14.02.2022
  133


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТУҒАН ӨЗЕН

Арнасында тасыған,
Су емес, күн. Сенесің.
Алты қырдың астынан,
Аққайың боп келесің.
Бастан кешкен өзімдей,
Баяндайды жол сырын.
Жас баланың көзіндей,
Жалт-жұлт еткен толқының.
Арқалықты алқалап,
Барлық бауырын бөктерлей.
 Арғы беттен арқалап,
Сəлемін алып жеткендей.
Егілдіріп кетесің,
Емілім-ау, Емілім.
Толқыныңнан өтетін,
Тобылғы өңді мен ұлың.
Құс жолындай шұбалып,
Құйқылжыттың маған əн.
Құлындарды суғарып,
Құрақ орғам жағаңнан.
Соқпағыңды тармақтап,
Араладым нуыңды.
Кендір баулы қармақты ап,
Кешкем талай суыңды.
Егілдіріп барасың,
Емілім-ау, Емілім.
Көрмей жүрген ағасын,
Көңілі жүдеу мен ұлың.
Сар далада балқиды əн,
Сағынышым – ақ нұрым.
Таңдайыма бал құйған,
Тамшы суың – тағдырым.
Сипау үшін басымнан,
Сыйын алып Жəйірідің.
Алты қырдың астынан,
Алақан боп жайылдың.
Егілдіріп барасың,
Емілім-ау, Емілім.
Көрмей жүрген анасын,
Көңілі жүдеу мен ұлың.





Пікір жазу