22.02.2022
260
АТАМЕКЕН
Тасы да мұңлы салар ән,
Тауы да тірі әулие,
Туған жерге оралам,
Топырағында бар кие.
Құстары – пері, сенсеңдер,
Сусылдап көлге қонатын.
Қайыршы түрде келсем де,
Қақпасы ашық жәннатым!
Туған жер – әкем һәм анам,
Тұмасы – мұздай зәмзәмім.
Тоғайдың қойны – долана,
Жартастың қойны – алша мұң...
О, туған жер,
Өтті ғой деймін күнім мың,
Алыстап сенен, бұлғақтап...
Қаңғырып кеткен ұлыңмын,
Қалаға барып... жын қаққан.
Қамқоршым өзің шыдамды,
Қандай да болсам, қабыл ал.
Көйлек қып көкшіл бұтаңды,
Бұлтыңнан шекпен жамылам.
Жусанды ғана қалаған,
Жұмағыңда жүрген сайтанмын.
Топас та қапас қалаға
Періште болып қайтармын...