22.02.2022
  228


Автор: Ақберен Елгезек

ШОШЫНУ

Өмір – елес, жан – сағым,
Алаңғасар мұң-ғұмыр.
Мен емес ем аңсарым,
Менікі емес түрім бұл.
Менікі емес өмір бұл,
Менікі емес бұл заман,
Жүрегінде – темір гүл,
Тілегінде – ыржалаң.
Қара мидың түбінен
Қол бұлғаса өткен ел...
Мен ойымнан шегінем
Түйсігімде көктеген...
Рухы – алыс ғарышта,
Қан-жын ғана – бойдағы,
Өзіммен
Мен танысқам
Бір бұрышта қайдағы.
Ол да – мендей, аларман!
Құдай сақтап, құтылдым.
Миымдағы бар арман
Жұлыныма жұтылды...
Мен де – сондай, аларман!
Кімнен қашып келемін?
Өз-өзіме аларған
Қарай-қарай беремін...
 * * *
Түнек басып тұрғанмен, көңілде нұр,
Аспан жақтан жарқырап төгілген гүл.
Жасыл қанат түстегі періштелер
Жанарынан түн тамып өңімде жүр.
Кәрі саусақ ауаға сызып өлең,
Әр әріптен созады, үзіп әуен.
Кеше ғана бұлыңғыр дүниеден
Жаратылып жатқандай қызық әлем.
Әлем іште, мен оның ішіндемін,
Сыртымда күш, мен оның күшіндемін.
Сәттер – менің болмысым, сәттер ғана,
Сәттер – менің өмірім, түсінгенім.
Жоғалттым ба есімді, жия алдым ба,
Сүймедім бе өзімді, сүйе алдым ба?
Сұрағанды беріпті маған Тәңір,
Өзгешелеу болғанмен қиялымда.
Кейде сол сәт, ал кейде кідіретін,
О, Жаратқан, сан қырлы құдіретің!
Жолдарыңды аңғармай қалай тұрмын
Жүрегімнен Өзіңе жүгіретін?!.
Алып жатыр, қарашы, дала тыныс,
Ей, періште, жүзіңді қаратып ұш!
Күлкісі де гүлдердің таныс, таныс,
Түр-түсі де тым таныс жаратылыс...
 Мен жаралғам
Шебердің әмірінен,
Мені сүйген ең мінсіз көңілінен.
Тұрмайды екен, дариға, нағыз өмір
Түңілуден,
бүлінуден,
шегінуден...





Пікір жазу