14.02.2022
  165


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ƏН

(Əнші Күлмəн қарындасыма)
Лепесті қуаныштан алған қуат
Жанымда өршеленді жанған шырақ.
Құладын мекен еткен қу даладан,
Құлаққа əн келеді талмаусырап.
Бұйығып тербетілген бұтасында ай!
Қолыма тым ыңғайлы тұтатындай,
Қараймын ғашық көзбен қарсы алдыма,
Тауын асап,
Тастарын жұтатындай.
 Құбылып барған сайын əн ырғағы,
Қопсытты мұң-зарымды жанымдағы.
Қарады қарақұйрық естігендей,
Сексиіп сексеуілдің жанындағы.
Келемін олай тыңдай, бұлай тыңдай,
Боламын кейде жерге құлайтындай.
Өксиді ішін тартып өкпек желдей,
Əуезі тұншығады жылайтындай.
Өмірде бəрінен де қымбат өлең,
Сол əнді бар ынтамен тыңдап келем.
Артымда,
Алдымда да бұлт жоқ екен,
Жайдары ауа райы.
Күн жақсы екен.
Ылайым жатсын өстіп күн ашық боп,
Жайқалсын жол бойынан гүл ашып көп.
Арылып қасіреттен ару əндер,
Айтылсын бір-бірімен ұласып кеп.
* * *
Аталған соң сəби боп жақсы есіммен,
Арманым боп пəк самал жатты есілген.
Таттым алғаш өмірдің тəтті дəмін,
Мейірімді анамның ақ төсінен.
Атты таңым нұрланып,
Батты күнім.
Жылағанда жан анам
Қақты күлім!
Есім кірген кездерде
«Бөбегім!» деп,
Тіршіліктен ұқтырды
Тəтті ұғым!
«Апаладым» анамды,
«Апаладым!».
Олай етпей қалайша жата аламын.
Тəтті сөзін тілімнен білдірмесем,
Тəртібі жоқ бала боп аталамын.
 Тигізетін зиянын жас ғұмырға
Басқалардың байқадым қастығын да.
Ана тəрбиелеген
Ойларымды,
Келем айырбастамай
Ащы ұғымға.
* * *
Қардың суы сай-саламен кеткен соң,
Қарлығаштар аулымызға жеткен соң,
Жаным апам!
Ши тартуға шығушы ең,
Жазғытұрымғы жаңбыр жауып өткен соң.
Сары қамыстай шиді тартып жүргенің,
Əлі есімде.
Мен де бірге жүргенмін.
Қазір алыс болғанменен арамыз,
Өзіңменен өмірбақи біргемін.
Солқылдатып соқпағы көп даланы,
Сондағы айтқан
соны əуен əн əлі –
Жүрегімде.
Сол бір жуас өңірдің,
Ауасындай өн бойыма тарады.
* * *
Разия мен Күмісжан аналарыма
Екі ананы телі емгем,
Телқоңырмын.
(Ерсі болса кешірер елге мұңым).
Ақжілік боп өскенмін.
Сондықтан да
Соқпақ жолдай
Сүрлеулі жерде бүгін
Орғып жүрмін.
 Келіп бір күйіме тың,
Досым тұрмақ,
Қасымда сүйінетін.
Екі анамның мейірімі арқасында,
Емеспін еш жүрістен сүрінетін.
Тұяғыма тиген тас үгітіліп,
От шығады табаннан күлі шығып.
Аяқтатып қызықты бір сапарды,
Екіншісі басталды,
Күні шығып.
Екі ананың өсірген
Еркесімін!
Екі ананың бөліспес бөртесімін.
Жібек болып есіліп жел қалады,
Жұлдызы болып аққанда жер төсінің.
Екі ананы тел емген еркесімін.





Пікір жазу