ҚАЙРАН МЕНІҢ, БАБАМ-АЙ!
(Терме)
Құрық ұстар қолына,
Қара тамақ найза алған.
Күміс кісе орнына,
Қорамсақты байланған.
Түлкі тымақ орнына,
Киген болат дулыға.
Елің үшін қайғырып,
Іштің ойдан уды да.
Міндің дүлдүл ақ боз ат,
Үйірінен тұлпардың.
Адырнадан атқан оқ,
Ақты алдында сұңқардың.
Астындағы арда емген,
(Аңызына қанып ек).
Самсап келген сар қолмен,
Сайыс салған сан рет.
Күндіз күлкі көрмедің,
Түнде ұйқы көрмедің.
Боз қалмақпен соғыста,
Бөрідейін өрледің.
Ел тілегін тілек қып,
Еңіретпеуге жастарды.
Ер намысын жүрек қып,
Ер боп қимыл бастадың.
Бір күн өтсе алмалап,
Тағы да ауыр Күн туды.
Қорамсақтан алған оқ,
Қол күшімен шыңғырды.
Ойыңа алмай өлгенді,
Орап шаңға бөктерді.
Өзіңді атқан мергенді,
Өлтіргенше кектендің?
Егестерде тер төгіп,
Елге ғана иілген.
Есейген соң ер болып,
Езілгенге күйінген.
Найзагерді мақтатып,
Ақынға жыр оқытқан.
Қарғаларды қаптатып,
Ханның көзін шоқытқан.
Қайран менің, Бабам-ай!