Шенеунікше тактика
Жанайдың бағы жанды. Сәттілік дегенді қойсайшы. Бір айдың жүзінде жеке бизнестен “ММ”-нің (мәдениет мекемелері) Төрағасы болып мемлекеттік қызметтің ең төріне шіренген шенеунік болып шыға келді.
Бүгін алғашқы шенеуніктік жұмыс күнді аяқтады. Күні бойғы құттықтаулардан уақыт тез өткен сияқты. Қолпаш деген қотарылып, аста-төк арнасына жеткендей.
Негізі адамның құлағына естілген мақтау, мадақтау сөздер психологияға өте үшті әсер етеді екен. Жанайдың көңілі көтеріліп-ақ қалды. Енді міне, жұмсақ креслода көзін жұмып, қас-қағымдай болған осы бір сәттіліктен ләззат ала, қалтасындағы тәтті сағызды тіліне салды. Сөйткенше болған жоқ шалбарының қалтасындағы телефоны борбайын жыбырлатып зарлап қоя берді. Жалт-жалт көк нүктені басқанда аржағынан әйелінің даусы шыға келді.
- Сен бүгін қашан келесің. Далайдың додабасы звондап, үйге құттықтап келеміз деп жатыр.
- Енді сен, нете бер, барамын ғой. Далай қалай жылмаңдай қалды, ей. өткенде сәлем беруге шіреніп қалып еді.
- Мен не айттым саған. Далай енді сенің алдында танцевать етеді. Қара да тұр.
Әйелімен қысқа диалог осылай аяқталды.
...Жанай әуелде шағын бизнеспен айналысып, шақша басы шарқ ұрған. Бұл бизнес дөңгеленген дүниені кездірді. Бармаған, араламаған жері жоқ. Өзгелерден таяқ та жеді. “Бұға бермейін” деп өзі таяқ та жегізді. Ұйқыдан да, күлкіден де айырылған күндерді өткізді. Бірақ шыдамдылық жеңіп, шыдап бақты.
Осы бизнесте адалдық пен арамдықты шегін ажыратты. Бәрібір қанша төбеңде ақшадан жаңбыр жауып тұрса да, “крышасыз” қиын екенін ұқты. Сөйтіп жүріп ақшаның күшімен жоғары жақтан өзіне “крыша” тапты. Міне, енді осы крышаның арқасында бүгінгі қызметке келіп отыр. Мұның да әлібінің артын бағып көрмекші.
Кабинеті доп ойнағандай кең екен. Төбеде қымбат люстра жарқырайды. Ұзын столдың үсті айнадай. Еңкейіп қарасаң суретің көрінеді. Бір жақтағы кішкене столда компьютор. Қарсы қабырғада киім ілетін шкаф.
Өзін отырғызуға жоғары жақтың өкілі Сілтеме Білтегенович келді. Бойы ортадан жоғары, көк көз, шикіл сары бұл кісі жан-жағына маңғаздана қарап, бөлме ішін шолып өтті. Шыбын тайып құлағандай жалтыр басындағы төрт тал шашты быртиған саусағымен салалап тұрды да, қаумалаған көпшілік алдында сырбаздана сөз бастады.
Жанай Канаевичтің жеке басына көптеген мақтаулар айтты. Қазіргі келген жұмысын да қарқ қылатындығына сенім артты. Әлі бұл салада еш нәрсе тындырмаған Жанай, құрғақ мадақтаудан аздап қысылайын деді.
- Вот, Жанай Қанаевич молодой, энергичный, очень способный. Бүгіннен бастап с Вами будет работать. Давайте поможем, ему. На этой сфере много ему не знакомо. И Желаем ему удача!- деп сөзінің соңын леппен аяқтағанда, жұрт ду қол шапалақтады.
- Много ему не знакомо болса, не басқарып жарылқар дерсің, бұл жерге кімдер келіп-кетпеді, бір жылға жетпей кететін бастық болды ғой,- деп көп ішінен біреу қасындағыға күбірлеп еді, ол жан-жағына жалтақтап, біреу естіп қоймады ма екен, мынаның қасында тұрып “кесепат” сөзіне соучастник болып кетпейін дегендей, қашыңқырап, бір қадам әрірек жылжыды. Анау да оның соңынан қалмай: “Дегенмен, опыты бар біреу сияқты” деді тағы да. Басқа жиналғандар үнсіз, мектептің оқушыларындай мойындарын төрге созып, зейіндерімен тыңдай қалған.
Таныстыру, төрге отырғызу көп уақыт алған жоқ. Жұрт келген жақтарына топырлай қайтадан тарады. Кабинет босаған кезде Сілтеме Білтегенович Жанайға қарады. Жаңа Төраға анау түрекеліп тұрғанда, қысылыңқырап, ол да түрекелді.
- Отыр, отыра бер,- деді Сілтеме Білтегенович,- ешнәрсе жоқ, қысылатын. Замдарыңды тастай ғып жұмсай біл. Кез келген уақытта ситуациядан алып шығатын сол Замдарың. Әуелден оларға осыны ұқтыр. Қай жақтың қолдауымен келіп отырғаныңды Министр де біледі. Так, что дейстствуй, как надо ,- деп иығынан қақты.
Сол күні есікте де, телефонда да дамыл болсайшы. Бәрі де құттықтау ғой баяғы.
- Құтты болсын жаңа қызметіңіз, Жанай Қанаевич,- деп өздерінің ілтипаттарын білдірді. Оған қоса тағы да:
- Бұл Сіздің нағыз орныңыз. Бұрынғы көзілдірікті секпіл бет қара шал осы кабинеттің қарадай ұсқынын алып отыратын. Кеткені жақсы болды. Темекі тартқышын өзінің, туу, қашан келсең де көк түтіннің ортасында қақталып отырушы еді. Міне, енді тіпті басқаша. Бөлме іші жарқырап, мүлде жайнап кеткендей,-деп басталды алғашқы жарамсақтық сөздер.
- Жанай Канаевич, төр жақта тынығатын бөлме бар, әжетханасы да сонда. Мұздатқышта сусындар тұр. Сізге қандай сусындар ұнайды, айтып қойыңыз, бәрін реттейміз,- деді бірінші Замы ең бірінші рет қолына папка көтеріп келіп, арнайы жұмыспен келгендей ішке енгенде оңашалықты пайдаланып.
- Қабылдау бөлмесінде отырған қыз, жәй специалист, Өзіңіздің таңдауыңыз болсын. Оны өзгертемін дейтін болсаңыз, басқа бөлімге ауыстырамыз. Оны да қалауыңыз білсін – деді тағы да сөз арасында. Қазір Сізге, кофе әкеледі.
Сөйткенше болған жоқ, бойы екі метрге жуық, көкқұтандай сорайған, арық, тізеден жоғары қысқа юбканы тырыстырып киген, омырауы мен
кіндігі ашық, көк ала шашты сары қыз көзін мөлдірете аударып, подноспен екі кофе әкелді.
- Есімің кім?- деді жаңа Төраға подносты еңкейіп қойып жатқан қызға, атын сұрағанмен аса мән бермеген сыңаймен.
- Айнара... Қыз тақ етті. Қысылған жоқ. “Сендейдің талайын көргенмін” дегендей су жаңа Төрағаға тесіле қарады. Мұны күтпеген Төраға:
- Жақсы, жақсы... рахмет, бара бер, - деді міңгірлеңкіреп.
Әшейінде бөксесін бұлтылдатып жүруді ұнататын Айнара әдептілік көрсеткен болып, шегінді де, сырт жағымен есіктен шықты.
“Мына қыз бұрынғы жүрісін 360 градуска өзгертіпті ғой. О, тоба десейші “- деп Зам ішінен таң қалды.
Соғылған телефонның көптігінен Жанай Қанаевич Заммен жөнді сөйлесе де алмады. Міне, тағы звонок түсті. Бұл әрине, курстасы Далай еді.
- Жәке-ау, орның құтты босын! Ай, жарайсың! Жігіттерден жаңа естіп қуанып жатырмын. Ол жерге жақсы бардың. Бизнесті сол жерден өрге бастыра бересің енді. Өз бизнесіңе өзің крыша боласың дегендей ғой... Ха- ха-ха... Тендер кезінде... Беделді орын, құттықтаймын,- деп, даусы емен- жарқын қарқылдаған күлкісі бөлмеге естіліп жатты.
...Өткенде өзінен талай қарыз ақша сұрап, жырымшылып әрең қайтаратын осы Далай Жер Комитетіне бастық болғалы мұрынды аспанға көтеріп кеткен. Бір институтта оқып, жатақхананың қара көжесін бірге ішкені мүлде есінен шығып, кездескенде сәлемдесу түгілі сәлем алған түрі бүртүрлі бола бастаған. Енді сөзінің кейпі мүлде бөлекше бола қалуын...
Соңғы рет бір тойды екі сағат күттіріп қойғызғаны бар жұртты. Далай есіктен төбесі көрінісімен қолпаш деген басталды. Екі жастың үйлену тойы далада қалды. Барлық айтылған сөз Далекеңе бағышталды.
- Қазір Далекең сөз сөйлейді..., Далекең айтқан еді... Далекеңнің айтқан мынадай сөзі бар..., Ойбай, Далекең болмағанда күйіп кетер едік қой, туу сондағыны айтсайшы... Далекең..., Далекең болды да төрде тұрған екі жасқа салиқалы бір тілек айтылмай қалған. Жанайдың келіншегі бұған қарадай ыза болды.
- Осы біз екі жастың тойына келдік пе, Далайдың мақтауын естуге келдік пе. Мына жұрт лағып кетті ғой түге,- деген.
Қолпашқа қызып алған Далай Жер комитетінде өзінен төмен қызметте істейтін жігіттерден берілген тапсырманың орындалуын бұйрық раймен сұрай бастады.
Біраздан соң олардың берген жауабына ма, жоқ атқарған жұмыстарына ма көңілі толмай айқайлап бір берсін.
- Слушай, сендер осы тойда неғып жүрсіңдер, а? Неғып жүрсіңдер?! Мен ғой сендерге сеніп жүрмін. Ал сендер ше?!
Той иесі дереу жетіп келіп, қысыла, екі жаққа бірдей жалтақтап:
-Қойыңыз енді, Далеке, екі жас үшін кешіріңіз. Ертең де күн бар дегендей, бұл кісілер де менің қонағым, балаларға бақыт тілеп келіп отыр
дегендей... , деп араға түсті. Осы көріністен кейін-ақ Жанайдың келіншегі:
- Давай, сен де беделді қызметке ізде. Бизнес-бизнес деп қара басымызды ойлаппыз. Обществоға оның авторитеті шамалы. Қалай крутить етесің, оны өзің біл. Ақшаң жетеді. Жасың да келіп тұр. Шенеуніктік қызметте кілең жастар жүр дейді ғой. Бірнәрсе біліп жатыр жейсің бе солар. Гинеколог та қазір ауыл шаруашылығын басқарып жатыр. Далайдан кем емессің. Өзіңдей мал дәрігері қазір жер қызметінде дөңгелентіп жүрген жоқ па. Ол бітірген нститутты сен де бітірдің, - деп келіншегі осы тойдан кейін арадай ызылдап дамыл бермеген.
Мал дәрігерлік дипломмен осы отырған қызметке шынын айтқанда келіншегінің құлақ етін қыршуынан құтылмаққа, әрі шенеуніктік қызметтің де түрін көру үшін келіп еді. Не болса да Далайдың иілмейтіндей басы бірінші күннен-ақ, иілуін қарашы. Енді соңы не болар екен.
- Сізге жолығуға, сыртта бір кісі күтіп тұр. Рұқсат бересіз бе?- деп бағанағы сорайған қыз ішке енді.
-Жұмыс аяғы біткен кез де ме?
- Жанай Қанаевич, онда қайтарайын ба?
- Қайтару ыңғайсыз шығар. Не шаруамен келіпті. Менің жұмысқа шығып, креслоға отырып отырғаным бүгін. Оның сұрағын мен шеше алам ба?
Хатшы қыз жол тапты.
- Бірінші Замды қоса шақырайын ба?
- Шақыр.
Есіктен ескі көнетөз боз костюм киген, қырғауылдың мойнындай қылқиған мойнына сарғыш галстукты қылғындырып таққан, қолына бояуы кеткен тері папка ұстаған бір ер адам кірді.
- Қарағым, келген орның құтты болсын, - деді ол төрдегі отырған Жанайға қолын созып - Сені жаңа бастық деп жатыр, былтыр да осы жерде жаңа бастық отырғанда келіп едім.Мейлі ғой, жастар басқарып жатқан заман, отырған орның құтты болып, көсегең көгерсін...
Осы кезде телефон шылдырлады. Жанай көтерер көтермесін білмей састы. Келген адам телефонды естімемегендей, сөзін жалғастыра берді.
Желдірме Жекенұлы деген атағы жер жарған жазушы екенін, дүниеде атақты үш жазушы болса соның бірі өзім деп, пәленбай томдары жарыққа шыққанын, енді алдында 70 деген жасы келе жатқанын, оған 7 томдығын әзірлеп қойғанынын, тағы да 7 томдық ғұмыр-баяндық естелік кітаптарын шығарғысы келетінін, алайда бұған ешкімнің қолдау көрсетпей отырғанын, т. с. нүктесі мен үтірін қалдырмай асықпай айта бастағанда Жанай Қанаевич жалығып, орнынан түрекеліп кетті.
“Причем кітап, причем мен. Менің қатысым қанша”- деді іштей. Осы келген қызметінде кітап шығаратын отрасль болғаны ма, осы мәдениетке де қосылмайтын нәрсе жоқ екен. Сұрап та білмепті.”
Осы кезде Зам да есіктен басын көрсетті. Замы әккі ме, жоқ мына келген кісіні бұрын біледі ме, есіктен кіре бере бұрылып:
-Ас-салау- ма-ғалей-кум, ағасы, келіп қалдыңыз ба тағы?- деді қолын қысыңқырап.
-Енді келмей, не істеймін, үйде отыра берсем іс біті ме. Биыл 70 жасқа толамын. Естелігімді шығарайын деп...
Зам төрдегі бастығына қарап ым қаққандай болды. “Маған жібер” дегендегісі.
Жанай Канаевич те осыны күтіп еді.
- Аға, Сіз шаруаңызды менің Замыма асықпай айта беріңіз. Мені жоғары шақ шақырып жатыр,- деп қолына папкісін ұстап бөлмесінен шыға бастады.
Желдірме Жекенұлы қопырсытқан құжаттарын алдына қайта жиыстырып жатып:
- Ал мен ертең өліп қаламын, өстіп жүріп. О, несі-ей, а? Естелігімді сонда кім оқиды. Менің естелігімнен ғибратты кім алады, а? -деп қасында қалған Замға бұрылды.
- Ой-бой, ағасы, өле көрмеңіз 70 келіп, әлі 80-ніңізді тойлаймыз, 90- ңыз бар дегендей, оныңыз не шошытып...,-деп Зам әлгі кісіге бәйек болды. Бәрін де қатыратын болып жатыр.
- Е, өстіп жөнге келмейсіңдер ме?
- Өзіңіз келген соң шешілмейтін мәселе бола ма, бәрін де реттейміз, - деп жылпылдатты Зам. Желдірме әжептеуір болып көтеріліп қалды.
- Міне, нағыз азамат. Өзіңдей түсінетін балалар жоқ қой қазір, -деп желпінді.
Ертеңіне Замды шақырған Жанай Канаевич:
- Бұл “ММ” деген қызметте кітап қалай қосылып отыр. Кітаптың мәдениетке қатысы қанша. Честно говоря мұндай сала полиграфический өндіріске қарамай ма? Мәдениетте неғып жүр? Мен ойлағанмын “ММ” де әртістер ғана бар шығар деп.- деді мойындап. Замы түсіндіре бастады. Анау көпке дейін түсіне қоймады.
- Қазіргі кезде полиграфия көп, барсын да шығара берсін.
- Жанай Канаевич, біз мемлекеттік қызметтеміз ғой, “ММ”-біз. Мемлекеттік ақша бізде.. Мемлекеттік тапсырыс деген тағы бар. Ол бөлек. Бізде бұл үшін жылына мынадай қаражат бөлінеді. Бұл кісілер сол қаражатқа шығарғысы келеді естеліктерін.
- Миыма кіріп шықпайды. Кітап- деген бумажный предпретия емес пе. Ал жазушылар бұған неғып қатысады. Жазушы, ақын дегендерді бұрыннан суқаным сүймейді. Өздерінің бастары нелеу, шарикі кем адамдардай көбісі. Ол басына сұқ саусағын апарып шекесін шұқыды.
-Ойбай, олай демеңіз, оларды ерекше адамдар деп атаңыз. Жазушы
қауым дегендей. Халқымыз қаламгерлерді қолдайды. Олармен байқамаса болмайды, Жанай Канаевич. Кәнешно, барлығы бірдей емес. Жақсы адамдардың арызданбайтынын білесіз. Ертең келеді әлі “Мен тұлғамын”, “Мен сирек дарынмын “ дегендер.
-Білмедім.. Кешегі келген кісі кім? Желдірме Жекеновпін дейді.
Бірінші рет естіп отырмын атын.
- Жанай Каневич, әрине білмейсіз. Мұндай жазушылар Қазақстанда 700-ден асады. Біздің ұлт құдай бере салған ғой, ақын мен жазушылардан тұрады емес пе.
- Что за народ жазушы... Вообще олармен бұрын сөйлескен емеспін.. Сілтеме Білтегеновичпен ақылдасамын. Жазушылар деген чокнутый народ, по-моему..
- Жазушылармен байқау керек. Олар арызды жақсы жазады. Бұл кісі ертең жоғары жақтың бәріне арызданады. Депутаттарды подключать етеді.
- Оларға енді не істеуіміз керек?
- Сылап, сипап шығарып салу керек. Ауыздан шыққан бір ауыз сөз кетеді шарықтап.. Пәленше сонда маған өй деп айтты, пәлені күні пәлен сағатта деп көрсетеді арызында.
-Жаза берсін.
-Ойбай, Жанай Канаевич, олай демеңіз. Өйтуге болмайды. Бұл этика. Әр арызда аты-жөніңіз аталып жүрсе нелеу ғой... ыңғайсыз... Біреу болмаса біреу басқаша түсінеді.
-Ымм.. Общем келген адамды мен саған жіберем, сен өзің шешесің. Есіктен хатшы қыз басын сұқты.
- Бір апа келіп тұр. Сізге жолыққысы келеді. Күтсін бе?
- Аты-жөнін айтты ма?
- Жазушымын дейді.. “Сендер адамды танитын ба едіңдер. Бастығыңа кірем” деп болмай отыр. Блатная бабушка. Не айтайын. Күтіңіз дейін бе?
- Жиналыс өтіп жатыр,- демейсің бе?! Осы сендерге қашанғы түсіндіруге болады. Зам қызға алара қарады.
Хатшы қыз қайта шықты. Оның даусы есіктің ішіндегілерге естіліп жатыр.
- Жанай Канаевич бүгін босамайды. Жиналыс өтіп жатыр. Түстен кейін іс-сапарға аттанады. Уақыты жоқ, тығыз.
- Мен асықпаймын. Күтемін. Обедке осы есіктен шығатын шығар. Подумаете, алдаймын деп отырсыңдар ма?!
Жасы алпысты алқымдаған егде тартқан әйел өзін өте еркін сезінді. “Мен де кем емеспін” дегендей үстемдік бар. Шашын ақсары түске боятып, ерніне қып-қызыл далап жаққан. Омырауы алқаға, білегі мен саусағы алтын білезік пен жүзікке толы. Жеңі шолақ көгілдір кастюмінің жағасында бір медал жарқырайды.
Жаңа келген жұмыс орнында қандай қызмет саласы бар, анықтап
отырған Төрағаны енді ішкі телефоннан жоғары жақ шақыра қалсын. Апыл- құпыл сыртқа атыла шыққан Төрағаны қабылдау бөлмесінде күтіп отырған әлгі әйел тоқтататамын деп қақтығысып жығыла жаздады.
- Слушайте, қайда ұшып барасыңдар түге,!- деді ол, бұдан кейін асықпай шыққан Замға бұрылып, - бәрің бірдей неге қашып бара жатырсыңдар. Мұнда Адам күтіп отыр емес пе. Сендер білесіңдер ме, мен Босиктің әжесімен, әлем чемпионы Босиктің! Бүкіл газет-журналдарда менің суретім Босигіммен жүргенде танымадыңдар ма?! Мен шетелдің журналистеріне интервью берген адаммын. Суретім барлық жерде басылды.Неужели танымайсыңдар?
-Я не простая женьщина... Бұлай етуге болмайды. Анау жаңа бастық неге менімен сөйлеспейді. Какой он имеет право, азаматтарды қабылдамауға. Мен жалобо жасаймын. Преставляешь, тіпті мені басып кете жаздады. Иығымен қағып жіберді. Осылардың бәрін мен жазамын Выше стоящий органға. Шенеунікский замашкаларыңды білмейді деп отырсыңдар ма?! Барлықтарыңды орындарына алып тастатамын. Мендей ақын апаларыңды білмеу деген ұят! Көзге елемеу екі есе ұят! Шетелдер, бүкіл Қазақстан, даже Қырғызстан, Өзбекстанға дейін білмейтін адам жоқ мені. Шенеунікше шәнигендеріңді мен көрсетемін әлі..
- Апай, енді көріп тұрмыз ғой. Сізді ешкім иығымен қаққан жоқ. Ол кісіні өзінен жоғары бастық шақырып жатыр. Сіздің аты жөніңіз кім еді осы?
- Почему мен фамилиямды қайталай беруім керек. Зибаш Қиғашовнамын. Босиктің әжесімін! Мақалдар-мәтелдер жинақтап жүрген жанмын. Ән саламын. Ән шығарамын. Сөйтсем де Мәдениет қайраткері деген атақты ала алмай жүрмін, сен сияқты шенеуніктердің кесірінен. Міне, мені ұсынған адамдардың тізімі. Ардагерлер кеңесі, Оңтүстік аймақтағы жазушылар одағының филалы, көкөніс өсірушілер мен жесім-жидек базасының ұжымы, көп балалы әйелдер кеңесі бәрі де мені бірауыздан Мәдениет қайраткері атағына ұсынып отыр. Ән салғанымды көрсең, мына жерде отырып алып нені көрейін деп едіңдер, біле білсең мен жақсы Тамадамын. Өзім медицина саласының маманымын. Пенсияға шықсам да қоғамдық жұмыстан қалған жоқпын. Бәрі мені уважать етеді, сыйлайды..А, про Босике ничего не говорю. Он тоже знатный чемпион мира.
- Дұрыс қой, апа, енді жинақтаған әкелген құжатыңызды көруге бола
ма?
- Апа деме мені. Айттым ғой, Зибаш Қиғашовнамын деп, даже
обращенияларың дұрыс емес. Мендей адамға Мәдениет қайраткері атағы беріле ме, жоқ па соны айтыңдар. Тура айтыңдар. Мөлтектемеңдер. Баяғы коммунистік қоғамда автоклубта елді аралап ән шырқағанымды білетін сендер ме. Сөйтіп сөйлеп тұрып, бірден диванға отыра қалды.
- Ой, давлением, көтерілді. Міне... Сендердің кесіріңнен. Ол бірден
қаласындағы ұялы телефоннның нөмірін тере бастады.
- Босик, ботам тез жетші машинаңмен. Бағанағы келген жерге. Екі шекем лықылдап барады. Давлением көтерілді.... Құртты мыналар мені...Бұл жерге бекер келдім....
Зам сасайын деді. Хатшы қызға дереу су алдырды. Шекесіне орамалмен су басты. Жалт-жалт алтыны жарқылдаған апа тіліне дәрі салды. Сол кезде ұзын бойлы, бұлшық еттері бұлтылдаған, денесі тығыршықтай, спорттық киім киген, әлем чемпионы Босик те жетті.
- Ну, Аже, зачем нервничать еттіңіз, айттым ғой Сізге ешжерге бармай-ақ қой деп едім, -деді де әжесін екі қарына оп-оңай көтеріп алып, шығып бара жатып:
- Вообще-то үлкен кісімен байқамайсыздар ма?,- деді.
-УҺ!- деді Зам хатшы қызға қарап, бет орамалымен терін сүртіп - немересі қайта түсініктілеу-ау деймін. Сырын білетін болар, сірә. Әйтпесе үлкен кісіні мынадай халге неге жеткіздіңіздер деп дауласса қайтер едік. Әлем чемпионы Бостандық осы екен ғой.. Құдайға шүкір!
Жанай Канаевичке шенеуніктік мына жұмыс ұнай қойған жоқ. Жарты жылдың ішінде кімдермен бетпе-бет кездеспеді дейсің. Кілең қыңырайған қырсықтар. Барлығы да қырып-жойғыштар. Үстінен алғашқы арызды да түсірді. Сілтеме Білтегеновичке бұл жөнінде естігенде ішек-сілесі қата күлсін бір.
- Эта ерунда.. Сен өзің білмейсің бе, стратегия деген бар, тактика деген болады. Шенеуніктік тактиканың өзі түрге бөлінеді. Бұл қызметте ішің өртеніп тұрса да сыпайы бол. Ағалаған, апалаған сөздермен келген адамның үстеріне ақ құйып жіберсең ғана ұтасың.
- Сілтеме Білтегенович, олардың көбісі реальный шындықпен келмей тұр ғой. Өздерін өздері керемет санайтын біртүрлі адамдар....
- Именна осы біртүрлі адамдармен жұмыс істеуге сені қойып отырған жоқпыз ба. Кстати, осы сендерде пропуск деген режим болмаушы ма еді. Ішке кім болса, соны жібермеудің бұл жақсы әдісі. Тероризмге де жол берілмейді. Мүмкін оның қолында қару болуы әбден мүмкін емес пе. Сақтанбаса тағы да болмайды. Баяғы ата-бабадан боқтап шығып кететін қазекем жоқ қазір. Сені атып, немесе пышақтап кетсе кім жауап береді. Ал, пропуск ондай қарулардан сақтандырады. Әрі уақытыңмен санастырады. Келушілер жозықсыз топырламайды. Мәселен, сен бір апталық командировкаға кеттің. Жоқсың дейікші. Бір апта сені күтпейді ғой, еліне қайтады. Немесе азаматтарды қабылдайтын күн режимін жасатқыз. Міне, мұның бәрі тактика.
Жанай Канаевич тактиканы тапты ма, жоқ тактика Жанайды тапты ма “ММ” қызметінде бұдан кейін қатаң пропуск режимі жұмыс істеді. Келушілер Төраға түгілі жәй қызметкерге рұқсат қағазынсыз кіре алмай алмайтын күйге жетті.
“ММ” қызметінде әр жыл сайын бастық ауысып тұратын әдет болған- ды. Жанай Канаевич та көп болған жоқ. Жоғары қызметке кенеттен өсті де кетті. Бұған қызметтегілердің ешқайсысы таң қалмады.
Енді “ММ” қызметіне кім басшы болып келеді екен деген әрсақтағы болжаулардың біреуі де болмай, әлем чемпины Бостандық Еркінұлы ( сол Босик) Төраға болды. Өрелі жас емес пе “ММ” қызметіне оны алып келген өкіл 25 жаста деп ерекше атап өтті. “Жастарға сене білу керек” дегенді түйіп айтты.
Расында Босик келген орынға бірден жаңа өзгерістер енгізді. Мамандарға қызметте де, бос уақытта дзюдомен шұғылдану талаптарын қойды.
- Бұл әрі денсаулыққа пайдалы. Компьютер құрсаулап қойған денелер үшін аса керемет тәсіл. Ми да шынығады, - деп түсіндірді.
Мұны естіген Зибаш Киғашовна Босигіне:
- Босик, бұл талабың өрескіл емес пе. Жаңалықтың басқа бір түрін ойлап тапсаң нетті. Қыз-келіншектер ол спортқа қалай бармақ.?- дегенде Бостандық Еркінович:
- Туу, Аже, бұл тактика. Әр бастықтың өз тактикасы бар. Мен ұлы спорттан барып отырмын. Бүйтпесем, дзюдоның ұлылығын қалай насихаттай аламын. Вечный отырмаймын ғой “ММ” қызметінде. Например, ертең менің орныма скрипач баруы да мүмкін. Сөз жоқ барлық мамандарды скрипка ойнауға үйретеді. Операдан біреу болса. Бәрі ән салады. Сондықтан Сіз, жаңа заманды түсінуіңіз керек,- деді Босик, то есть Бостандық Еркінович.
- Қанша жылдан бері Мәдениет қайраткері атағын ала алмай жүргенімді білесің. Маған сол атақты сен алып бере аласың ба, ұлым?- деп сұрады Зибаш Қиғашовна, туған әжесіне алып берді деп ешкім қудаламай ма?
- Қазіргі принцип бойынша әркім өзі билікте тұрғанда жағдайды өзіне жасайды. Бұл шенеуніктік тактикалардың ең бастысы. Мен неге осы қызметке тұруға күш салдым. Для себя, для нас.
Сіздің ала алмай жүрген атағыңыз қандай еді. Барлығын жасаймын. То есть, біздің Ата тоже знатный коммунистом был. Атаға ескерткіш орнатамын. Көше атауын бергіземін. Высоком уровне юбилейін отмечать еткіземін...
- Ах, мой Босик, Босик! Чемпионым менің. Мынадай шенеуніктік тактикалар қандай тамаша! Мен барғанда әнебір жігіт шәниіп қабылдамай қойып еді. Есің де шығар, мен ауырып қалатын да ше?.. Вот, сен де шенеунікше шәниіп отыр. Әбден сандалтып қой. Әйтпесе сені бағаламайды ешкім, - деп Зибаш Киғашовна немересіне тегін ақылынан аямай-ақ бере салды.
Ал өзінің “Мәдениет қайраткері” атағын алатындығына көзі әбден жетіп, риза болды. Енді марқұм күйеуі де атаусыз қалмайтын болды.
Босигінің ақылын қарашы. Жастарды тектен текке билікке қойып отырған жоқ қой Үкімет. Олар да біледі. Мәселен қарашы Босикті. Жақсы ойлапты. Атасының мерейтойын өткізу керек. Ол туралы естеліктер жазу да ойға орала кетті. Рас, дәл осы жерде шенеунік тактикаларын пайдаланбаса болмайды...