22.02.2022
  277


Автор: Ақберен Елгезек

БҰЛТТАР, БҰЛТТАР...

Бұлттар, бұлттар, бәйтеректер көктегі,
Мың құбылып, биіктікте бүр жарған.
Мені елемей өткен күнге өкпелі,
Сағымданар сұр жалған.
Бұлттар, бұлттар, бұйра белдер көктегі,
Жусан иісі аңқып ескен жаңбырдан.
Өміріміз ақ жауындай өтпелі,
Тағдырымыз дәруіш пе қаңғырған?..
Бұлттар, бұлттар, арғымақтар көктегі,
Кімнен озбақ, неден озбақ жүйрігің?..
Шығыс жақтан айдаһар-Күн от демі
Өртеп жатыр көкжиектің құйрығын.
Бұлттар, бұлттар, бозінгендер көктегі,
Жер бауырлап, боз даланы емізген.
Көкке мен де шырқап кеткім келеді,
Өздеріңмен егіз бе ем?..
Бұлттар, бұлттар, ақ көделер көктегі,
Күндей нұрлы, Айдай сырлы жамалың.
Мен де болғам өздеріңдей көшпелі,
Енді, міне, қала болды қамалым.
Бұлттар, бұлттар, керуендер көктегі,
Мені ала кет, қосып алып көшіңе.
Сағым туған Шыңғыстаудың бөктері
Неге жиі оралады есіме?..
 Бұлттар, бұлттар, ақ армандар көктегі,
Есіркеуді күтпейсіңдер ешкімнен...
Беу, туған жер, перзентіңді сөкпегін,
Аспан жаққа кететін боп шештім мен!





Пікір жазу