14.02.2022
  194


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БІЗДІҢ БАУКЕҢ

Тəттілік бар тілінде,
Сөйлегені сүйкімді.
Томпаң қағып жүгірсе,
Келтіреді күлкіңді.
Біздің Баукең ақылды,
Бірталай кез ойнаттық.
Біледі алыс-жақынды,
Қара көзі ойнақшып.
Кітап бетін жыртпайды,
Мысығын да ұрмайды.
Суықта үйден шықпайды,
Əже сөзін тыңдайды.
Біздің Баукең ақылды,
Жанарында күлкісі.
Тез айтады «мақұлды»,
Жұмсай қалса бір кісі.
Біздің Баукең ақылды,
Өтірікті ұқпайды.
Мінезі де сабырлы,
Суықта үйден шықпайды.
Ойыншығы – достары,
Толып жатыр үйінде.
Атасы да қостайды,
Көңілді ойнап жүруді.
«Гүрілдесе» аюы,
«Мияулайды» мысығы.
«Зырылдаса» қайығы,
«Шəу-шəу» етер күшігі.
«Га-галаса» үйрегі,
Күлкіге бір тояды,
Қолына əбден «үйренді»,
Кеше əкелген қояны.
 Біздің Баукең ақылды,
Айтқаныңа көнеді.
Кісі алдында батылды,
Əн де айтып береді.
Ойына алса ол сірə,
Жетпей іске тынбайды.
Шертілсе егер домбыра,
Монтия қап тыңдайды.
Біздің Баукең ақылды,
Жұмсай қалса көнеді.
Жаттап алып өлеңді,
Жақсы айтып береді.
Сол үшін де əжесі,
Мəнпаси ап береді.
Немересін осындай,
Кімдер жаман көреді.





Пікір жазу