МҰЗҚАЛАШЫҚ
Ақ қылышын қолына алып қыс келді,
Айналам кең аппақ болған түске енді.
Денесі – мұз,
Демі – үскірік, сұп-суық,
Қыс дегенің сары аяздың іскері.
Өзгеріс көп ол келгелі қаламда,
Өзгеріс көп доп ойнаған алаң да.
Тал да, шөп те көктеместей болыпты,
Қанат берді мұз бенен қар шанама.
Қар дегенің қонып апты аппақ боп,
Шуақты күн шығар болса аптап боп.
Жылан көзбен бедірейіп қараған,
Қатқан мұздар,
Тұрар еді сатпақ боп.
Суық қысты тоңып жүріп қарсы алдық,
Сырғанаққа бару үшін жар салдық.
Аукентайжан
Кеңкебайға барды да,
Жаңалықты айтты дерсің соншалық.
– Барар жерге жасалыпты жол жақсы, –
Деді дағы қолына алды қолғапты.
– Əлгі біздің ойнайтұғын алаңға,
Кəдімгідей мұз қалашық орнапты.
Бірақ, бірақ тоңасың сен қалтырап,
Шаршайсың да шалдығасың самтырап.
Жай күндері ойнайтұғын кең алаң,
Мұзайдын боп көз тартады жарқырап.
– Қойшы, рас па?
Жер еді ғой лайсаң?
– Сəулетіне таңғалдырған.
Шын айтам.
Бала достар осылайша қуанып,
Желбіретті көңілінен ту алып.
Қабат-қабат биік үйлер салынған,
Бақтары бар жасалған мұз талынан.
Баспалдағы,
Терезесі, барлығы,
Шеге болып қатқан мұздан алынған.
Бұғылардың,
Аюлардың бейнесі,
Сиырлар мен жылқылардың бейнесі,
Сілеусін мен
Қасқыр,
Түлкі,
Тиіннің –
Суреттері мұз боп көзге келеді.
Таулар менен Ескерткіштер мұз боп тұр,
Қарайтындай жақпар тасы мұз боп құр.
Дүкендер де жасалынған жаңадан,
Мұздай көз бен мұздай бетті іздеп тұр.
Жылтырайды жылылық жоқ түсінде,
Күлмейді де, жыламайды кісіге.
– Тартпаса екен суықтығы, – дедім де
Таңғалыспен қарай бердім мүсінге.
Суықтығы өңменіңнен өтеді,
Шыңылдатып жібереді шекені.
Көңілің де, көздерің де жетеді,
Көрініп тұр мұзқалашық екені.
Самырсындар,
Аққайыңдар дегенің,
Қуатымен тұр ғой сол бір шегенің.
Төрт түліктің төлдері де байланған,
Бойында тұр сол бір мұздай көгеннің.
Қандай ғажап шеберлікпен жасалған,
(Тастай қатып мұздан ғана қашалған).
Қолдарында болат балта, балға бар...
Қазағымда ісмерлік бар қашаннан.
Мұзқалашық өз тілімен сөйлейді,
Құлағына таратады күй «гөй-гөйді».
Қызықтырып ойнатқанын білсең ғой,
Құмары артқан сендей менен мендейді.
Аукентайдың бойы ұзын сорайған,
Таба алады табан асты қолайлы əн.
Оны алдау мүмкін емес
тегінде,
Алданасың, қалады артта ол айлаң.
Аукентайға
«Кеттік!» – дедім ым қағып,
Бұдан кейін құр таңданып тұрмадық.
Қолшананы қолға алып зырладық,
Қалатындай бірдеңеден құр қалып.
Оның көңілі досқа адал, ақжарқын,
– Сырғанағы жақсы, – деді:
– Ар жақтың.
Сырғанады.
Соңынан мен қалмадым,
Жел ұшырған сықпытындай қаңбақтың.
Ойын қызды.
Тептік келіп конькиді,
Өрнек жасап қалашықта əрқилы,
Арандай боп аузын ашқан мұз-балық,
Көздерінің болдық біздер жарқылы.
Мұзқалашық көшесінде зуладық,
Екі жұлдыз болып алып тұрмадық.
Шынында біз жерде емес,
Аспанда
Жүргендейміз.
Қызықтаумен жүр халық.
Қанат жайған Бізден басқа өзге елге,
Бұл құбылыс көтерілді тез Белге.
Келбет тапқан мүсіншіден Қалашық,
Сондай сұлу көрінеді көздерге.
Алдымыздан ештеңеге соғылмай,
Жайнадық біз тобылғының шоғындай.
Тұрмадық біз,
Зуладық біз.
АтылғанСарбаздардың садағының оғындай.
Ойын қудық.
Биік-биік көкке өрлей
(Қызықтардың қызыл бетін өпкендей).
Аяқ асты күн жылыды...
Мұз еріп...
Сол ойынды болдық қуып жеткендей...
Аппақ болып қалғанында көл жүдеп,
Төнді шуақ «кезектерім келді» деп.
Мұзқалашық өзегінен мұжылды,
Мұз-кірпіштер тамшы болды мөлдіреп...
Қолымызға келгендей-ақ ту қонып,
Тайбурылға мінгендей-ақ гуледік.
Аз уақыт көріктеніп тұрғанмен,
Мұзқалашық ақты арықта су болып....
Ащы болып қызықпайық балына,
Жабыспайық асау тұлпар жалына.
Сұлулықтың керегі жоқ екен-ау,
Суық болып тұрған кезде жаныңа.