Ана туралы шығарма
"Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең, дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды", - деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай бұл өмірдің мәні де, сәні де аяулы аналарымыз. Сондықтан мейірім шуағын төккен абзал жандардың мерекесіне орай студент жастардың жүрекжарды жазбаларын назарларыңызға ұсынбақпыз.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды». Расында да, анамыз барда жасымыз жүздің асуынан асса да, өзімізді әрқашан бейкүнә сәбидей сезінеміз. Небары үш-ақ әріптен құралған сөзде қаншама мән-мағына жатыр. Түн ұйқысын төрт бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, әрдайым баласы үшін шыр-пыр болып жүретін анамыздың жұмақ иісі аңқыған, балдай тәтті ақ сүтінің алдында мәңгілік қарыздармыз. «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаңда ақ сүтін ақтай алмайсың» деген халық даналығы бұл сөзімнің айғағы болмақ.
Ана жайлы ойыңды айтып тауысу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген құрметі, махаббаты шексіз. "Анаңның ақылы жүздеген ұстаз, мың сан мектептен артық тәрбие", - деген ұлағатты сөз бекерден бекер айтылмаса керек. Себебі, қандай тәлім–тәрбие беріп, сені алтын мен аптап, күміспен күптеп қойса да, анаңның берген ақылы мен жылы алақанына ештеңе татымайды. Қорыта айтқанда, барлық адам баласы ана алдындағы перзенттік парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі, ең бақытты адам – анасы бар адамдар. Сондықтан да сіз амалдарыңыз жазылған жеке кітаптың авторысыз. Кітабыңыздың ұлы сот күні оқуға тұрарлық екеніне көз жеткізіп, ана - бақыт деген кітаптың бірінші парағы екенін ұмытпағайсыз. Себебі, Пайғамбарымыздың өзі, "бірінші анаңды, екінші анаңды, үшінші тағы да анаңды сыйла" деген екен.
Қуаныш Жағалбаева