Жарнама
О, Құдай, осы жарнама түбіме жетер деп ойлаппын ба? Аш болсақ та, тоқ болсақ та қара базардағы жұмысымыздың да өз қызығы бар екен. Бәрінен бұрын татқан несібеміз адал еді. Қай шайтан түртті десейші... Ойыннан от шықты. Әзілдеп әзәзілге тап болдық. Оның үстіне сәл нәрседен бір-бірімізді қағытып, бәсекелесіп шыға келетін, құрып қалғыр әдетімізден де бәле басталып кетер деп кім ойлаған.
... Күн суытып, базарда көп тұрудың реті болмады да үйге ертерек келіп, ыстық тамағымызды ішіп болған соң, көп ақша, табыс табудың, баюдың құйтырқылары жайлы әңгіме бастадық. Біздің үйдегі қасқа, қасқайып тұрып: "Қазір көп әйелдер күйеулерін жалға беріп те, табыс табатын көрінеді" деп оның жолдарын баяндай жөнелді. Сөйтті де қайтер екен дегендей маған бұрылып: "Мына мен, мені жалға берсең бар ғой, ақшаның астында қаласың" деп қалсын шімірікпестен.
- Ой-дайт деген-ай-ә?! Мына түріңмен сені кім жалға алғандай. Сырықтай бойың, суалған жағың... шүңірейген көзің... Ең болмаса қозы қарның да жоқ. Оның үстіне белбеуіңнің ішінен белбеу байлап жүргенің анау. Мықын дегеннен мүлде жұрдайсың, шалбарың түсіп т.б. кемшіліктерін теріп, өз күйеуімді өзім менсінбей, намысына шоқ баспаймын ба. Жарықтық, талай естіген сөзі болған соң, мыңқ деместен сөзін жәйімен жалғастыра
берді.
- Мен қандай ем. Баяғыда қай фильм еді, әне қазір ана көрсетіп жүр ғой. Атын ұмыттым. Сол фильмге басты рөлге батыр тектес, әрі Сәкендей көрікті тұлғаның образына әртіс іздегенде жолдастарым: "Алматыға барсай, қазақ киносы қағып алады. Сол образға келесің. Өлең айтасың, домбыра тартасың, садақ пен мылтық атасың, атқа көкпар шабатын шабандозсың, түрің Сәкеннен аумайды-ау, аумайды"- дегенде, Алматыда мені "кім келе ғой деп отыр" дейсің деп шыға алмадым. Мені құртқан сенсің. І разрядты спортшы, боксшы едім. Рэкетшілердің қатарына жібермей, әртістіктен аулақ әкетіп, енді міне, қарабазарға салып, жүкші еттің. Үстімде дұрыс киім де жоқ. Ай, шүберек адам көркі дейді. Мына, тозбайтын түрік тоныммен жүргеніме 10 жыл…
Осы жерде мен сөзін бөлдім.
- Ибай.. мынаң қара базардағыларға не киім керек, ей. Аяғыңа қыстың күні киіз байпақ кимесең, тоңып үсіп өлесің.. Ал, жазда ақ жағалы қатырма көйлек пен қара кастюм-шалбар кимейсің ғой, қонаққа баратындай боп.. Әйел мен де жүрмін, міне, шалбарланып алып. Көйлек кимегеніме не заман… Ол болса тоқтар емес.
- Бәрінен де дұрыс тамақтанған да емеспін ғрй. Қатырып киініп алсам, апта сайын саунаға бір буланып шықсам бар ғой, "Мен сұлумын!" дегендер соңыма ереді. Ақша табамын деп "касякқа" кіріп, үй-жайды сатқыздың. Конешный төшкіміз, енді міне... – Ол жыларман боп теріс айналды.
- Әй, бәстесесің бе?! Мен газетке хабарландыру берем. Егер ешкім келмесе бар ғой... мына түріңнен шошып кетсе не істейсің?!..
- Ал, мені қол аяғыма тұрғызбай қап-қара "Жип"-ке, "Мерседеске" отырғызып алып кетсе не істейсің?-деп ол қарсы сұрақ қойды.
- Бердім! Одан әрі! Бірақ бар ғой, табысыңды бөлесің. Все таки екі балаң бар ғой, менде.
- Бәс пе?!
- Бәс!
Құ-ры-сын! Мына газеттер бақылаусыз деп кім ойлаған. Тіпті "Күйеуді де жалға бере ме?" деп таңқалып сұраған да жоқ. "Тексің қандай, сол күйінше жарнама береміз. Тек ақысын төлейсің" деп қ-а-р-а-п тұр.
"Содан не болды?"- деп сұра. Хабарландыру жарқ етіп газетке шықты. Клиенттер көп. Тура базарға келді де, қап-қара "Мерседестен" түскен бір қыз ба, келіншек пе, 2 сағатқа күйеуімді алды да кетті. Сағаты 50 доллар! 100 долларды дөңгелентіп мен алма сатып тұрған таразыға лақтыра салды.
Міне, 9 айдан бері күйеуім осылай "жалдық" қызметте. Не керек табысы жаман емес. Мен, әйтеуір енді базарға шықпайтын болдым. Күйеуімнің қызметі – басы бос әйелдерге "күйеу" боп зиялы орындарға қонаққа барады. Кейде жоғары қызметтегі кәрі қыздар, күйеуімен енді
ажырасқандар театрға т.б. қоғамдық орындарға барғысы келсе, "сүйген жігіті" боп алдынан гүл ұстап қарсы алады, шығарып салады. Ставкасы жоғарылап 100 долларды сағатына төлейтін бопты. Жалға жалданып жүргенін кім білсін. Өйткенде бір қыздың подругасы үйіне шақырыпты.
- Күйеуге шыққаныңды айтпағаның не, -деп мұның қасындағы қызға ренжіпті. Кейде осындай "күйеу жігіт" боп қонаққа да барады.
- Әй, бүгін не істейсің? Қай жерде болдың?- деп сұраймын ғой баяғы ішім қыжылдап.
- Ту, осындай сұрақ қоя ма екен? Сценарийлері белгілі емес пе, саған, - деп ол да жылмия түседі. Баяғыдай емес, өзгерді.
Кейде қызғаныштан солқылдап жылаймын. Ол жұбатқан болады. Әне, телефон қоңырауы шылдырлады. Заказ түсті білем.
- Екі сағаттан соң дейсіз бе? Қандай нөмірлі "Жип" келеді № 07-231 иә, иә дайынмын,- ол трубканы қойды. Қызметі қат. "Құдай-ау бұл бизнесімізді қалай тоқтатамыз енді?- деп сұраймын күйеуім Жұрнақтан жылап отырып.
- Өзің айтшы, Инеш, базарда екеулеп тұрғанда қандай едік, қазір қандаймыз. Үй сатып алдық. Құдай қаласа өзімнің жеке "Жипім" болады, скоро. Содан соң қоямыз... Дұрыс-ау айтқаны. "Жип"-ке мініп, шалқайып жүрмеймін бе...
Бүгінгі газетке ерігіп қ-а-р-а-п отырып, көзім түсе кетсін. Тағы біреу хабарландыру беріпті. "Күйеуімді жалға беремін". Мәссаған қып-қызыл конкурент қой мынау. Жо-жо-жоқ! Жұрнақты әзір тоқтатуға болмайды. Күйеуім ыстық, бірақ бизнес одан да ыстық! Осылай қорытынды ой түйдім. Жұрнағым жүгіре сыртқа шығып бара жатты. Мен тағы да газетке жарнамаға асықтым.