18.02.2022
  272


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тиын мен теңге

Бір отырыста жүз теңгелік Тиын мен он мыңдық Теңге сөзге келіп қалды. Отырысты жүргізіп отырған Тиынның: «Теңге тиыннан құралады», — деп сөз бастауы Теңгеге жақпай қалды.


— Əй, балақай! — деді ашуға булыққан Теңге. Мына сөзді менен басқа ешкім естімейтін болсын. Дүкендердің сатушылары алдымда құрақ ұшады. Тіпті, Банктің өзі мені құрметтейді. Сонда сен өзіңді кіммін деп білесің.


Тиын да бірбеткей еді.


— Ағатай-ау! Тиын болмаса, сіз екі аяғыңыз аспаннан салбырап түстіңіз бе? — деп еді, Теңге тіпті құтырынып кетті.


— Мен баспахана бояуы əлі кеуіп үлгермеген Теңгемін. Судай жап-жаңамын. Мен байлардың жанқалтасында жүремін. Сен болсаң, қайыршының дорбасында жүресің.


Тиын не күлерін, не жыларын білмеді.


— Менен атағыңыз басым болса да, құныңыз көп болса да, Сіз еуро мен доллардан аса алмайсыз ғой, — деп еді.


— Жə, тіл мен жағыңа сүйенбе. Қазір менің дəуренім. Ал сенің қолыңнан шылдырлағаннан басқа не келеді. Көп болса дүкеннен шырпы немесе сағыз алуға ғана шамаң келер, — деді Теңге.


— Ұсақ ірі болмайды деп ойлама. Алыптар майдаланбайды деп ойлама, сіздің түбіңіз қағаз, менің түбім қалайы, — деді Тиын. Теңге аузын аша алмай қалды. Тиын болса:


— Тиын ауыр ма? Теңге ауыр ма? Теңгені тиынға айналдыру оп-оңай. Тиыннан теңге жасау қиын. Ұсақталу  оңай. Ірілену қиын. Ұсақ-түйекті ұсақ ақшаға да сатып алуға болады. Тиынды жақтырмасаң, теңгең көбеймейді. Тиыннан теңге құралады. Теңге тиын болмаса суалады, — деп бастырмалатып барып тоқтады.


Талас соңы не болды дейсіз бе? Теңге де тозды. Ақыры жыртылды. Тиын болса озды. Жылдар өткенде мұражайдан орын алды.





Пікір жазу