ДҰҒАЛАУ
Қырық шырақ тұтатып, дұға оқып отырмын,
От ішінде билеген сайтаным бар ақылды.
Сақ-сақ күліп, құбылып, жайнаңдайды жанары,
Жолатпайды маңына молдасынған ақынды!
Күрсіністі түнге атып, ішқұса боп жыладым...
«Бұл дүниеде кім суайт, кім оңбаған, кім әділ?..»
От-жалын боп шалқиды қырық шілтенді дұға-тіл,
Өмір мәнін бес күндік өз-өзімнен сұрадым.
Ішім толған зар мен мұң...
Көрмегенім көп менің...
Шырақ-үміт қолға алып, қара ойларға беттедім.
Ол ойларда – күрең күз, ажал күткен кемпірдей...
Өліп кетті көктемім...
Айшық алдым қолыма... қорқытпақ боп сайтанды,
Сайтан кетті көрінбей,
Сайтансыған Ай қалды.
Жон арқамнан жыбырлап, қанат бітер секілді,
Жан кәусары дірілдеп, жүрегімде шайқалды.
Секем алдым ажалдан...
Енді емделу қиын-ды,
Өрт лаулатқан өз дұғам өртейтіндей миымды.
Сайтан қайта көрінді сұлу әйел түрінде,
Оған мені азғыру қорқытудан тиімді.
«Уа, Жаратқан, – дедім мен, – құтқар мына пендеңді,
Құзырыңа Өзіңнің пақырыңыз көнді енді!..»
Сонда ғана қырық шырақ шытыр-шытыр лаулады,
Бір қара рух бірақ та кезіп жүрді бөлмемді...