22.02.2022
  126


Автор: Ақберен Елгезек

ЖҰМБАҚТАУ

Есіл-дертім ендігі – тылсымменен күресу.
Содан болар...
Сол жаққа ауып кеткен мүлде есім,
Құшағымда әлдилеп, бір өлеңнің мүрдесін,
Кеш қарайса іздеймін, еркіндіктің түрмесін.
Міне, бүгін дәл солай, шылым шегіп, мұңданып,
Түбегейлі шешуге жаратылыс жұмбағын,
Ми қайнатқан жанартау-ойларымнан салқындап,
Дір-дір етіп отырмын, байыз таппай балконда...
...Ағып түсті бір жұлдыз,
Ажалға ол да бір дәлел.
Жолақ-жолақ іздері – белгісіз бір ноталар,
Ал, суылы – түнгі әуен.
Құлап түсті бір боздақ, бетке алып бақиды,
Қалған жұлдыз жымыңдап, жаназасын оқиды.
Үрейлі ме?
Әрине!
Өлім жайлы үрейің – үрейлердің ұлысы,
Ажал жайлы ойламау – бақыт дерсің, дұрысы!
Секунд, минут – қаңғыбас ойларыңмен күресу...
Секунд сайын өліммен...
Қорқынышты, құрысын!
 Жұмбақ шешкің келе ме?
Онда үрей – үлесің!
Үрейіңнің көзімен талай қызық көресің...
Ең дұрысы ондайда – болашақты еске алу.
Кешірілмес күнә ғой, болашақтан кеш қалу.
Келешектен кім білген, қызық сырды ұғармыз,
Мүмкін біздер бұрын-ақ өліп қалған шығармыз?..
«Фәни-жалған!» дегендер барған шығар бақиға,
Керісінше болмасын, біз білетін оқиға!
Құрсағыннан анаңның шыққың келмей жатқаның –
Тоғыз толғақ үстінде қысқан шығар басқа мұң?!
Күнә істеп қойдың ба?
Онда жалшы боласың,
Тазалайсың, иманды бір пенденің қорасын.
Ары қарай белгілі...
Осылайша өрілер, өміріңнің әр күні...
Бейіт қана түзетер – жолы болмас бүкірді,
Құдай мені сақтасын, ойларымнан күпірлі!
Е, мұңдасым, қайтейін...
Мүмкін шындық осында,
Екі дүние арасы есске алумен қосылған.
Төсектегі қария түк түсінбес бала боп,
Бесіктегі бал бөбек былдырлайды дана боп...
Бәрі әуелден белгілі...
Қар құрсағын жарады қалтыраған қыр гүлі...
Өте берер осылай бір заңдылық өзгермей,
Өмір деген ұлы көш тозаңдарды көзге ілмей...
 Ал, сен болсаң, жұлдызды ағып түскен, мазақтап,
Қызықтайсың түсінбей, рухын оның азаптап...
Бір күрсінер оған да, өмір дейтін әулие,
Қайран саған амал жоқ,
Алма-кезек дүние...





Пікір жазу