болған. Зарлауық тынған жоқ. Түртпектеп столының тартпасын ақтарғыштап жатыр.
- Мінә, кеше үстелімнің тартпасына врач жазып берген рецептім тұр еді. Бүгін жоқ... Менің бар ғой, осы ұжымда өмір сүргенімді қаламайтын адам бар. Сол алды да, жыртып тастады. Әйтпесе қайда кетеді?
- Мүмкін қалтаңызда шығар. Бір бөлімде отырып, Сізге бөтен ой ойлап кімнің несі бар.
- Знәчить менің орным біреулерге керек. Мен өлмей ол орынды босата алмай отырған соң сөйтеді...
- Өзіңіз арамыздан біреуден қауіптенесіз бе. Айтыңыз, ағасы.. Бірге
отырып бұлай ойлауға болмайды ғой...
Қазір бастыққа барам. Айтам бәрін. Шығарсаң шығарып жібер деймін, өстіп астымнан ор қазғанша.
Офистің ішкі хабарландыру беретін желісінен диктордың даусы сайрап қоя берді:
-Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар. Бәріңізге, бәріңізге. Өрттен сақтандыру бюросы хабарлайды... Өрттен сақтандыру бюросы хабарлайды...
Бастыққа барамын деп шығып бара жатқан Зарлауық ішке ентелей қайта кіреді.
-Ойпырым-ай, офис өртеніп жатыр дей ме? Қайда? Қайда шығамыз? Ай, неқылып қозғалмайсыңдар, ей. Мына хабарлап жатқан жоқ па түге. 30 қабаттан түсеміз дегенше біттік қой. Бәсе-ау, бағана лифтіден бір иіс сезіп
ем... Енді лифт қазір істен шықса, құрыдық. Біттік қой.
- Ағай, корыкпаныз. Это пожарға қарсы учение. До конца тындасанызшы.. Қарсы столда отырған қыз сағызын шайнап отырып жәйбарақат тіл қатады..
- Уһ, жүрегім-ай, жүрегім. Тілім аузыма симай кетті. Обшым, вдруг пожар болса, онда не істейміз? Тірідей қуырылып өлдік қой. Осы қызық-ай, архитекторлар 40 қабатты үйлердің қатарын көбейтіп жатыр, көбейтіп жатыр. Қазақтарға осындай биік үйлер неге керек. Сонша жер жетпей жатқандай...
Зарлауық өзімен өзі күңкілдеп отыр.