14.02.2022
  194


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҚАЗАСЫ

Көктем келді,
Алды жаз,
Ұя салды қарлығаш.
Көз тартатын қараса,
Ұясы оның тамаша!
Əдетінше күндегі,
Жұмыртқалап жүрді енді.
Күншілдікпен тыртысқан,
Торуылдап бір тышқан.
Қулық ойнап өзінше,
Қарлығаш жоқ кезінде.
Жұмыртқасын ұрлады,
Зытты ініне қырдағы.
Мұнан кейін аңырып,
Іздеу салды дал ұрып.
Ұябасар қарлығаш,
Жанарына алды жас.
Жоғын іздеп жан салды,
Айналаға жар салды...
Аралады бақтарды,
Анықтады қатпарды.
Ауыл-аймақты ақтарды,
Əлектенді, таппады.
Қанатынан жел есті,
Кезді талай белесті.
Асты асқар таулардан,
Ұшты орман-баулардан.
Өтті өзен,
Көлдерден.
Қызыл құмды шөл жерден...
Болса да іздеп,
баққаны,
Бірақ жоғын таппады.
Ұябасар қарлығаш
Жанарынан тамды жас.
 * * *
Болмайын деп босқа тер,
Жаңағы сұм қаптесер.
Ойы ауып сұмдыққа,
Салды ұяға жұмыртқа.
Істеген ол лаңның,
Жұмыртқасы жыланның.
Бауыры ақ, талдырмаш,
Оны көрген қарлығаш.
Қуанды кеп алданып,
Бауыр басып малданып.
Басты өксігін қайтадан,
Жырға басып майталман.
Тау көрінді сонша ақ боп,
Тас көрінді моншақ боп.
Кетпегендей маза көп,
Батпақ жатты таза боп.
Көңіл деген құрғыр-ай!
Көкек даусы бұлбұлдай.
Көрші, кəне, күлмей тек,
Тұрса шеңгел гүлдей боп.
Қуанады балаша,
Болды айнала тамаша.
Ұябасар қуанды,
Шырқап бойда тың əнді.
Жоқ нəрсеге алданып,
Жұмыртқаға малданып.
Мамық жүнін түлетті,
Күн артынан күн өтті...
* * *
Күні толған кезінде,
Ұқсамайтын өзіне.
«Балапанын» шығарды,
Тышқан оған қуанды.
 Ысылдайды иіріліп,
Тар ұяда жиырылып.
Басын алға созбайды,
Айыр тілін қозғайды.
Шуда жіптей шұбалған,
Аумай қалған жыланнан.
Мұны көріп қарлығаш,
Көздеріне алды жас.
Зəресі ұшып қорықты,
Тағдырынан торықты.
Жайды айтуға қауіпті,
Тапты досы Дəуітті.
Дəуіт ұғып мəн-жайын,
Қақты жиі таңдайын.
Ұққаннан соң бəрінде,
Мінді ашу кəріне:
– Не қылған сен аңқаусың,
Керек еді аңдауың.
Жұмыртқасын жыланның,
Неге басып шығардың.
Көзін оның жоймасаң,
Түбі – қауіп, ойласаң.
Қарлығаш: – Сен, шошыма, –
Деді, Дəуіт
досына.
Қарлығаш көп ойланды,
«Балапанын» жоймады.
«Батырып күн,
Атырып сүт май таңын,
Жұмыртқадан шайқадым.
Қызуы өтті денемнің,
Не болсада көнемін.
Іштен шыққан жыланым,
Ажалға қалай қиямын?!»
 Осылай ол берілді,
Көл-көсір боп пейілі.
Талдырғанша қанатын,
Асырады «баласын».
Кезіп саймен белесті,
Қанатынан жел есті.
Асты асқар таулардан,
Ұшты орман-баулардан.
Өтті өзен,
Көлдерден,
Құлазыған шөл жерден.
Күннің білмей батқанын,
Азық етіп тапқанын.
Асырады «баласын»,
Талдырғанша қанатын.
... Шыбын,
шіркей,
көбелек...
Ас болмады.
Не керек.
Күннен-күнге барады,
Ашылып сұм араны.
Əдетінше біргүні,
Жем əкеліп ұмсынды.
Сонда жылан «анасын»
Жеммен қоса қылғыды.
Ұябасар осылай,
Кетті ортаға қосылмай.
Дəуіт естіп бұл істі,
Жыланға қарсы кірісті.
Ұшып барып ұяға,
Қарлығаш боп шақырды.
Ол ысылдап шыққанда,
Қанжар болып атылды...
Көзіне қан құйылып,
Жылан қалды жиырылып.
 Осыменен бітті іс,
Өтті көктем,
Өтті қыс ...





Пікір жазу