23.02.2022
  149


Автор: Өріс Яшүкірқызы

АЛАПЕС

 


 


Шіркін, өз ұлтыңның ортасында, таза қазақтардың арасында жүрген қандай жақсы, қандай бақыт. Ол – бір дүниенің пейіші ғой. Бұған қарап “мына бейшара, алыста, шетелде жүр ме?” деп ойламаңыз.


Кіндік қаным тамған Қазақстанымда, туған үйімде, он бесімде отасқан құдай қосқан қосағыммен және екеумізден өрбіген балалардың ортасында-ақ жүрген жанмын. Менің бұлай шерменде хал кешуімнің басты себебі - бір отбасындағылардың алашұбар тілінде, яғни алапестігінде болып отыр.


Осы “аурудан” жазылмай жүрміз, әй қайдам жазылуымыз да қиын шығар. Мұны мен неге айтып отырмын десейші. Әлгі алапес ауруымыз меңдеп бара жатқан соң, шамам қалмағандығынан тұяқ серпіген түрім ғой.


Сонымен біздің шаңырағымыздағы тіл мәселесі былай: Әрине, 100 пайыз өз қанымдағы тілде - өзіммін дейінші. Бұл көзімді ашқаннан ана тілімнің уызын қанып ішкеннен де шығар. Ал дәл мендей боп ауылдың ақ шаңында туылып, жалаң аяқ топырақ кезіп, шеңгелдің шөңгесін табанына кіргізген, ауылдың пеш жаққан мектебінде тіпті бір сыныпта оқыған, кейін қосақталған күйі бала махаббаттан ата махаббатқа жеткен қосағым – Алапес кейін Ресей жерінде білім алды да бұзылды. ”Ұлы орыс” мекемесінде басшылық қызмет істеп, “ұлы орыс” тілінде бізді асырап, тілі қазір мүлде


 


шұбарланып “вот..” “воттанып” кетті де, қазақтармен амандасуға кейде жарап, кейде жарамай қалатын 10 пайыздық ана тілі алтын тістерінің аржағынан арып-ашып әрең шығып жүр.


Кеңес кезіндегі орыс тілді бала бақшаның ең үлгілі тәрбиеленушілері болған менен туған Шұбар мен Құмардың тілдері тоқсан пайыз орыс тілі. Ел егемендік алар алдында туған Пейілсіз атты қызымның тілі 60 пайызы ағылшынша да, 20 пайызы қазақша, 20 пайызы  орысша.


Бұдан бес жыл бұрын шаңыраққа келін боп түскен Шұбардың келіншегінің тілі ағылшын тілінен сабақ беретін болған соң, тұтастай сол елдікі. Одан туған кішкентай немере Қоқетпестің қазіргі тілін адам айырып болмайды. Келінім оны бесіктен шықпай жатып ағылшыншаға үйретіп, Пейілсіз қызым оны қоштап қазір ол таза ағылшын сыныбында бастауыш сыныпты бітірмек.


Ұлтымыз қазақ болған соң бет - теріміз сойып қаптап қойған қазақ. Ал ішкен асымыз еуропаша деп қалмаңыздар. Бұл жағынан ұялмаймыз. 150 пайыз қазақша. Бәріміз қазақша күнде ет жемесек, қымыз ішпесек шегіміз айналмай, ауырып қалатын жандармыз тағы.


Ал киген киімдерімізге тоқталмай-ақ қояйын. Менің киімдерім әрі арзан, әрі тез табылғыш қытай киімдері. Басқалары негізінен орыс, түрік, неміс поляк ағайындар шығарған “фабричный” киім болмаса жалаңаш жүруге бар.


Бәріміз түгел сауаттымыз.Сауаттылығымыз сондай бәріміздің теледидарға бетіміз жабысып қала жаздайды. Газеттер, журналдар оқимыз. Газет дегеннен шығады. Барлық жүрек ауыртар сөз бүгін осы газеттерден шыққалы отыр. Отбасы бюджетінен келер жылғы басылымға жазылуға қаржы мәселесі қаралып, үйдегі Бас қазынашы мен болған соң бірінші боп сөз алдым.



  • Әй, сендер, “Время”, “Новое поколение”, “Эпицентр” “Караван” газеттеріңді, “Лиза”, “Семья” “Мода”, “Женщина” деген ресейлік журналдарды қойыңдар. Бұл басылымды удай ақшаға жазылып алып оқисыңдар да, мен жазылған “Егемен Қазақстан”, ”Жас алаш”, “Айқын”, “Алтын орда” газеттеріне, “Ара” журналына мүлде көз салмайтындарың не? Мына алапес тілден біздің отбасы қашан айығады? Сендер көп те, мен жалғыз. Өздерің ана сүтін емген ана тілдеріңді ұмыттыңдар ғой, мүлде. Кімнен шықтыңдар осы сендер?! Мен сөйлейтін тілге де сендер қарасаңдаршы, - дедім ашынып, - қыруар ақшаны орыс тілді басылымға жұмсағанша, қазақ тіліндегі газеттерге, тіпті жаңа шығып жатқан әдебиеттерге жұмсасаңдаршы. Кінәлі сенсің дегендей отағасыма алакөзімді бұрып кеп жібердім. Сол кезде айналамдағы “шұбарлар” шибөрідей бір ауыздан шу етті.

  • Ну, мама, “НП-дағы гороскоп дәл келеді. Ал, “Модасыз” қалай өмір сүреміз, тогда мамбети будем,- деп Пейілсіз қызым шырылдады.


-Ну, мама, бұл газеттерге біз отбасы бюджетіне салмақ салмай-ақ


 


 


жазыламыз, - деді Шұбар мен Құмар қосарлана.



  • Әй, қойшы басты ауыртпай! Зачем диктовка! З0 жыл осы газеттерді оқи жүріп, енді биыл отказ жасай алмаймын. Сенің ол газеттеріңнен че прочитат. Газет халықтікі, халықтікі дейді. Про жизни халыка ничего нету. Разве правда пишет мемлекеттік газеттер. Бәрі қаржыландырып отырған жерге зависимый.

  • Да, папамдікі дұрыс. Олардан ешқандай правдаларды оқи алмайсың, - деп папасының қызы болып еркелеп өскен Пейілсіз әкесіне қарай бұрылды, - Қорқақи все.

  • Короче, менікі де отбасы бюджетіне қатысы жоқ. Глава семья емеспін бе?! Өзім білем не нәрсеге жазылуды. Вообще, еш газетке жазылудың кажеті жоқ. Пошта анау, бірде келсе бірде келмейді. Обнаглели, доставкамен шаруаларын көрмедім!-деп күйеуім “К-700-дің моторындай гүр етті. Мен үнсіз қалдым.


Міне, әркезде осы. Олар көп те, мен жалғыз.


Шіркін-ай, өзіңнен шыққан балаң мен немерең, туған күйеуің қазақ болғанға не жетсін.


Бізге ем қонбайтын шығар, сірә? “Алапес” боп қала береміз бе екен-


ей..





Пікір жазу