* * *
Өзің жайлы түк білмеймін, қара түн,
Сенсіз бірақ жазылмайды қанатым...
Жанарыңды сүйемін ғой мен сенің
Жүрегімді тұншықтырып алатын.
Бүкіл ғалам шашылардай шытынап,
Ақшам кетті адамдардың құтын ап.
Ал сен маған жылу іздеп қарайсың,
Әлемдегі бар бояуды жұтып ап.
Өзім жайлы не білесің, қара түн?
(Қап-қара боп ауырлапты қанатың).
Бұрынғы бір сиқырың да жоқ екен
Алып қара тамшыдайын таматын.
Біздер жайлы не біледі бұл өмір,
Кімде қалды аңқылдаған шын көңіл?
Жарық шашқан шам ойлайды Күнмін деп,
Тәңірмін деп ойлайды ғой сым темір?..
Біз кім жайлы біліп болдық, қара түн,
Кімнің тағы қанталап тұр қанаты?
Тағы кім бар, өз жүрегін тістеп ап,
Сенің соңғы түкпіріне баратын?
Ешкім менің сұрағыма үн қатпас,
Өмір мынау, бірде қатал, қылжақбас.
Бүгін біздер, ертең тағы біреулер,
Кім оларға пана болар, кім жақтас?
Түн мен күннің жалғап жүріп арасын,
Мен білмедім бұл дертімнің дауасын.
Күнде осылай шоқ басам да тұрамын,
Шырылдатып Астананың ауасын...