АҚ БАЛЫҚ
(баллада)
Дүние жаралғаннан тұрақтанып,
Екі тал еншісіне құрақты алып.
Түбінен сексеуілдің үй тұрғызып,
Балалап жатыр екен бір Ақ балық.
Үш жүз жыл табылмаған күнде барып,
(Айтатын ол жұмысты кімге барып?)
Ақпанның көгорайлы ортасында,
Арнайы іздеп таптым түнде барып.
Жүргенде жүрісіне жан жетпейді,
Жеп қояр кəріне алса кəндектейді.
Қолыма қызыл құман сыбызғы алдым,
Өйтпесем,
«Миллион метр ары кет» дейді.
Сосын мен əндетемін демімді алмай,
Əйтпесе бұл тірлікте кемім бардай.
Ақ балық ұйықтайды екен əнге ұйып,
Жақындап арманымдай менің балдай.
Құм үсті гүлге оранған дала қандай,
Аққуы жəрмеңкеден таралғандай.
Сондағы Ақ балықтың үлкендігі,
Кəдімгі үйде жүрген тарақандай.
Құмды жеп, қурай жұтып күнелтеді,
Тіршілік қамын жасап күні ертеңгі.
Аралап күнге барып таңдап алған,
Көреді көлден артық бұл өлкені.
Көздері баласының ашылмапты,
Көтереді бақырдай басын жақсы.
Бауырында Ақ балықтың емшегіне,
Сан жетпей бес жыл бойы басым қатты.
Қарасаң, көз алмайсың күндіз жай кеп,
Ал түнде жалтырайды құндыздай боп.
Баласы Ақ балықтың жыбырлайды,
Самсаған түнгі аспанда жұлдыздай боп.
Бастары баласының егіз екен,
Санасаң – аяқтары сегіз екен.
Біреуін қызылсырап сойып едім,
Бордақы сиырдан да семіз екен.
Жүк болды бүйрек майы он арбаға,
Төс майын азық етті тамам қала.
Көз майы – елу шелек,
əр адамға,
Жетеді жүз мың жандық сол ортаға.
Шарбысы – аспандағы ақша бұлттай,
Салмағы келді алты мың ақ сандықтай.
Осындай семіз балық көргеніме,
Алмадым жүз жыл бойы жатсам ұйықтай.
Үстіне артып мұны камбаланың,
Айғырын ұстап мініп қандаланың.
Апарып көкбазарға
əр қадағын,
Сатқанға мың доллардан таңданбағың.
Осылай бастадым да бизнесті,
Мынандай кезіктірдім қызық істі:
Америка мүлдемге долларсыз қап,
Сұп-суық жоқшылықтың мұзы қысты.
Пайдасын Ақ балықтың байқадың ба?
Алтын боп өзі түсті Ай қабыма.
Президент шартын жасап өзі келді,
Долларын қарыз алып қайтаруға.
Бизнесті күн істедім, түн істедім,
Байқады барлық əлем кім іскерін.
Президент қабылдады алған шартты,
Жерлерін қайтаруға Үндістердің.
Осымен,
Өтті талай күндер көші,
Терек боп тас бетіне гүлдер өсті.
Президент Жарлығымен
Бұдан былай,
Аталатын болды АҚШ – Үнді өлкесі.