18.02.2022
  188


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жүрек жырлары

Фариза Оңғарсынова қазақ поэзиясына ойнақы да, жалынды, батыл да адуынды жырлармен келген еді. Не жазса да, бар ет-жүрегімен елжіреп, сезімге беріліп, тебіреніп жазатын ақын алға қойған мақсатынан ұзақ жылдар бойы таймай келеді. Ақынның былтырғы жылы ғана «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Мен сенің жүрегіңдемін» деп аталған жаңа жинағы да замана ұлылығын, дәуір келбетін жырлаған шуақты жырларға толы. Кітаптан, ең алдымен, автордың терең патриоттық сезімі, ақындық тебіреністері атойлап көзге түседі.


Бүгінгі дала бейнесі, жасарған ауыл, жаңарған өлке, туған жер топырағында тер төгіп жүрген еңбек өрендері ақын жырларына алтын желі болып тартылған.


Қатыгез дала жасарса —
көлгірсу емес, көнбістік те емес бұл тағы,
далаға туған әділетті күннің нұр-таңы.
Жасампаз қолдар жаңғыртып жатса не дерсің,
алтын дәндерден тау жасап әрбір қырқаны.
Қазақтың қайсар даласын бүгін анам деп
жастық жүректер жылытады.
Тарихтың тылсым таңдарын қайта түлеткен


ғаламат мынау заманның жарқын ұрпағы, — деп толғанады ол. Бір ғажабы, формасы да бөлек, ырғағы да ерекше осы жыр құлаққа тосын естілмейді, тас бұлақтың сарқырап құйылған суындай сыңғырлап, жан-жүрегіңді баурап алады. Ақын қаламының құдіреті жырмен бірге ойлантады, бірге толғантады.


Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халық қасіреті мен айбынды ерліктері жайлы сөз қозғағанда, ақын үні тіпті айбарлы естіледі. Ел қайғысын өз қайғым деп түсінген ақын бүгінгі ұрпақтың ақ тілегін білдіреді. Әсіресе, соғыс өртін бастан кешпегендер мен соғыс қасіретін тартпағандарға арналған жырлар алапат қырғынға қарғыс айтып, бейбітшілік туын көкке көтереді, қанды соғысқа адамзат атынан әділетті үкім шығарады.


Бірақ, бірақ сенем мен:
түбі шындық қалмайды тасаланып,
әділ күннің сәулесін шашары анық.
Қан жұтқандар жүрмейді басып өктем,
келеді, рас, ол жеңіс қасіретпен,
құрбандықпен... талайдың шашы ағарып,
жауап береді ол сұмдар ар алдында.


Фариза творчествосында өзгелерге ұқсамайтын ерекше өр екпін, асау сезім тасқыны бар екендігі баспасөзде айтылып жүр. Расында да, біз сөз етіп отырған кітаптан да осындай өр мінезді жырлар жиі-жиі ұшырасады. Бірақ, бұл өлеңдер тек адуындығымен, асқақтығымен ғана ерекшелене ме? Жоқ, әрине. Бұған қоса Фаризаның әрбір лирикалық жырында терең ой мен мазмұн астасып жатады, қызға тән паң қылық қылаң береді, шаттығымен елтітіп, мұңымен еріксіз ашындырады. Оқырман әр шумақты оқыған сайын автормен бірге қуанып, бірге күйзеледі. Өйткені ақынның оқушыдан сыр бүгіп қалған жері жоқ. Нені айтса да, жеріне жеткізе, сөзін өткізе айтады. Мәймөңкесіз, бүкпесіз жырларды тебіренбей оқу мүмкін емес.


Жинаққа шығыс сапарынан туған бірқатар өлеңдер енгізілген. Стамбул мен Александрияда да, Иранда да әділетсіз капиталистік қоғам қайшылықтары ақын көзіне бірден түседі. Бұл циклда жазылған өлеңдерінде ол поэзиядағы прозалық тәсілдерді шебер қолданады. Әрбір жырын қара сөзбен бастап, ақындық тебіреніспен аяқтайды. Мына бір суретті көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші: Александрия базары дуылдап тұр. 12-13 жасар бала мес қарын саудагердің алдындағы қуырған құс етіне тарамыс қолдарын соза беріп еді, анау бірден байқап, жиіркенішпен итеріп жіберді.


Құлап жатқан баланың көзінен ақын мынаны оқиды:


Не деген пасық едіңдер,
жанымда үміт, сенімдер түгесілгенде,
лақтырып тастап кеттіңдер күресін жерге.
Сендерден байлық сұраман өліп кетсем де,
алтындарыңды алмаймын төгіп кетсең де —
мейірімге ғана мұқтажбын.
Білесіңдер ме?


Кітаптағы мәңгі өлмейтін тақырыпқа арналған махаббат лирикалары ақынның жан-сезімін алдымызға жайып салады. Бұл жырлар — кіршіксіз көңіл сырлары.


Сен мені аялайсың, білем, құрбым,
туады қол ұстасып жүрер бір күн.
Қиналсам, тек өзіңді еске аламын
(ал менің тірлігім де кілең кірбің),
сен тездеп келу үшін құтқаруға
туса деп қиын сәттер тілеп жүрмін.


Сезім пернесін дәл басып, жүрек сырын қозғаған назды жыр бойыңа шым-шымдап тарайды, таңдай қаққызып бас шайқатады. «Менің де көкейімде тұрған ой еді» деген сөзді еріксіз тіл ұшына оралтады.


Ақын жыры — оның өмірбаяны, жан сыры. Жүректен шыққан жырлардың жүректерге жол табатынына біз де сенімдіміз. Шабыт кұсың шарықтай берсін, Фариза ақын!


Қостанай. 1985 жыл.





Пікір жазу