22.02.2022
  169


Автор: Ақберен Елгезек

КӨҢІЛСІЗ ҚЫРКҮЙЕК

Оңтүстікке құстар ұшып кеткенде,
Кезіп кетер кеуде ішін күз-көңіл.
Көздеріңе жұлдыз түсіп кеткенде,
Батыс жаққа асығады бір ғұмыр.
Солтүстіктен ызғар шаша күз келсе,
Мың бүгіліп намаз оқыр қызыл гүл.
Шым-шытырық түске енді төзбесек,
Шығыс жақтан күн көрмейміз біз бүгін.
Аспанымнан жараланған қанаттан
Тамып түсер мөлдіреген тамшылар.
Кім жылап тұр?
Біз білмейтін жәннаттан
Бізді аяған, күнәсіз бір жан шығар...
Әне, әне!
Бір қауырсын қалықтап,
Көбелектей қонды жолдың бетіне.
Жанып кетпе өмір атты тамұқтан,
Ақ қауырсын, өтінем!
Үзіп алып жапырақты саркебір,
Бір шетіне құстың көшін көшірдім,
Бір шетіне өлең жазып әлдебір,
Әдемілеп оны қайта өшірдім.
 Мен де бір күн үзілем де сабақтан,
Жапырақтай саған ұшам, Жаратқан!
Сонда маған құс қанаты қанатқан
Аспан жақтан шашылады парақтар...





Пікір жазу