20.02.2022
  384


Автор: Абдрахман Асылбек

Көзіңнен айналайын

Әнін жазған Алтынбек Қоразбаев

Көргеннен алғаш сені күнім деп ем,
Шортандай шоршып қашып, ілінбеп ең.
Келемін содан бері өзіңді ойлап,
Көзіңнен айналайын күлімдеген.
Жүректі жарып шыққан сен бір өлең,
Өзің деп жазып келем өндіре мен.
Жүзімнің таза піскен мойылындай,
Көзіңнен айналайын мөлдіреген.
Көргенде арулардың арасынан,
Жаным бір жай таба алмай аласұрам.
Жайлауда жаутандаған қарақаттай,
Көзіңнің айналайын қарасынан.
Көргенде нұр жүзіңді балқыдым-ай,
Шалқарда шағаладай шалқыдым-ай.
Теңіздей толқып жатқан түпсіз терең,
Қөзіңнен айналайын, алтыным-ай.
Көргенде нұр жүзіңді тасыдым-ай,
Әлемде баға жетпес асылым-ай.
Барасың бірте-бірте сұлуланып,
Көзіңнен айналайын, ғашығым-ай.
Өзіңнен басқа жанды ойлап па адам?
Қашанғы қыдырымпаз бойдақ болам?
Қинамай құшағыңа алшы, құрбым,
Көзіңнен айналайын ойнақтаған.





Пікір жазу