ТАҢДАНЫС
Бөлек – бәрі...
Үміт те – өзге, ми – басқа...
Сезім басқа – жалғандағы қимасқа.
Маған бүгін періштелер ән салды...
Керек емес күй басқа!
Кеше түнде Аспан жаққа Жан ұшып...
Қайтып келді сәулелермен жарысып.
Бүгін енді жайнап тұрған әлеммен
қайта тұрмын танысып.
Бар ғарышта ең ғажайып Жер үшін,
балам үшін, бабам үшін, Ел үшін,
мен Тәңірді аңсап тұрып, жыладым –
ең алғашқы жеңісім!
Қалай бұрын, неге бұрын көрмегем?
Дәтім жетіп, қалай жүргем жерменен?
Оның сырын алты ай жазда гүл айтқан,
Неге оған сенбегем?..
Ол ғажапты жойылмаған көнеден
құстар айтқан,
ұшып өтіп төбеден.
Сәби айтқан, бесік іші күлімдеп,
Елемегем неге мен?..
Шыққым келмей өзім соққан түрмеден,
неге бұлай қуанбағам, күлмегем?
Мына өмірдің ертегілік болмысын
бұрын қалай білмегем?..
Қолмен ұстап, көремін деп көзбенен,
Кімге сенгем, нені күткем өзгеден?
Мына өмірдің даналығын
Жүрекпен
қалай бұрын сезбегем?..
Күллі ғалам жүрегіме сұранып
тұрғандай бір.
Жарқырайды нұр анық.
Таңданыстан тәуба-сана жұбанып,
құлпырады қарашығым, қуанып!..
Ерек – бәрі!
Себебім жоқ налуға.
Құштарлық бар –
тылсым сырын тануға.
Әттең, мына шолағын-ай ғұмырдың,
құпияның бәрін біліп алуға...