18.02.2022
  371


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы

Теледидардан тіл ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті қазақ
ғалымы туралы хабар жүріп жатыр. Әкесі туралы ұлдары мен қыздары орыс
тілінде сұхбат беріп, оны тілші қазақ тіліне аударып, диктор қазақ
көрерменіне аударып беріп жатыр. Бұл не деген сұмдық?!
Бірақ, осы көріністі күнбе-күн көріп жүрміз. Шенеуніктерді былай
қойғанда, ана тілі арқылы күнін көріп жүрген ғалымдардың балалары, ақынжазушылардың балалары, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің
балалары орыс мектебінде оқиды, орыс тілінде сөйлейді, немерелері шет
мемлекетте оқиды, шет тілінде емін-еркін сөйлейді. Соған ата-анасы да мәз,
өздері де мәз.
Сол теледидардан тағы бір тілшінің «көңіл айтуды білдірді» деген сөзін
естідік. Орыстың «выражаю собелезнование» дегенін аударған түрі. Мына
қалыппен мемлекеттік тілді түгел меңгеруге тағы бір ғасыр керек болатын
шығар.
Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы. Сөз жүзінде қазақ
тілін дамытайық деген қайраткерсымақ іс жүзінде ана тілін өзге тілден кем
көрсе жағдай қайдан түзелсін?! Сөзі басқа адамның ісі басқа болған соң
олардан қандай үлгі-өнеге алуға болады?!





Пікір жазу