22.02.2022
  222


Автор: Абдрахман Асылбек

Елге сәлем

Әнін жазған Алтынбек Қоразбаев

Ағайын, туған, армысың?
Қарттарым қыран, бармысың?
Қиядан көзді тартатын
Сендерсің құзар қарлы шың.
Ауылдың болса қарты бар,
Асқарлы таудай дәрпі бар.
Үлкенді сыйлап, құрметтеу –
Қазақтың ата салты бар.
Болсыншы аман атамыз,
Болсыншы аман апамыз.
Тілеген дәйім жақсылық
Болсыншы қабыл батаңыз.
Армысың, абзал ағалар,
Ағалар – жарқын жағалар.
Сендердей асыл болмаса,
Біздерді кімдер бағалар?
Армысың, ерке жеңгелер,
Жеңгелер – елге өң берер.
Береке, байлық бастауы –
Сендерге кім бар тең келер?
Армысың, құрбы-құрдастар
Сыр мінез, сырлы сырластар.
Сендердей сері болмаса,
Тамаша – тойды кім бастар?
Армысың, балғын інілер,
Ағалап алдан жүгірер.
Інісі кімнің бар болса,
Өнері өрлеп, ірілер.
Армысың, қарындастарым,
Ақтамақ қарлығаштарым.
Сағынып келдім сендерді,
Дарынды жалын жастарым.
Жалынды сәлем жалпыңа,
Бас ием ата салтыма.
Қуана қарсы алатын
Ырзамын туған халқыма.





Пікір жазу