22.02.2022
  195


Автор: Ақберен Елгезек

ҒАЙСАНЫҢ МОНОЛОГІ

Жалғап тұрған Жер мен Көктің арасын
Қайран жалған, қайда кетіп барасың?..
Тәңір көктен жібергенде қайтарып,
Тозаң болып мені қарсы аласың!
Адамзаттың күнәсіне мұңданып,
Ажалыммен жүз ойнағам шыңдалып.
Іңір кіре Ібіліспен жолығып,
Екі кеште ке ткендеймін жынданып.
Қимаймын деп көк отына тамұқтың,
Адамзаттың қамын ойлап, қамықтым.
Осы жолда тәрк еткенмен өзімді,
Құрбан болу қасіретін жаңа ұқтым.
Бақи менен фәни заңы – жалпылық,
Жалпы көпке түсіріпті жалқы ғып.
Балаң арман бой көтерсе санамда,
Бас шайқады көз алдымда қарт үміт.
Азап болды мен жүрер жол ертеңгі,
Қайтем енді, жүрегімді дерт емді.
Сабырлы боп көрінгенмен бәріне,
Өне бойым қорқыныштан өртенді.
Тәңір айтқан текті сөзді енді ұқтым,
Аспан жақтан сәуле іздеп, көз тіктім.
Қуыршағы болғанымша Құдайдың,
Құрбаны боп кетпедім бе кездіктің.
 Жазылар-ау ертең Інжіл – әз хабар,
Жанарлардан мені аяған жас тамар.
Шәкіртімнен сатқындықты сұрағам,
Түн ұйқыда жатқан кезде басқалар.
Жоғалттым мен туа сала бақытты,
Іздеймін деп жүректерден жақұтты.
Мың соқпақта адасып кеп іркілдім,
Жалғыз Ием тоқтатқан соң уақытты.
Отыз үште ортаймаған көңілмен,
Отыз үште қартаймаған өмірмен
Отыз үш мың түсіп тозақ отына,
Отыз үш мың қара жерге көмілгем.
Жұмақты емес, аңсап едім бір ләззат,
Күйдірді ғой, қайтейін-ай, сыр-азап...
Магдалена, арманымсың құпия,
Құпиядан шерлі көңіл зәрезап.
Бұл дертімді емдей алмас жұмақ та,
Күлкісі мен үні оның құлақта.
Құдай атты махаббаттың әлемін
Салғым келген қыз бұрымды бұлаққа.
Мөлдір бұлақ, құмды қырат тұр есте,
Балғын кезім, бал сезімім – бәрі есте.
Пайғамбарлық парызымды қайтейін,
Сүймеген соң іңгәлаған нәресте...
Азап қандай, аспан жерге құлағыр,
Мазақ қандай, қатқан жерім жылағыр.
Бір-ақ сәтте ажал шешім шығарар,
Мың-мың сәттен тұрғанымен бұл өмір.
 Менен соң да таң атады, жер көктеп,
Қара жерге қонақтайды мұң-кептер.
Сыз ғаламнан қылдай болып тартылып,
Көтереді жүрегімді гүл жіптер.
Пайғамбардың жолын өттім шынайы,
Пенде болып кете жаздап ұдайы.
Сен көрдің бе қасіретті осындай,
Адамзаттың, жер мен көктің Құдайы?!.
Сездің бе сен, бір ләззатқа шөлдедім,
Бұл өмірде бір қуаныш бер дедім.
Қайғысы да, наласы да адамның,
Кешір мені, сенің ғана ермегің.
Жалғыз қалдым, ажал жақын төрімнен,
Жарық жалған қараңғы екен көрімнен.
Жүрек емес, тамырларым жарылып,
Ұшар ертең жаным тәннен бөлінген.
Сонда менің халімді кеп көргейсің,
Сонда мені неге, не деп тергейсің.
Тамырымнан жақын едім мен саған,
Тағдырымды өз қолыма бергейсің.
Ықтияр жоқ жадырап бір күлуге,
Жол таппадым түн түнегін түруге.
Уа, Жаратқан, босат мына айшықтан
Өзім үшін бір сәт өмір сүруге.
Бұл қорлыққа келер кімнің көнгісі,
Жанбай жатып келер кімнің сөнгісі,
Қасіретімнің құпиясын аңдасаң,
Көкке көз тік…
Сұлбам – сұрақ белгісі!





Пікір жазу