22.02.2022
  175


Автор: Ержан Жұмабек

* * *

Түнгі әуеде қалықтаған ой болып,
Бір мезетте көкбөріге айналып...
Періштенің күлкісіндей сезім боп,
Ақ арманын мың айнала безілдеп...
Жанарынан жасын атқан ібіліс,
Кейде өзін-өзі шалған кідіріс.
Құс жолының жиегінде дірдектеп,
Бейне тұнған шұғылалы бір көктем.
Бірде дана - дұшпан көрген тағдырын,
Бірде бала - дос санаған барлығын.
Және қозғалғанға қамқор үй болып,
Сай-сүйекті сырқыратқан күй болып.
...Өзін-өзі іздеп таппай жоғалған,
Жылуы мен мейірімі тоналған.
Топырағы тозған дала сыңайлы,
Айнадағы бейнесіне жылайды!
Сосын оның омдауы ауыр күрсініс,
Қайта қуат тұндыратын құлшыныс.
Азабы мен қасіретін өрнектеп,
Үмітінің елесімен тербете...
Мақтануды шығарыпты ұялмай,
Құдаймен де түскі ас ішкен қиялдай...
Кім біледі, дұрыс шығар мұнысы,
Ақыл айтқыш дым білместер құрысын?!





Пікір жазу