22.02.2022
  190


Автор: Ақберен Елгезек

УТОПИЯЛЫҚ ТҮС

Түс көріп жатқам...
Сәлем айтып келіпті өткен шақтан
Самал желмен қалықтап жеткен хаттар.
Жүр екен-ай жайылып боз көдеге
Тәңір көктен түсірген ертегі аттар.
Бір қуантып шаһарлық тамам елді,
Ауыл жақтан күтпеген хабар келді.
Таңғажайып аққулар түннен құлап,
Мекен етіп алмақшы Аралды енді.
Иен далаға наладан күйіп кеткен
Жәудір көзді бітіпті киік-көктем!
Барыс-таулар көкала кейіпке еніп,
Марғау ғана есінер биіктіктен.
Біз түгілі, алыста жат қуанған,
Бір керемет болыпты Сақ-Тұранда.
Ал, ендеше, көлкіген көк тұманнан
Қарғып-қарғып шығыпты ақ құландар.
Ертеректе қағылған қолданыстан
Ескі сөздер келіпті қолғабысқа.
Биік-биік қамыстар арасында
Пайда бопты жоғалған жолбарыстар!
Па, шіркін-ай, кигендей ала көйлек,
Саңқ-саңқ етіп ұшыпты қара ләйлек.
Аппақ жауын жауып тұр қабырға боп,
Тұрғызғандай тап-таза далаға әйнек.
 Ех, көңілім, көңіл-ай, көк дөненім,
Арманым бар, елім-ай, көкте менің.
...Оятатын осындай түстерімнен,
Қу тіршілік, мен сені жек көремін!





Пікір жазу