14.02.2022
  146


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҚОС БОТАМ

Екеуің еректердің
ерегі едің,
Болғанда қос бұтағым,
Терегі өзім.
Тұрсыңдар жанарымда жанды тербеп,
Біріңді ұл,
Біріңді – қыз демеп едім.
Көңлімде сендер деген гүлдер өніп,
Көктемгі көкорайға күндей толып.
Көзімнің ағыменен қарасындай,
Жүрді əкең екеуіңді бірдей көріп.
 Арманға қолды созып келем күткен,
Шыңыма жетпесем де мен ентіккен.
Бойымды бекем ұстап жүре бердім,
Болмады күндерің де ренжіткен.
Ешкімге өкпемді мен білгізбеймін,
Қаншалық өткізсем де күн тізбегін.
Жеткізіп лауазымға қолдарыңды,
Сендерге машина алып мінгізбедім.
Сендерге пəтер де алып бере алмадым,
Өзіме-өзім еркін келе алмадым.
Заманның сайқалданған саясында,
Кекиіп жүремін деп мен алдандым.
Бұл күн де бірің – Əке,
Бірің – Ана,
Айтатын отбасында жырың жаңа.
Сонда да қормалың боп кете берем,
Бақыттың бастысы осы ұғынғанға.
Жастық шақ білгендерге əсем де əйбəт,
Жүріңдер бай болсаң да бəсеңдеп-ақ.
Сеніңдер өздеріңе.
Қазақ айтқан:
«Жоқ болса қолдарыңда, əкең де жат».
Ататын алдарыңда тұнық таң бар,
Осыны қабақ түймей күліп аңғар.
Екеуің болсаңдар да екі түтін,
Əкеңнің бір екенін ұмытпаңдар.
Ататын алдыңда əлі күліп таң бар,
Балдарым бастарыңмен мұны ұқ, аңғар!
Үйлерің екі бөлек болса дағы,
Əкеңнің бір екенін ұмытпаңдар.





Пікір жазу