22.02.2022
  166


Автор: Ақберен Елгезек

* * *

Олар ұзақ сыр шертісіп отырды...
Жаназа оқып, жанған Күнді батырды.
Келер таңды азан ұшы атырды.
Сүйкімді қос тентек бала, ақылды,
Ұзақ-ұзақ сыр шертісіп отырды...
Олар ұзақ ағыл-тегіл жылады,
Бұлдырады қара көздер қырағы.
Қос көмекей – қанжар-сөздің қынабы...
Қос кәлләнің бұлаңдады шырағы...
Сүйкімді қос тентек бала... жұма күн,
Ұзақ-ұзақ ағыл-тегіл жылады.
Олар кенет құрбандыққа тіленді,
Ақыл айтар, бақұл айтар кім енді?
Екеуі де – келбетті жас, гүл өңді.
Сүйкімді қос тентек ұл...
Құрбандыққа тіленді.
Елеместен азғырынды сыбырды,
Елеместен жындысүрей дүбірді,
Олар іштей бір-біріне жүгірді,
Пенделіктің ала туы жығылды.
Қайта бастау керек енді ғұмырды...





Пікір жазу