АҚИҚАТ
Оралмай қап кешкі бір серуендерден,
Құмға сіңіп, қираған керуендермен,
Бұл жалғанды сүймеген мұңлықтармен,
Күн астында қақталған құрлықтармен,
Шындық үшін баз кешкен шаһиттермен,
Тамшыларда тұңшыққан мұхиттармен,
Күдіктерден мертіккен армандармен,
Шың басында ентіккен ормандармен,
Ақ параққа түспеген дастандармен,
Ақ бұлттары адасқан аспандармен,
Шылымдармен ең соңғы, шегілмеген,
Бұрымдармен кеудеге төгілмеген,
Соңғы бейне сақталған таспалармен,
Сахналарда тапталған маскалармен...
Біздің басқа қонбаған бақытпенен,
Тектен-текке өртенген уақытпенен,
Күннің нұры сырғыған сілемдермен,
Оранып ап жап-жаңа кілемдермен,
Иегіңмен соңғы түк тебіндеген,
Көйлек киіп ең соңғы кебін деген,
Мойындарды қажаған қамыттармен,
Қайыңдардан қашалған табыттармен,
Табандарға қадалған жаңқалармен,
Құшақтасып қураған қаңқалармен,
Тарам-тарам сүрлеулер, тармақтармен,
Бізден бұрын аттанған аруақтармен,
Бір өкініш аңқыған келбетіңнен,
Жоғаламыз бір күні жер бетінен!