22.02.2022
  153


Автор: Абдрахман Асылбек

Шыдам

Әнін жазған Әбиірбек Тінәлі

Балам да балам, балам-ай,
Барады-ау не боп заман-ай.
Бесеуің үшін бір етік,
Қалғанын қайдан табам-ай?
Жоқшылық зарын тартамын,
Жоғымды кімге артамын?
Күніміз – күйкі тіршілік,
Талқаны – талғау арпаның.

Қайырмасы:
Әлди, әлди, әлди, әлди, әлди.

Ауылдың сәні жоғалды,
Ауылдың малы тоналды.
Күніміз ертең не болмақ,
Ойлайтын кім бар обалды?
Тартылды сулар арынды,
Адамның пейілі тарылды.
Өлшенген өмір ақшамен,
Жегідей жейді жанымды.

Қайырмасы.

Арта алмай иек сенімге,
Көлеңке түсті көңілге.
Тамаша, думан, той түгіл,
Бара алмай қалдық өлімге.
Шырқырап жаным шарқ ұра,
Қиналам қымбат нарқыма.
Жетпесін тағы бір нәубет
Қазағым деген халқыма.

Қайырмасы.

Бекем де бекем, бекембіз,
Берілмес халық екенбіз.
Қайыспас қайсар қалыппен,
Бұдан да аман өтерміз.
Әлди де әлди шырағым,
Жасыта алмас мына күн.
Болады түбі жақсылық,
Шыдағын, шыда, шыдағын!

Қайырмасы.





Пікір жазу