14.02.2022
161
АЙГЕРІМ МЕН ҚУЫРШАҚ
Үйдің бір жақ бұрышына жайғасып,
Тыншымады тостағанмен шай тасып.
Апарады қуыршақтың аузына,
Қолына алып,
Құйтақандай шайқасық.
«Іше ғой» деп,
Əлсін-əлсін айтады.
Онан басқа толып жатыр айтары.
Еппен сонша тосқанмен аузына,
Оның мүлдем ішпейтінін байқады.
Шай төгілді.
Дастарқаны су болды,
Кептірем деп жайды апарып күнге оны.
Жиды ыдысын.
Қайта жайды реттеп,
Күйбеңдеумен босамады бір қолы.
Қуыршағы үндемейді ұрысса,
(Бұл істері шығар мүмкін дұрыс та)
Ештеңені ішпегені үшін де,
Қуыршағын тұрғызады бұрышқа.