15.02.2022
  108


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖАСАУЫЛДАРДЫҢ ИНАРАНЫ ІЗДЕУІ

– Аттанайық, іздесек!
– Оны қайдан табамыз?
– Инара атты қыз көрсек,
Жағдайды айтып аламыз.
– Инара атты көп болар,
Қайсысын кеп күштейміз?!
– Ондай есім жоқ болар?
– Сонда немене істейміз?!
– Сандырағын тышқанның,
Мақұл көріп сенеміз –
Адамбыз ғой!
– Күш мəлім.
Еріксізден көнеміз.
Осылайша аттанды,
Орындауға хабарды.
Ормандарды, бақтарды
Аралады, ақтарды.
Курзем менен Видземе,
Латгала мен Земгала.
Финур жақтан іздеуге,
Бел байлады ел бола....
Апта өтті, ай өтті,
Талай жерді арылтты.
Адыр асып, сай өтті....
Іздеушілер тарықты.
Арыды əбден құр ат та,
Тиіп жүріс кесірі.
Сұлулар көп,
бірақ та
Инара емес есімі.
Сосын осы маңдағы,
Жасауылдың батыры.
Бес сұлуды таңдады,
Бес тайпадан ақыры.
Сөз бойынша тоқталған,
Сұлуларды жеткізді....
Тобырымен топталған
Бесеуін де жеп тынды.
– Инара емес аттары,
Сүйгенім жоқ бұларды, –
Деді айқайлап патша əлгі,
Болмаған соң құмары.
Бірі шошып тұр еді,
Бірі қызды ыза боп.
«Мазақ қылды-ау бір өзі,
Беріп жүрсек қыз əкеп»...
Жасауылдар қызынды,
Жаушыларға бой бермей.
– Болыңыздар төзімді!
Тоқтатты əзер «қой, қой» деп.
..........................................
Аралап бұл өңірді
Таба алмадық сүзіп ел.
Орманда өткен өмірі,
Орманшының қызы ол.
Енді ұғынды шетінен,
Берзинш1 қарт екенін.
Бұрып алып бетін оң,
Тапты дереу мекенін....
Қалың қасты, қабақты
Қарт ағынан қарсы алды.
Келген қару-жарақты,
Жеткізді ойын баршаның.
Сиқырлы күш болғанын,
Тартқандығын азапты.
Құрбан болып қол қалың,
Көргендігін мазақты.
Бəрін айтты жасауыл,
– Ойланайын үш тəулік.
Ақылдасып қызыммен...
«Немересін тышқан ғып,
Кім шыдайды төзіммен»...
Ой дауылы ұласты,
Ұйқы көрмей күні-түн.
Қызыменен сырласты,
Құрметтеп үмітін.
Сонда аққайың тербеліп,
Орманшыға ой салды.
«Сиынатын ел келіп,
Еменге2 бар байсалды.
 Көпті көрген еменге,
Көңіл күйді тыңдатшы?
«Тамырындай тереңде,
Ақыл қосар қымбатты».
Қарт бұл сөзге иланып,
Барды емен басына.
Жүргендігін қиналып,
Алмады енді жасыра...




1 Ежелгі латыш халқының ұлттық аты


2 Емен – Балтық жағалауындағы елде мықтылық пен батырлықтың символы.





Пікір жазу