БЕЗГЕЛДЕК
Балық аулап Емілден,
Келе жатыр едім мен.
Қайшылаған құлағын,
Астымда көк құнаным.
Жорғалайды,
Желеді,
Желдей есіп келеді.
Ауыздықпен алысып,
Қалды қолым қарысып.
Ол асықса үйіріне,
Мен асықтым үйіме.
Үсті-басым су болып,
Ұзақ күнге су сорып.
Шаршадым да терледім,
Босаңсып сыр бермедім.
Қарным ашқан кезінде,
Қарауытты көзім де.
Осылайша Емілден,
Келе жатыр едім мен.
Қамшы сілтем қасымнан,
Шилеуіт дөң басынан.
Бір Безгелдек жалп етті,
Құнан үркіп жалт етті.
Əсерінен осының
Менде қатты шошыдым.
Жүрегім де зу етті,
Өне бойым ду етті....
Қанаттарын сабалап,
Қалың шөпті паналап.
Ақшыл сары құс алдан,
Сияқтанды тұсалған.
Қуып едім мен оны,
Ұшып ала жөнелді.
Жер бауырлап
алдымнан,
Ұзамады.
Қалдым таң!
Дəме қылып жетем деп,
Қуа бердім тепеңдеп...
Қарным ашып, шөлдеген,
Шаршағаным меңдеген
Кездерімді ұмыттым,
Құстан болып үмітім.
Сияқтымын қоймайтын,
Ұстап алуды ойлаймын.
Болдырыпты құнаным,
Тер де басты құлағын.
Артса да оған аңсарым,
Өзім қатты шаршадым.
Біраз жерді басқанда
Бір талай бел асқанда,
Бұл безгелдек
бір сəтте,
Ұшты шырқап аспанға.
Сонда алданғанымды,
Біліп.
Соқтым санымды.
Сөйтсем менен
ол жақсы
Жұмыртқасын қорғапты.
Ұстаймын деп жүргенім
Бос əуре екен – білгенім.
Білдім сырын кейіннен,
Ұқтым сырын зейінмен.
Ол ұясын қорыпты,
Мен бұзар деп ойлапты.
Аса сақтық етіпті,
Ұясынан аулаққа
Мені алып кетіпті.
Оны білсем бұрыннан,
Болмас едім ұрынған.
Содан бері құстардың,
Сырына артты құштарым.