18.02.2022
  272


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Дүрдің не екенін білесіз бе?

«Дүр» деген сөздің мағынасы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»
жазылған мысалдарға қарасақ, (Алматы: «Ғылым», 1978 ж,211 бет) атақты,
даңқты, атышулы дегенге саяды. Жалпы алғанда, «дүр» деген сөз өзін
жоғары ұстаған, немесе өзгеден биік болған, атағы зор кісілерге айтылады.
«Болғанда өзің пілдей, сөзің дүрдей» деген өлең жолдары бар. «Ішім толған у
мен өрт, сыртым дүрдей...» – дейді Абай.
Сонымен бірге «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген тіркестер де
ертеден айтылып келеді. Осы сөздердің астарына үңілетін болсақ, «дүр»
деген сөз аса ірі жануарға, ал «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген сөздер
алып құсқа байланысты айтылған деген болжам жасауға болады. Тіпті «дүр
етті» деген тіркес те әлдебір хайуанның дыбыс шығаруына, яғни, құстың
қиқуына байланысты айтылуы ғажап емес. Адамға байланысты «дүрдиіп, дөң
айбат жасады» деген сөйлемде де әлдебір хайуанның сес көрсеткенімен
салыстыру бар. Қазақ «дүрдей» деген сөзді ірі деген мағынада қолданады.
«Дүрдиген ерін» деп ісіңкі ерінді айтады. «Дүрбелең» деген сөздің түп
тамырында да елді шу қылды, қатты айқай шығарды деген мән бар.
Олай болса, слонды піл, мамонтты зіл деп атаған бабамыз дүр деп сол
ерте замандарда өмір сүрген аса ірі қанатты құстарды айтқан болуы керек
деп топшылаймын. Уақыт өте келе денезор (динозавр) секілді алып
жануарлар, самұрық секілді алып құстар тып-типыл жойылып кетсе де, сөз
қалған. Біздің бабаларымыз денезорды да, піл мен зілді де, дүрді де өз
көздерімен көрген болуы керек. Көрмесе, білмесе, атам заманнан жеткен
сөздер қазіргі қазақ тілінде қолданысқа түспес еді ғой.





Пікір жазу