meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  14.02.2022
  132


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

КӨРІНІС

Басылып оттай көзіме қыраттарым,
Құшақты айқара аштың сұлап бəрің.
Айрылған терегінен тегіс далам,
Көздерін шөп басыпты бұлақтардың.
Түйелер көрінбейтін енгенінде,
Сирепті шилерің де, шеңгелің де.
Құрыпты көкше қоян байғұстар да,
Айналып ит пен құстың жемдеріне.
Ормандай өскен жиде орны қапты,
Кім екен жүрегі тас, қолы қатты?
Айналып шұқанаққа шор-шор болып,
Ақ тұзды көл біткеннің соры қапты.
Бір кезгі қорыс-қопа қамыс та жоқ,
Сондайда жанады екен намыстан от.
Мал баққан, қора салған адамдардың,
Ішінде көне көзден таныс та жоқ.
Бұрынғы кең жайылым тарылыпты,
Күй келер құлағыңа зары мықты.
Шабындық бір кездегі
Шаңы шығып,
Бетіне «əжім» түсіп жарылыпты.
Тозған жер ере берсем жетегіңе,
Күйзеліп ұйқым қашар неше күнге.
Аққу, қаз жайылымы
айналыпты,
Күзен мен көртышқанның мекеніне...





Пікір жазу