САЯЖАЙДАҒЫ ЕСКІ ҮЙ
Сұрықсыз сондай кескінмен,
Саяжайда ескірген.
Бір Үй тұрды жабырқап,
Қалғандай-ақ көшкіннен.
Алмаағаштары бұталған,
Алмұрттары оталған.
Алшасы мен алхорын
Ақы иесі қотарған.
Қарғалар мен сауысқан,
Ұшып келіп алыстан.
Шықылықтап, қарқылдап,
Осы Үйде табысқан.
Ағаштардан шашылған
Жапырақтар жаншылған.
Күрең күз келіп бұлттардан,
Көз ашпады тамшыдан.
Байқап көріп өрісін,
Жалғады кеп қол ұшын.
Су шыққандай орнынан,
Ауыстырды қонысын.
Ақырындап «жаяулап»,
Басқа баққа аяңдап.
Ауыстырды іргесін,
Басқа жаққа таяулап.
Көрі жақын төрінен,
Тұрғандай-ақ көрінген.
Еңсесі түсіп əлгі Үйдің,
Зерікті тұрған жерінен.
Терезесі – көздері,
Күлімдеген сияқты.
Сықырлаған сөздері,
Көңілденген сияқты.
Үйге ғана белгілі,
Жұлқылады жел мұны.
Таспен ұрып балалар,
Там төбесін толтырды.
Үлкені де, кіші де
Ойнақтады үстіне.
Табылмады бұл үйге,
Жаны ашитын кісі де.
Дəлізіне күл үйді,
Бөзек қылып бұл үйді.
Құс қонақтап саңғырып,
Үсті-басы құриды.
Босағасын опырып,
Терезесін соқыр ғып.
Жүрді тентек балалар,
Дəретке де отырып ...
Егеуқұйрық басынды,
Салды келіп асырды.
Тəкаппар Үй бір кезгі
Жүдеп қатты жасыды.
Соққы қылды тастарды,
Зиян қадам бастады.
Жаңа жұрттың иесі,
Көзге түртіп жасқады...
Үңірейіп тесігі,
Сынды бүтін есігі.
Жапсарынан су ағып,
Дөдегесі тесілді ...
Қопарылды қапталы,
Құмырсқалар қаптады.
Қабақ түйіп тұрған бақ,
Бірауыз сөз қатпады.
Үйдің құрып амалы,
Көрді қорлық табаны.
«Өз бағыңа тез қайт», – деп
Дəу теректер сабады...
Бұрынғы көк майсалы,
Орнына Үй қайтады.
Орныққан соң жақсылап,
Жайлылығын байқады.
Ақы иесі бірден кеп,
Айқайлайды күйбеңдеп.
– Мен жоқта неге кеткенсің,
Бұлай енді жүрме? – деп.
Кейпіне қарап Ескі Үйдің,
(Таңғалды көріп кеспірін).
– Өз жұртыңа теңеме
Өзге жұрттың ешбірін.
Артық көрме тегінде, –
Деді Иесі егіле.
Жайылып Жер боп теп-тегіс,
Мейірім боп кетті төгіле.
Шуағы болды көкте күн,
Орнатты мезгіл көктемін.
Сəулесі болды түнгі ойдың,
Көрсетті самал өкпегін.
Іргетас болып қаланды,
Босаға болып жаңарды.
Терезе болып жарқырап,
Көрсетті айқын даланы.
Едені болып сырланды,
Есігі болып қырланды.
Жапсары болып жөнделіп,
Жағылып шам боп нұрланды.
Кірпіші болып қаланды,
Салтанат құрды алаңы.
Кескіні кеткен бір кезгі,
Ескі Үй сөйтіп жаңарды.
Өткен-кеткен бала да,
(Өтсе де күндер арада).
Тиіспеді ешбірі
Ескі Үй түсті жаңара.
Түзу шығып түтіні,
Жаңаланды мүсіні.
Өз жұртының қадірін,
Енді біліп түсінді.
Өз жұртынан ешқандай,
Көре алмайсың басқаны.
Өз орнында тұрғанда,
Өрмекші де өнерлі.
Қызықтырған əлемді,
Жануарлар əлемі.
Бізге жақсы əңгіме,
Білсек оны əдемі.