23.02.2022
  158


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Ұшық пен пұшық

 


“2003-2005 жылдары Ауыл жылы” деген ұран аттандап кетті. Газеттің ішкі қос бетінде аншлакпен “Ауыл назары Үкіметте! Көркейтеміз ауылды. Ел тіршілігіне қып-қызыл қан жүгірді” деген қаратпа сөздер айқайлап тұрды. Әншілерге де тапсырма берілсе керек.


“Ауылға! Ауылға! Мен барам ауылға!” деген ән салуды радиода, теледидарда жиілетті.


Оң жағыңа қарасаң да Ауыл. Сол жағыңа қарасаң да Ауыл деген плакаттар ілініп, баяғы кеңестік кездің “Родина зовет!” деген жігерлі шақырауын көзге елестетті.


Теле арналардың бәрін де ұжымшарлар, кеңшарлар насихатталып, тырылдаған тракторлардың дауысы фонында қолына күрек, сайман ұстаған егіншілер көрсетілді. Тілші:



  • Қалай, ағай Ауыл жылында шаруашылықтарыңызға көмек болып жатыр ма?

  • Енді нетіп жатырмыз ғой. Әкімдер несиеге көмектесеміз деп жатыр... Қазір жақсы.. Иә...бала-шағамызбен ..

  • Сіздер егінмен айналысыздар ғой деймін.

  • Жоқ қарағым. Бір-екі мал тұяғы бар соған нетіп...


Әрмен қарай Тілші сусылдап, ой, бір дүрілдетіп жібереді дейсің. Барлығы қарқ болып жатқан жағдай паш етіледі. Ауданның әкімінсіз хабар қорытындылана ма. Ақ көйлек, ақ костюм киген Әкім малшылармен қоян- қолтық араласып “еңбек” ете қалады. Тағы да тілші шолу жасап, Әкімнің ауылға жасап жатқан ұшан-теңіз жақсылығын баяндағаннан кейін:



  • Енді міне, ауыл жылы атқарылып жатқан тамша жұмыстар туралы Әкімнің өзі айтсын деп, микрофонды ұстады. Ол да сайрап береді. Сөздің түйінінде бәрі дұрыс, бәрі қарқ. Бір инедей кемшілік деген болсайшы. Жанар май дегенің ой-бай-ау, су тегін. Кім алғысы келсе алады. Ауданда пәлен жанар май стансасы “Кәне келсең кел” деп мөлтілдеп тұр. Бірақ солардың сөйлеген сөздерінде жаттандылық барын біреу аңғарды, біреу аңғармады.


Шаруалар алақандары қышыса жақсылыққа жорыды.



  • Ойпырым-ай, шаруашылығымға аз-мұз тиын-теңге түсіп қала ма екен. Мына алақаны неғып қыши қалды. Әнебір ескі трактордың доңғалағы


 


кетіп тұр. Ең болмаса жер жыртып алуға дейін шыдаса етті. Апырай- ай, тұқым-сұқым сатып ала алмасақ тағы қиын-ау,...-деп таңның атысы мен күннің батысы ауылға бөлінетін қаражаттан хабар күтті.


Алғашқы жылы ешнәрсе болмады. Шаруалар келесі жылға нық сеніммен қарады.



  • Үкімет қатаң көз қадап отыр ғой ауылға. Өткен жылғы нете алмағандарын биыл нететін шығар,-деп келесі жылға иектерін артты.


Бұл кезде ауылдың астарлы мафиясы қызу жүріп жатты. Мемлекеттен бөлінген миллиард несие Ауыл бишікештерінің керек жеріне саймен де жағалады, оймен де жағалады. Мәселе, кім соның есебін таба алады де.


Ешкімі жоқтар еңіреген күй кешті. Әр ауылда жанар май стансасын ашып алған әкімнің жақын-жуығы несиеге процентсіз бөлінген жанар майдың   бағасын жандырды.   Арызданғандардың арызы ауданнан ауылға беті “аймандай “ болып қайтып келетінін қайдан білсін. Үкіметке деп қол қойып, шаруалар енді бірлесіп жоғары жаққа хат жөнелтті. “Осылай- да осылай, миллиондап қаржы бөлінді деп жатыр, оны көрмей отырмыз.


Көрсетіп кетіңдер, түге” деп. Ия, көрсетті. Жергілікті әкімдер шаруалардың өз арыздарын өздерінің көздеріне шұқыды.


-Неге тыныш отырмайсыңдар, а?! Неменені бүлдіріп жүрсіңдер, а?! Менің үстімнен арыз жазып оңа қоямын дедіңдер ме, а?! Біздің кеңшарға бөлінгені 100 миллионнан 100 мың теңге ғана. Қайсыңа бөліп берем, а?! Арқа етім арша, борбай етім борша боп сендер үшін әнебір май құятын станса салып едім, көре қалдыңдар а?! Ал, енді менің үстімнен аттап арызданып, қаржыға қарқ бола қойыңдар..- деп үлкенді-кіші деместен ұрсып бергенде ауылдағылар әкімнің өзін аяп кетті.


-Сен ғой жазайық, деген, мен ғой қол қойғанмын. Бишара біз үшін май бекетін салдырғанын кім білген. Рас-ау, әйтеуір алысқа бармай   тракторға осы жерден құйып алады дегені екен ғой.



  • Жоқ, Бекеңнің біз үшін шырылдап жүргені рас. Ай, біз де түсінбей, қой кешірім сұрайық. Бір білместік болды дейік.

  • Ертең малымызға шөп сұраймыз, жем сұраймыз дегендей, бәрібір күніміз әкімге қарайды.


Өстіп мәмлеге келген шаруалар ақсақалдарын алдына салып ауыл әкімінен кешірім сұрауға кезекке тұрады.


-Қарағым, Бекен, біз қателесіппіз. Қара бастырса адамды солай болады. Өзара татулығымыз бен ауыз бірлігімізге не жетсін. Біздікі Үкімет қаржысынан ернімізге бірнәрсе көппен бірге тиеме деген ғой. Тимесе әдірам қалсын.Осыған дейін де өлген жоқпыз, бұдан кейін де өлмеспіз. Сен бізді кешір!- деді.


Ауыл әкімі енді кешіреме. Жәупілдемеде кешіре қоймайды. “Жыны” одан әрі қозады.



  • Бірде жүретін, бірде жүрмейтін тырқылдақ “Пазмен” күнара қалаға қатынап, базарға барасыңдар. Сатып жатқан сүт-майларың жоқ.


 


 


Шаршайсыңдар, шалдығасыңдар. Сондағы алатындарың күнделікті қант-шай ғана. Сендер жүгіріп дедектемесін деп, үйдегі келіндеріңізге осы ауылдан дүкен ашып берейін десем, ақша болып тұр ма? Несиеге бөлінген аз- маз ақшаның үстіне қосып, соны да неттірмей отырсыңдар.


Көп ішінен біреудің көңіле түсе қалады.


-Ойбай-ау, ондай дүкен ашылатын болса, алысқа шапқылап неміз бар, келіннің дүкенінен осы жерде нете берер едік те.



  • Келін өзіміздің адам кейде қарызға да қарасып, беретін шығар...Әкім одан сайын қоқиланады.

  • Әрине, сол үшін ғой. Сіздер үшін. Ертең біреу келеді, басқа жақтан аудан әкімінің туысқаны. Осы жерден дүкенді ашады да, аузымыз аңқиады да қалады. Итак, күнде сұрайды. “Ауыл жылы ауылда дүкен ашылды ма?” деп. Мен айтамын, “ашылайын деп жатыр” деп. Көкірегіндегілерін сезіп отырмын.


- Қой, ойбай, қарағым, онда тездетіп келін дүкен ашсын, өзімізді


білетін.



  • Е, өстіп жөнге келмейсіңдер ме. Ауданға арызданғанша. Май құятын стансасы бар баласында, қатынында дүкен бар деп тағы да әрнәрсені жазып жүретін болсаңдар, оны айтыңдар қазір көзбе-көз. Ал, араларыңда дүкен ашатын біреу болса, пожалыста. Бірақ мен білем ғой, сіздердің халдеріңізді... Артық ауыс ақша жоқ екенін...


-Ойбай-ау, қолда тиын-тебен болса, мал сатып алар едік қой... Дүкен ашу қайда...


Ауыл әкімі содан кейін барып қабағын ашты.


-Көкелер-ау, міне өстіп түсінсеңдерші. Менен де жоғарылар бар ғой.


Олар өздеріне нетеді. Өздеріне неткеннен қалғанды біздерге нетеді.


-Ия, қалқам, түсіндік, түсінеміз ғой. Алдымен сендер нетіп алсаңдаршы, бізге сол сендерден қалған ұшықтың пұшығы болса да жетеді,- деп қанағат етті  шаруалар.


Қайтсін, өйтпеске амал да жоқ.





Пікір жазу